28.02.2018, 14:41
Оқылды: 69

Саяжай тұрғындарына көктемгі су тасқынынан сақ болғаны жөн

Копия Изображение 101Саяжайдағы үйлер уақытша құрылыс болып  есептелінгендіктен, өтемақы төленбейді. Бұл жайлы көктемгі су тасқынына әзірлік барысы талқыланған Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

Брифингке облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев пен «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Нұржан Шияп қатысты.

Нұржан Шияптың айтуынша, биыл жауған қардың тығыздығы мен биіктігі және судың қоры 2017 жылмен салыстырғанда 1,5-2 есеге төмен. Алайда Деркөл, Шаған секілді шағын өзендерде мұз қалың қатқан. Егер мұз  ойылмаса, су кептеліп қалуы мүмкін. Жалпы облыста қардың ең жоғарғы қалыңдығы 18 сантиметрді құрап отыр. Биылғы жылдың 26 ақпандағы мәлімет бойынша, Орынбор  облысының Ирикла  су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 20 текше метр су жіберілуде.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтың мәліметіне сүйенсек, облыстың төтенше және кезек күттірмейтін  резервінде 1 млрд.300 млн.теңге қаражат қарастырылған. Ал өткен жылы бұл қаржы  978 млн.теңгені құраған. Аталмыш қаржыға 165 тонна жанар-жағармай,  123 мың қапшық қоры, 12,4 мың тонна инертті материал (ПГС, қиыршық тас) дайындалып, 14,7 млн.теңгеге әуеден бақылау секілді жұмыстар  жоспарланған.

-Сондай-ақ биыл арнайы мұз кесетін аппарат сатып алдық. Өйткені экология жағынан да, судағы балықтардың қауіпсіздігі үшін де мұзды жарғаннан гөрі кескен тиімді. Су тасқынының алдын алуда 682 дана  техниканың, 88 дана жүзу құралының, 2794 жеке құрамның дайындығы  сақадай сай. Облыстағы 57 гидротехникалық құрылым қайта қалпына келтіріліп жөнделді. Өткен жылы Сырым ауданындағы Шолақ-Аңқаты  су қоймасына 103,6 млн.теңгеге жөндеу-қайта қалпына келтіру  жұмыстары жүргізілді. Зеленов ауданындағы гидротехникалық құрылымдар да қалпына келтірілді. Орал қаласы ғана емес, Бөрлі, Тасқала, Зеленов және басқа аудандарда көктемгі су тасқынына орай әзірлік жұмыстары атқарылуда. Тоң қалың болғандықтан, еріген қар суы уақтылы кетпей қалуы мүмкін. Сондықтан су жүретін арықтарды тазалау өз алдына, аулалардан қарды күні бұрын шығару қажет,- деді Жасұлан Қыдырқожаұлы.

Республикалық маңызы бар  жолдарда су өткізетін 439  тұрба болса, республикалық жолдарда 37, облыстық жолдарда 54 су өтуі мүмкін жерлер анықталған.

Мамандардың айтуыша, өткен жылмен салыстырғанда биыл қардың аз түсуіне байланысты су тапшылығы орын алуы мүмкін. Сондықтан олар көктемгі су тасқынын тиімді пайдаланып,  су қорын молырақ жинап алуды көздейді.

Гүлсезім ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале