8.08.2019, 16:38
Оқылды: 498

Сара Танабаева: «Кеңестік кезеңде ұлттық қолөнер бағаланған жоқ»

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Өрнекті кілемдер» көрмесі ашылды. Музей қорында сақталған әр жылдардағы түрлі кілемдер ел назарына ұсынылды.

Көрменің ашылуында музей экскурсоводы кілемдердің түрлеріне, қазіргі фабрикалардан шығып жатқан кілемдер мен қолдан тоқылған бұрынғы кілемдердің айырмашылығына кеңірек тоқталды. Шараға қала тұрғындары, музей ардагерлері, жазғы лагерьлерде демалушы оқушылар тобы қатысты.

korme (2)

-Бірде бізді Түркіменстанның музейлерін тексеруге жіберді. Ол кезде социалистік жарыстардың жеңімпазын анықтау үшін одақтас елдерге комиссия баратын. Сонда есімде қалғаны Түркіменстанның қай музейіне барсақ та кілем тұрды. Барлық жер кілеммен көмкерілген. Үйлерінде болғанымызда есіктен төрге дейін кілем төсеп, тіпті есік-терезесіне дейін кілем ілгенін байқадық. Кілемнен басқа ештеңе көрмейсің. Бірақ кілем болғанда қандай? Беті жібек, қолдан тоқылған. Кеңестік кезеңде қолөнер, соның ішінде ұлттық қолөнер бағаланған жоқ. Біз Түркімен елінен кілемнен басқаны іздейміз? Қазір ойға салсақ, шын мәнінде сол елдің байлығы, бренд өнімі кілем екен ғой.

1969 жылы музейге жұмысқа келдім. Сол кезде музей қорында бірде-бір кілем болған жоқ. Қайта құру кезінде кілем тоқитын цех ашылды. Солардан бір кілем алдық. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың тұтынған заттарын, ұлттық бұйымдарды жинауға кірістік. 1991 жылы Алматыда «Мирас» деген дүкен ашылды. Барсақ шетелден келген қандастарымыз қолөнер бұйымдарын толтырып қойған екен. Олардың арасында ата-бабадан бермен сақталған дүниелер көп болды. Музейге біраз жәдігер алдық, соның ішінде кілем де болды.

Кейін облысымызға әкім болған Қырымбек Көшербаев музейлерге жақсы қаражат бөлді. Ол кезеңде музейге қоюға сатып алып келген кілемдеріміз қымбат болатын. Қолға ақша берілмейді, жәдігерлерді акт толтырып алып келеміз. Комиссия қарап, қабылдағасын ақшасы төленеді. Музейге алынған кілемдерді комиссия да қымбатсынып жүрген. Сол уақытта Оралға келген мәдениет министрі музейге келіп, кілемдерді қарап жүріп бағаларын дәл айтты. Сонда бәріміз қуанып, комиссия да еш қарсылықсыз ақшасын аударған болатын. Қолдан тоқылған кілемдер – қазақ халқы қолөнерінің ең көрнекті үлгісі. Қазір дәл мұндай кілемдерді еш жерден таппайсыздар,- деді көп жылдар облыстық музейге басшы болған музей ардагері Сара Танабаева көрмеге қойылған кілемдерге тоқталып.

korme (6)

Бұл «Өрнекті кілемдер» көрмесі бір ай бойы көрерменін күтпек. Айта кететін жайт, кілемдер көрмесі жанына Абайдың өлеңдер жинағы қойылған. Ұлы ақынның өлеңдерін кілемдерге отырып оқуға рұқсат берілген. Осы жерде отырып әлеуметтік желілерге ақпарат салған, пост жазып, видео түсіргендерге ай соңында музей атынан сыйлықтар берілмек. Еске сала кетсек, елімізде Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай поэзия эстафетасы өтуде.

өз тілшіміз

zhaikpress.kz

korme (18)

korme (3)korme (12) korme (13) korme (14)korme (10) korme (1)korme (15) korme (11)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале