9.06.2019, 17:58
Оқылды: 192

«Сайлаудың әділ өтуіне тілекшіміз»

«Жайық Пресс» медиахолдингі ғимаратында орналасқан №467 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасауға келген тұрғындардың саны сағат сайын артуда.

Zhaikpress (1)

№467 сайлау учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Мықтыбайдың айтуынша, бұл учаскеге 2438 сайлаушы тіркелсе, соның 518-і өз таңдауын жасаған.

-Таңертең сайлаушылардың көп болғаны соншалық, кезекте тұрды. Тек түске таман ғана дауыс беруге келушілердің белсенділігі бәсеңдеді. Кешкі 20.00-ге дейін қалғандары дауыс беруге келеді деген сенімдеміз. Сондай-ақ үйден дауыс беруге 15 сайлаушы өтініш білдірді, - дейді Нұрсұлтан Ертуғанұлы.

Zhaikpress (2)

Конституциялық міндетін орындауға келгендердің бірі – Орал қаласының тұрғыны Алтынғаным Есенғұлова бұл саяси дода еліміз үшін маңызды екенін айтады. «Мен үшін қашанда еліміздің тыныштығы маңызды. Сондықтан мен бүгін  халықтың мұң-мұқтажына құлақ түретін, еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етеді деп сенім білдірген адамға дауысымды бердім», - дейді ол.

Ал «EcoSem»қоғамдық қоры атынан бақылаушы боп отырған Дәурен Айсиннің сөзінше, дауыс беруге келген сайлаушылардың белсенділігі артып келеді.

Zhaikpress (3)

-Таңертеңгі 07.00-ден бастап, сайлау барысын бақылап отырмыз. Әзірге ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ. Кешкі 20.00-ге дейін сайлаудың барлық процесін қадағалайтын боламыз. Егер қандай да бір заң бұзушылық болып жатса, алдымен төрағаға ескерту жасаймыз. Егер заң бұзушылық одан әрі жалғаса берсе, акт толтырамыз, - дейді Дәурен Жұбанұлы.

№467 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері Азамат Айсағалиев пен Сәбит Айтқожинмен бірге біз үйден дауыс беруге өтініш білдірген қала тұрғыны 95 жастағы Бәтима әжейдің үйіне бардық.

-Өздеріңіз көріп тұрғандай, әжей орнынан тұра алмайды. Сондықтан біз еліміз үшін маңызды оқиғадан тыс қалмайық деп, үйден келіп дауыс алуға өтініш жазған едік. Келгендеріңізге көп рақмет! Еліміз аман, жеріміз тыныш болып, сайлаудың тыныш әрі әділ өтуіне тілекшіміз, - деді Бәтима әжейдің келіні Қалуа Серғазиева.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале