8.06.2017, 19:11
Оқылды: 36

Сан қырлы өнер иесі – Мәжит Қайырғалиев

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Сан қырлы өнер иесі» атты кеш өтті.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, ақын, әуесқой суретші, мүсінші Мәжит Қайырғалиевпен болған кездесу кешіне өңіріміздегі зиялы қауым, жастар және жұртшылық өкілдері келді. Қонақтар әуелі орталық фоесінде ұйымдастырылған «Өмірі толған өнеге» атты көрмені тамашалады.

Кеш шымылдығын аталмыш орталықтың директоры Бауыржан Халиолла ашып, облысымыздағы белгілі журналистердің біразы Мәжит Қайырғалиұлының шекпенінен шыққанын айтып, кеш иесіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың Алғыс хаты мен естелік сыйлық табыстады. Содан соң Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков, Ғайсағали Сейтақ, әуесқой композитор Ғұбайдолла Хибашев, кеш иесінің сыныптасы, «Қонаев» қорының төрағасы Нұрлан Ізтілеуовтер сөз алып, оның ақындық, журналистік, адамгершілік қырлары турасында ой-пікірлерімен бөлісті.

Шара барысында оқушылар мен студенттер Мәжит Қайырғалиұлының өлеңдерін оқыса, әнші Омар Хибашев ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Кеште жергілікті өнерпаздар да әннен шашу шашты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале