Көпір жөндеуге жабылды
5 Тамыз 2020

Көпір жөндеуге жабылды

Бәйтеректік отбасыға еріктілер қолдау көрсетпек
5 Тамыз 2020

Бәйтеректік отбасыға еріктілер қолдау көрсетпек

Қайыржан Хасановтың жаңа кітабының таныстырылымы онлайн форматта өтеді
5 Тамыз 2020

Қайыржан Хасановтың жаңа кітабының таныстырылымы онлайн форматта өтеді

Бірінші сұрыпты нан бағасы арзандады
5 Тамыз 2020

Бірінші сұрыпты нан бағасы арзандады

Ауыл тазалығы күн тәртібінен түспейді
5 Тамыз 2020

Ауыл тазалығы күн тәртібінен түспейді

Сұңқар-8: жаңғыртудан жаңа шапан киді
5 Тамыз 2020

Сұңқар-8: жаңғыртудан жаңа шапан киді

1.07.2020, 14:52
Оқылды: 301
Салтанат Әбілғазиева, Х.Бөкеева  атындағы облыстық қазақ драма  театрының директоры, «Серпер» жастар сыйлығының  лауреаты: «Ашық аспан астында «Қыз Жібекті» қойсам деп  армандаймын»

– Салтанат Мақсотқызы, сіздің Жайықты жағалай қонған туған өлкеңізге келіп, Хадиша Бөкеева атындағы өнер ордасының тізгінін қолға алғаныңызға жарты жылдан асты. Өңірге бөтен емессіз, ал өнерге қалай келдіңіз, әңгімені содан бастасақ...

ACE7A397-1772-457B-9A2C-A582DF597A40

– Мәншүк пен Хиуаздай батыр қыздарды, Қыз Жібектей аруды тудырған ерке Жайықтың бойында туған бақытты жандар қатарынанмын. Балалық шағым Теректі ауданына қарасты Қызылжар ауылында өтті. Кейін Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде драма актері мамандығы бойынша білім алдым. Бала күнімнен өнер десе, ішкен асымды жерге қоятынмын. Киелі сахнаны көріп, қазақ өнерін өрге жүздіріп жүрген жандармен жүзбе-жүз жолықсам деген асқақ арманым Алматыға жетелеп әкетті. Ол жақта Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында театртанушы мамандығын меңгердім, өнертану магистрі атандым. Өнердегі еңбек жолымды  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында көрермендермен жұмыс бөлімінің менеджері болып бастадым. Елдің бәрі «әкемтеатр» деп ерекше құрметтейтін, осынау жаныма ерекше жақын өнер ордасының баспасөз бөліміне жетекшілік жасадым, театр директорының орынбасары деңгейіне дейін жеттім. Әр жылдары «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында баспасөз хатшысы, қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі болғаным, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы оқу театрының басшысы және театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының оқытушысы қызметін атқарғаным тағы бар. Сонымен қатар қазақ театр өнерінің абызы Асанәлі Әшімовтің бастамасымен құрылған Қазақстан театрлары қауымдастығына 2018 жылдың наурыз айында атқарушы директорлығына тағайындалып, әлі күнге осы қоғамдық қызметті қатар атқарып келемін. Өнер мен өнеге тұнған ортада маман ретінде қалыптасып, жақсы тәжірибе алдым, білім-білігім артты, мінезім шыңдалды деп айта аламын.

– Жауапкершілік жүгін арқалаған азғантай уақыт ішінде нендей іс тындырып үлгердіңіз? Жалпы, алғашқы қадам, алғашқы әсеріңіз қандай?

– Батыстағы бас театрға басшылық етуді ұсынған сәтте екіұдай күй кештім. Өзім туып-өскен өлкеге тер төгіп қызмет ететініме, перзенттік борышымды ақтар күн туғанына қуандым, бір жағынан. Бірақ толқыныс та болды, өйткені өз елің сыншыл келеді, оның үстіне жас деп қарайтыны бар. Десе де, Президентіміз 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, «Біз жастар үшін жаңа мүмкіндік беруіміз керек. Соның ішінде олардың бизнеспен айналысуына, білім алуына, жұмысқа орналасуына, табыс табуына жол ашу қажет. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек» деп шегелеп тапсырып жатқан сәтте білекті сыбанып іске кірістім.

84E964F2-44C4-4998-81D1-D1FCD05658C2

Х.Бөкеева атындағы театр – бірнеше буын қызмет ететін, қалыптасқан дәстүрі, репертуары бар үлкен ұжым. Жалпы репертуар қай театрдың да шығармашылық әлеуетін, беталысын танытары белгілі. Сондықтан да ең алдымен, театрдың репертуарын ақылдасу, толықтыру мәселесі туындады. Жыл басында театрымыздың премьерасы «МЕН» спектакліне келген кәсіби театртанушы, өнертану докторы Бақыт Нұрпейістің қатысуымен шығармашылық ұжыммен өткен кездесуде соңғы бес жылдағы репертуарға сараптама жасалды. Нәтижесінде Оралдағы өнер сахнасына классикалық туындылар жетіспейтіндігі баса айтылды. Біздің сахнада Әуезов пен Мүсіреповтің, Чехов пен Островскийдің де шығармалары қойылуы керек. Себебі классика қай заманда да сұранысқа ие, актер классикада ойнау арқылы өседі. Демек, ұжым  алдында тұрған үлкен міндет – репертуарды классикамен құнарландыра түсу, осы бағыттағы жұмысты жандандыру.

Жақсы шығармашылық үшін ұжымның жұмыс жасауына лайықты жағдай жасау да – басты міндеттердің бірі. Өйткені ала таңнан кешке дейін дайындықта жүретін, қойылым күндері тіптен кеш қайтатын актерлерге театр екінші үйі іспетті. Сол себепті де қолдан келгенше актерлерге демалыс бөлмесін жасақтадық. Грим бөлмелері азды-көпті ретке келтірілді.

Бүгінгі актер жан-жақты өнер иесі болуы шарт – сахна тілі пәні, би және хор тұрақты түрде өткізіліп келеді. Театрға өңірімізге белгілі хормейстер Игорь Шмидтті арнайы шақыртып, актерлер музыкалық қабілеттерін шыңдауда. Жалпы, өз басым актер жан-жақты, үнемі ізденіс үстінде жүретін әмбебап маман болуы тиіс деп санаймын. Сондай-ақ олар әлемдік театр жаңалықтарынан да қалыс қалмауы керек. Сол үшін де әлемдік театр сахналарында қойылған шоқтығы биік туындыларды шығармашылық ұжыммен бірге тамашалап, өзара талқыға салып, пікірлесуді көздейтін шеберлік сағаттарын өткізіп бастадық. Сонымен бірге қазақ театр өнерінің абызы атанған Асанәлі Әшімов, белгілі театр және кино актеры Азамат Сатыбалды, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіспен, PhD доктор, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушысы Аман Ғұмаровтың қатысуымен кездесу-тренингтер өткіздік. Алдағы уақытта да театр саласының білгірлерімен кездесулер, шеберлік сағаттарын өткізіп отырмақпыз.

– Ал карантин кезіндегі театр туралы не айтасыз? Көрерменнен көз жазып қалмас үшін қандай жұмыстар атқарылды?

– Театр – көрермен үшін. Сондықтан да арада алтын көпір болатын ақпараттық қызметті іске қосып, театрымызда арнайы ақпарат бөлімін ашқан едік. Осы бөлімнің ұйымдастыруымен карантин кезінде бірқатар іс атқарылды, театрдың әлеуметтік желідегі өмірі жанданды. Атап айтқанда, шығармашылық ұжыммен онлайн сұхбат ұйымдастыру ісі қолға алынып, бүгінгі күнге дейін тікелей желіде 27 жүздесу өтті. Соның ішінде екі сұхбат өнер мен өмірде жұп жарастырып, көпшілікке үлгі болып отырған отбасыларды насихаттау мақсатында «Жұлдызды отбасы» деген атауды иеленді. Театр ұжымы сонымен қатар әлеуметтік желі мен интернет контентті дамыту мақсатында көрермендерге бейнетүсірілімдер дайындап ұсына бастады. Алғашқы еңбегіміз – театр актері Азат Мыңбаев оқыған ақын, журналист Ұлдай Сариеваның «Екеумізге нұр сәулесін төккен  күн...» атты туындыны көпшілік өте жылы қабылдады. Жергілікті «AQJAIYQ» телеарнасының «Ғаламтор ғажайыбы» бағдарламасында аталған туынды оң бастама ретінде атап өтілді. Бүгінгі күнге дейін Хадиша театрының шығармашылық ұжымы көрерменге тағы бірнеше бейнетуынды ұсынып үлгерді. Олар: актриса Жұлдыз Мамедова оқыған Динара Мәліктің өлеңі, актриса Нұрлыгүл Жұбатова оқыған Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Келін» және Оралхан Бөкейдің «Ардақ» әңгіме-монологтары, театрдың бас режиссері Гаухар Адай оқыған Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын!» поэмасы, актриса Әйгерім Сағаденова мен актер Құралбек Қатшаев жұптаса оқыған Фариза Оңғарсынованың өлеңдер топтамасы, театр актеры Ербол Есендосов оқыған Иран-Ғайыптың «Құдай» өлеңі, көркемдік жетекші Жасқайрат Валиуллиев оқыған Мұнайдар Балмолданың «Полотно» өлеңі. Сондай-ақ БҚО мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық тарихи-өлкетану музейі, Хадиша театры және А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай облыстық музей қорындағы майданнан келген жауынгер хаттарына арнайы роликтер түсіріліп, бейнетуындыларда рольдерді біздің театр актерлары мен актрисалары орындады. Жалпы саны бес бейнеролик жарияланған бұл «Жауынгер хаттары» жобасын алдағы уақытта да жалғастырамыз.

56A34C96-3A09-4050-AF79-010574521599

«Ән менің әлемімде...» деген әдемі атаумен жаңа жобаны қолға алып, онлайн концерттер ұйымдастырдық. Жайыққа жыр арнаған, ерке өзенге еркелеп өскен жергілікті қаламгер аға-апаларымыз бен биыл мерейлі датасы аталып өтуі тиіс қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын насихаттау мақсатында онлайн әдеби-сазды кештер ұйымдастыру ісі де сәтті жүзеге асуда. Осы бағытта Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толуына орай «Адам боп оңай туғанмен, Адам боп қалу көп қиын», Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған «Аялап өтем...», Н.Сауданбекұлының қойылымы негізінде «Мұқағали – Нұрғиса», ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Ақ Жайық, сенсің әр кез сыйынарым» кештері өтті. Сондай-ақ актриса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері  Әсел Мәмбетованың «Сұлулық – іңкәр әлемім», актриса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиеваның «Сыйынатын болса өмірде құдірет, Сыйынар ем Ана деген Тәңірге» атты шығармашылық кештерін көрермен қауым ыстық ықыласпен қабыл алды.

Театрымыздың жас көрермендерін де назардан тыс қалдырмай, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ертегілер елінде» жобасын қолға алдық. 20 мамырда тұсауы кесілген жоба аясында «Жеті лақ», «Тапқыр қоян» және «Алтын балық» атты үш ертегі түсіріліп, театрдың Youtube арнасына жарияланды.

– Салтанат Мақсотқызы, осы ретте өзіңіздің «Театр – Тағылым» атты авторлық жобаңыз жайында айтып өтсеңіз...

– «Театр – Тағылым» жобасын карантин кезін тиімді пайдаланып, бір жағынан, театр тарихын ел жадында жаңғырту мақсатында, екіншіден, театр әртістері үшін шеберлік сағаты, білім алар, ой түйер жүздесу болсын деген оймен қолға алдым. Осы іс-шара барысында қазақ театры саласында аты мәшһүр, өнерге қосқан үлесі зор, әсіресе Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан немесе осы өңірдегі театр саласын дамытуға бір адамдай үлес қосқан өнер қайраткерлерімен 13 онлайн жүздесу өтті. Жобаға Х.Бөкеева атындағы театрдың негізін қалаушылар – ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Хазима Нұғманова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаев, актриса, мәдениет саласының үздігі, Д.Қонаев атындағы орденнің иегері Айнұр Жүгінісова, «Астана» опера театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Мұратбекова, ҚР халық әртісі Гүлнар Жақыпова,  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Данияр Базарқұлов, театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Анар Еркебай қатысты. Сондай-ақ  Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры, ҚР театрлары қауымдастығының вице-президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, PhD доктор Асхат Маемиров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры Алмас Шоман, Нұр-Сұлтан қаласындағы жастар театрының режиссері, қазақ мәдениетінің қайраткері Нұрфат Вахитов, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актері, ҚР мәдениет қайраткері Абай Нұғыманов, «Sataifilm» компаниясының кастинг директоры Жайна Әбдиева секілді белгілі жандар өнерсүйер қауыммен ақжарма әңгіме-дүкен өрбітті.

– Алла жазса, карантин де аяқталып, көрерменмен қауышар күн туар. Сол сәтте көпшілікті қуантар жаңалықтарыңыз, жаңа қойылымдарыңыз қандай?

– Әрине, театр ұжымы осы бір күрделі сәттен аман-сау өтіп, көрерменмен қауышуды асыға күтуде. Өкінішке қарай, елімізде пандемияның алдын алу үшін жарияланған карантинге байланысты соңғы үш ай бойы театрдың жұмысы тоқтап тұр. Десе де, санитарлық талаптарға сәйкес 30 адамнан аспайтын құраммен алдағы жоспарлы премьераларға дайындық жұмыстарын да жүргізіп келеміз.

Биыл наурыз айында театрымызға есімі берілген көрнекті тұлға, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлық-тардың лауреаты, профессор, театр және кино актрисасы Хадиша Бөкееваның атын ұлықтауға арналған «Хадиша әлемі» фестивалін өткізбек едік. Әз Наурыз мерекесіне және театр ұжымы үшін айтулы мейрам саналатын 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған аталмыш шара еліміз бойынша коронавирус пандемиясының алдын алу шаралары басталуына байланысты кейінге шегерілді. Осы істі қайта қолға алып, жүзеге асыру ойда бар.  Жаңа бір жұмысымыз – Жайықтың өр тұлғасы, «Мен қазақпын!» деп жалынды жырларымен талай қазақтың намысын оятқан, биыл туғанына 100 жыл толатын көрнекті ақын Жұбан Молдағалиев туралы қойылым дайындаудамыз. Пьесаны көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева мен белгілі драматург Мәдина Омарова бірлесіп жазған.

Бұйырса, «Жұбан» арқылы Батыс өңірдегі ел-жұрт театрымыздың бас режиссері Гаухар Адаймен танысады. Бас режиссеріміз біздің өңірге бөтен емес, елдің қызы, Ақжайық ауданының тумасы. Құрманғазы атындағы саз колледжін, Қазақ ұлттық өнер университетін драма театр режиссурасы мамандығы бойынша бітірген. Кеше ғана Семей театрының сахнасында «Ғажайып трагедиясы» деген атаумен ұлы Абайды сөйлетті, өзгеше сөйлетті. Семейдегі «Дариға-ай» жастар театрында режиссер ретінде танылып, 2019 жылы Ә. Өмірзақоваға арналған фестивальде «Үзілген бесік жыры» қойылымымен лауреат атанды. Өзге театрлар секілді тағы режиссер алдыртуды армандаймыз-ау, алайда талантты режиссерлар шалғай деп облысқа келуге ынта білдіре бермейді. Гаухар Қайырқызы да қалыптасып қалған ортасы, үйреншікті қызметі, жайлы жағдайы бар екендігіне қарамастан, «Елге кел! Туған өңіріміздің театрын бірге көркейтейік» деген сөзімді аяқасты етпей, елге оралды. Елім деп келген қызын ел-жұрты да кеудеден итермей, құшақ жая қарсы алады деп үміттенемін.

Жауапты жұмысты енді ғана бастаған кезде облыс әкімі Ғали Есқалиев театрға арнайы келіп, алдағы жұмыс жоспары мен идеялар туралы пікірлесіп, өнер ордасының материалдық-техникалық жағдайымен де танысқан болатын. Орал театрының сахнасында Жұбан туралы қойылым шығару туралы идеяны да облыс басшысының өзі ұсынған. Сондай-ақ ашылғалы бері жөндеу көрмеген театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ісі де облыс басшылығының қолдауымен жүзеге аспақ. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда.

Болашақта Жайықтың жағасында, ашық аспан астында «Қыз Жібекті» қойсам деп армандаймын. Басқа да жоба-жоспарлар аз емес. Оны жүзеге асыру, жалпы жұмысты сапалы ұйымдастыру көп ретте қаржыға байланысты. Қаражат жеткілікті деңгейде бөлінсе, жаңа қойылымдар шығару, жаңадан реквизиттер алып, сахналық костюмдер тігу тағы басқа жұмыстар жандана түсер еді. Театрымыз жеткілікті деңгейде қаржыландырылатын уақыт туады деген ойдамын. Салыстырмалы түрде алғанда, көршілес облыстар театрларының бюджеттері бізден едәуір жоғары. Өйткені театр – елдің елдігін, рухын танытып, адами, ұлттық құндылықтарды паш ететін іргелі мәдениет ордасы.

Сұқбаттасқан Аяужан Кереева,

Х. Бөкеева атындағы облыстық  қазақ драма театры ақпарат бөлімінің жетекшісі