10.09.2018, 12:59
Оқылды: 529

Сақтаныңыз: «уатсаптан» қатер бар

Жуырда «Google trends» арқылы батысқазақстандықтардың ғаламтордан нені көп іздейтіндерін қызықтап көрген болатынбыз. Ең көп сұранысқа ие «Футболдан әлемчемпионаты», «ауа райы», «аудармашы» деген сөздердің арасынан «Момо» деген түсініксіз сөзді көрдік. Әсіресе, 5-11 тамыз аралығында жерлестеріміз «Момоны» ерекше «жоқтапты».

momo52-640x299

            Момоның не екенін біздің де білгіміз келіп, ол туралы ақпарат іздей бастадық. Іздеуіміз мұң екен, шашы жалбыраған, көздері бадырайған, аузы құстың тұмсығындай құбыжық қыздың суреті алдымыздан шыға келгенде отырған орнымыздан ауып түсе жаздадық.Сөйтсек, бұл «қыз» адамдарды авадағы суретімен ғана қорқытып қоймай, телефонға қорқынышты хаттар жазып, қоңырау шалып, түрлі дыбыстар шығарады екен. Есі дұрыс адамдар оны қалжың ретінде қабылдайды. Ал егер Момо жасөспірімге немесе жүйкесі жұқарған адамға жазатын болса, соңы қайғылы жағдайға дейін жетуі әбден мүмкін.

            Жалпы, Момо туралы ғаламторда түрлі алыпқашпа әңгіме тарап жатыр. Ол ең алғаш рет жапондық +81345102539 нөмірі арқылы Жапония, АҚШ, Мексика тұрғындарының «Whatsapp» нөмірлеріне жаза бастаған. Санаулы сағатта Ресей арқылы Қазақстанғада келіп үлгерді. Бүгінде Момоның бір емес, бірнеше нөмірі бар.Ол кез келген «Whatsapp» қолданушысына жазып, ол адам туралы барлық ақпаратты білетінін ескертеді екен. Тіпті мекенжайына дейін біліп тұратын Момо жазған адамына түрлі тапсырмалар береді. Егер тапсырмалары орындалмаса, ол адамды өлтіретінін айтып қорқытады.

            Момо тірі жан болмағандықтан, ол физикалық тұрғыда ешкімге зақым келтіре алмайды. Оның әдісі – сөйлесу арқылы адамның психикасына әсер ету. Ол үшін зорлық-зомбылықты насихаттайтын суреттер жіберіп, суицидке итермелейтін түрлі ауыр сөздер айтады. Ал егер қоңырау арқылы хабарласса, шыңғырған, қырылдаған дауыстар шығарады. Ең қызығы, Момоға қай тілде жазсаңыз, сізбен сол тілде сөйлесе береді.

             2016 жылы пайда болып, елді шулатқан «Синий кит» ойынына ұқсайтын Момо да хакерлердің кезекті ойыны болса керек. Қулықтарына құрық бойламайтын хакерлердің қақпанына жастар оңай түсуде. Өйткені бірнеше жасөспіріммен жүргізген әңгімемізден түйгеніміз – олар Момоның нөмірін іздеп жүріп, қызықтап, оған өздері жазатын көрінеді.

momo

            – Бұл Момо ұлымның телефонына бірнеше рет өзінен-өзі қосылды. Мен кетірген сайын қайта қосылады. Тіпті түннің бір уағында екі рет қоңырау шалды. Тұтқаны көтергенімде, арғы жақтан қырылдаған жиіркенішті дауыстар шығып жатты. Нөмірі – Теле2 абоненті. Енді нөмірдің иесін анықтау үшін прокуратураға барғалы отырмын, – дейді Орал қаласының тұрғыны Айнұр Сағындықова.

            Төтенше қырсықтың сыры қайда екенін бағамдадық. Сөйтсек, Момоны арнайы эффектілер жасаумен айналысатын Link Factory жапон компаниясы шығарған екен. Момоның мүсін бейнесі тұңғыш рет 2016 жылы өткен Vanilla Gallery көрмесінде көрсетілген.

            Бұл мүсіннің атауы – «Құс әйел». Қытай мен жапон аңыздары бойынша жүкті кезінде қайтыс болған әйел енді жартылай құсқа айналып, жаңа бейнеде балаларды қорғап жүреді-міс. Желідегі жеткіншектер жайы жақаурата салатын жәйт емес. Әлі де уыз езу балалар не көрсе, соның шалғайына жармасып кетуге дайын тұрады. Сондықтан ұл-қызыңыздың желіде кіммен, қандай тақырыпта әңгімелесіп не көріп жүргенін қадағалағаныңыз жөн. Сақтықты сұңқардан үйрен деген. Әйтпесе, Момо ғаламтордағы қауіпті жағдайлардың біреуі ғана.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

Zhaikoress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале