12.08.2020, 17:07
Оқылды: 146

Сайлауда 70 пайыз дауыс жинады

Сәрсенбіде Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бас корпусында ҚР Парламенті Сенатына депутат сайлауы өтті.

2019060909142843277_2019060816495555838_2019052309465981127_

Алдымен таңдаушылар мен аумақтық сайлау комиссиясының қатысуымен бірлескен отырыс өтті. Отырысқа қоғамдық ұйымдардың, БАҚ-тардың өкілдері қатысты. Жиынды ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшардың айтуынша, еліміздегі «Сайлау туралы» конституциялық Заңның 69-бабы 1-тармағына сәйкес  БҚО-дан ҚР Парламенті Сенатына депутат болып сайланған Ерболат Мұқаевтың депутаттық өкілеттілігінің мерзімі аяқталу қарсаңында.

«ҚР Президенті Жарлығымен биылғы жылдың 12 тамызына тағайындалған Сенат сайлауын өткізуге қатысты тиісті шаралар орындалды. Осыған байланысты облыстық, Орал қалалық және барлық аудандық мәслихаттың депутаттары ҚР Парламенті Сенатына депутат сайлау үшін таңдаушылардың бірлескен отырысына жиналып отырмыз. Отырысқа облыстағы 191 депутаттың 183-і (96 пайыз) қатысуда. Сенат депутаттығына үміткерлердің өмірбаяндары мен сайлауалды бағдарламаларымен таныстыңыздар, өздерімен кездестіңіздер. Кездесе алмаған үміткерлердің бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және әлеуметтік желілерде таныстыңыздар», - деді Мәлік Құлшар.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың баяндауынша, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен сайлау, дайындау және өткізу бойынша негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес сайлауға дайындық жұмыстарын жүргізген. Сенат депутаттығына бес адам өз кандидатурасын ұсынғанымен, үш үміткер тіркелген. Айгүл Есекенова үміткер болып тіркелгеннен кейін өтініш беріп, өз кандидатурасын алып тастаған.  Дінмұхаммед Сәтбаев тіркеуге құжат ұсынбауына байланысты тіркелмеген.

Бұдан кейін фойеде таңдаушылар кезекпен, жасырын дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасады. Облыстық сайлау комиссиясының мүшелері үміткерлердің сенімді өкілдерінің, қоғамдық бақылаушылардың және БАҚ өкілдерінің көзінше бюллетеньдерді санап, дауыс беру нәтижелерін сараптады.

«Сайлау ашық, жария түрде өткенін көрдіңіздер. Дауыс берудің қорытындысы бойынша «Орал гуманитарлық колледжі» ММ-ның қаржы директоры Ләззат Рысбекова 128 дауыс (70 пайыз), «Батыс су арнасы» ЖШС директорының орынбасары  Ақылбек Аманғалиев 30 дауыс (16,4 пайыз), облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Ғалым Бекқалиев 24 дауыс (13,3 пайыз) алды. Бір бюллетень жарамсыз, онда үміткер белгіленбеген, таңдаушы қолын қойып кеткен», - деп мәлімдеді Ғайса Қапақов.

Енді Ләззат Рысбекова елдің заң шығару қызметін жүзеге асыратын Парламенттің жоғары палатасында облыс халқы атынан өкілдік етпек.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале