28.06.2017, 17:23
Оқылды: 33

Саян НҰРМҰХАНБЕТОВ: «Жаңа көлік алып, қызметкерлер жалақысын көтереміз»

AVTO2jpgКелесі айда Орал қаласы ішіндегі қоғамдық көліктердің жолақысы 80 теңге болмақ. Төрт жыл бұрын бекітілген құнды өзгерту жайы  қалалық мәслихаттың 13-кезекті сессиясында талқыланып, жаңа тариф күшіне енетін болды. «№1 жолаушылар автокөлігі мекемесі» ЖШС-ның директоры Cаян Нұрмұханбетов тариф құны өзгерсе, тасымалдаушы компаниялардың қызмет сапасы жоғарылайтынын айтты.


AVTO24pg– 2012 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «МАЗ-103» ныспылы жаңа 10 автобусты сатып алдық. Биыл соңғы жыл мемлекеттік бағдарлама ауқымында берілген несиені төлеудеміз. Несиенің айлық төлемі – 3,5 млн. теңге. Биыл қыста бір автобус істен шықты. Оны жөндейтін қаражат табылмай, қосалқы бөлшектерін пайдалануға тура келді. Автопаркте «Газельдерді» қосқанда 80-дей қоғамдық көлік бар. Жыл сайын автопарктегі көліктердің 10 пайызы жаңаланып тұруы тиіс. Бағдарламаға қатысқаннан кейін тағы да «МАЗ-103» автобусын көбейту жоспарымызда болған. Бірақ теңге бағамы құнсызданғаннан кейін бес жыл бұрын 12 миллион теңге болған көліктің құны қазіргі уақытта 47 миллионға дейін шарықтады. Одан бөлек, жанар-жағармай, көлік тетіктерін майлауға арналған өнімдердің бағасы да қымбаттады, – деді серіктестік басшысы.AVTO

Аталған компания шаһар ішіндегі 9, қала маңындағы саяжайларға баратын 3 бағыттағы машрут бойынша жолаушылар тасымалын қамтамасыз етеді. Автопарктегі арнайы орында көліктер тәулігіне бір мәрте жуылады. Серіктестік қарауында 100 қызметкер болса, жалақының жалпы орташа көрсеткіші 35 мың теңгені құрайды. «Жолақы құнын көтерсе, қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттырамыз. Қосалқы бөлшектер алып, көліктерді жаңалаймыз. Серіктестікте 4 механик жұмыс жасайды. Жөндеу жұмысымен көбіне көлік жүргізушілерінің өздері  айналысады. Ол үшін үстеме ақыны жарытып төлей алмаймыз. Ең болмаса, жолаушы тасымалымен айналысатын компанияларға үкімет тарапынан демеуқаржы берілсе, тариф құнын көтеруді сұрамас едік», – деді Саян Нұрмұханбетов.

AVTO1jpgТұрғындардың қоғамдық көліктерде тұрақты билет таратылмайтынына шағымданатыны жөнінде  сұраған журналистер сауалына «Билет берілмей қалып жататыны рас. Бірақ жоспар бойынша серіктестікке күніне белгіленген ақыны төлеп тұру ғана міндеттелген. Автопарктегі көліктердің 40 пайызы жалға берілген. Сондықтан серіктестік меншігіндегі жаңа көліктер санын көбейтпейінше, жалға берген көлік иелерінен жауапкершілік талап ету мүмкін емес. Билет қағазын Алматыдан тапсырыс беріп  алдыртамыз. Бір тапсырыс құны 500 мың теңгеге жуықтайды», – деді Саян Сәбитұлы. Серіктестік басшысы автопарктегі көліктің қысқы тұрағына арналған ғимараттың 1957 салынғанын, содан бері күрделі жөндеу жүргізілмегенін айтты.

 Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале