27.04.2017, 21:31
Оқылды: 61

«Samruk-Kazуna Trust» жаңа жобалар ұсынды

received_674776996053721Былтырдан бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Менің елім» атты әлеуметтік инвестицияға арналған бағдарламаны іске қосты. Бағдарлама аясында компанияның «Samruk-Kazуna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры еліміздің аймақтарын инфрақұрылым жүйесін дамытуға, әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға көмектеседі.


Компания бірнеше өңірде жүзеге асырып жатқан «Менің елім» бағдарламасын біздің облыста іске қосуға мүдделі. Бұл жайында облыс әкімі Алтай Көлгінов «Samruk-Kazуna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдерімен кездесуінде айтты.

received_674777269387027– Биыл Орал қаласында балалардың ойын алаңын салуға 32 жобаның құжаттамасы дайындалды. Біздің өңірде жол мәселесі күрделі болғандықтан, қомақты бюджет қаржысын автожолдарды жөндеуге бөлдік. Шаһарда жаңа автокөпір құрылысы жүргізілуде. Биыл Орал қаласында балаларға арналған 13 спорт ойыны алаңын жаңадан саламыз. Сондықтан бұл бағыттағы инфрақұрылымдарды дамыту үшін «Samruk-Kazуna Trust» қорының өкілдерімен келіссөз жүргізбекпіз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

received_674777266053694Басқосуда, алдымен,  «Самұрық-Қазына» ұлтық әл-ауқат қорының Әлеуметтік жобалар қызметінің басшысы Нұрлан Оразалиев сөз алып, компания өкілдерін таныстырды. «Samruk-Kazуna Trust» корпоративті қорының бас директоры Ерлан Даримов қордың қызмет етіп жатқанына бес жыл болғанын атап өтті.

Негізінен, «Самұрық-Қазына» АҚ құрылтайшылары 2010-2015 жылдары 2228 жобаны жүзеге асырып, 400 мың тұрғынға көмектессе, 2016 жылы «Samruk-Kazуna Trust» қоры жүзеге асырған әлеуметтік жобалар 200 мың адамды қамтыған.

Батыс Қазақстан облысы – «Менің елім» бағдарламасы іске қосылатын еліміздің төртінші аймағы. Бағдарлама аясында өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, яғни, аббаттандыру жұмысын жүргізу, көмекке мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарияларға арналған оңалту орталықтарын, қоғамдық демалыс орындарын ашу, балалардың ойын алаңдарын, экологиялық жобаларды іске қосуға көңіл бөлінеді. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, инновациялық технологияны дамыту, шағын гранттар бөлу, ҮЕҰ-мен байланысты нығайту, қайырымдылық шараларды қолға алу, тарихи-мәдени мұраларды жандандыру, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жасөспірімдерге арналған спорт нысандарын жөндеуге инвестиция қаржысын бөледі. Бағдарлама дайындалған соң қоғам белсенділерінің, жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бас қосып, олардың пікірін ескеру, жобаларды компанияның қамқоршылық кеңесінде талқылау, бағдарламаны жүзеге асыру кезеңдері бекітіледі.

received_674777109387043«Бағдарламаны жүзеге асыруға кемінде үш жыл уақыт бөлінеді. Облыс әкімдігімен нақты келіссөздер жасалса, тамыз айында бағдарлама аясында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға кірісеміз. Облысқа жаңа 25 балалар ойын алаңын салғымыз келеді. Ал қазіргі уақытта «Бақытта балалық шақ» жобасы ауқымында облыстағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үш мектепке жаңа жабдықтар орнатуға 10 млн. теңге қаржы көлемінде инвестиция құюға келісімшарт жасалуда. Ал мектептер жанында спорт алаңдарын салуды конкурс тәртібімен жүргізбекпіз», – деген «Samruk-Kazуna Trust» корпоративті қорының бас директоры Ерлан Даримов басқа да жобалар жөнінде әңгімеледі.

Егер өңірде бағдарлама іске қосылса, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ күз айларында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін 500 мың теңгеден бастап 2 млн. теңгеге дейін грант қаржысын бөлуге дайын.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов «Менің елім» бағдарламасын қолдауға мүдделі екенін, әзірше екі жақты келісімге дайындық жүргізілетінін айтты. Ол үшін жауапты өкілдер тағайындалып, бағдарлама ауқымында жобаларды жүзеге асыру кезеңдері көрсетілетін жол картасы меморандум арқылы бекітілмек.

Жиында жергілікті білім, денсаулық, спорт салаларының және үкіметтік емес ұйым мамандары ұсынған жаңа жобаларды қаржыландыру жайын «Samruk-Kazуna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдері кеңінен талқылады.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале