9.08.2017, 19:09
Оқылды: 18

Сайлау өтті: нәтиже қандай?

Облыс бойынша ауылдық округ әкімдерін сайлау 7 және 9 тамыз күндері өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов сайлаудың қорытындыларымен таныстырды.   


Оның айтуынша, сайлау 95 округ бойынша (90 округтегі әкімдердің  өкілеттік мерзімінің тоқтатылуына, 5 округте әкімдердің өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты) өтті. Ауыл әкімі сайлауына 289 үміткер тіркелді, олардың 279-ы сайлауға қатысса, 10-ы өз еркімен сайлауға түсуден бас тартты. Әр сайлау округінен бір орынға үш адамнан таласқан.

-Сайлау жұмыстарының алдын ала қорытындылары бойынша 95 әкім сайланды. Олардың 88-і, яғни 92,6 пайызы ерлер, жетеуі – әйел, 7,4 пайызды құрайды. Сайлау науқаны ережеге сай өтті. 45 күн бойы аудандық, қалалық сайлау комиссиялары жұмыс істеді. Облыста 151 ауылдық округ болса, оның тек 95-інде сайлау өтті, ал өзгесінде    ауыл әкімдері жаңадан сайланған,- деді Ғайса Қапақов.

Оның айтуынша, әкімдерді тиісті аудан, қала мәслихаттарының депутаттары таңдаушылардың отырысында сайлады. Облыс бойынша 169 депутаттың 150-і сайлауға (88,8 пайыз) қатысқан. Бөкей ордасы, Жаңақала, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында таңдаушылар түгелдей белсене қатысты. Сайлауға 24 млн. 201 мың теңге бөлінді. Әрбір ауылдық округке сайлау комиссиясымен 841 мың теңге, әр үміткерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге 67 мың теңге бөлінді.

«Белсенділік жоғары болды. Сайлау жақсы өтті. Мысалға, үш үміткердің бірі Шоқан Мұсағалиев 66 пайыз дауыс алып, жеңіске жетті. Екінші үміткер 33 пайыз дауыс алды. Тайпақ ауылдық округінде Болат Шәленов 58 пайыз  дауыс алса, екінші үміткер Боранбай Қыдырғожин 41 пайыз дауыс алды. Сайлауда үміткерлер арасында шынайы бәсеке, күрес болды»,- деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Сайланған 95 әкімнің 54-і (56,8 пайыз) бұрыннан әкім болып жұмыс жасап жүргендер, өзгесі жаңадан сайланғандар. Аудандық, қалалық  сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап бес күн мерзімде ішінде сайланған әкіімдерді тіркейді және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі» 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале