28.05.2019, 16:30
Оқылды: 123

Сегізсай кешені туризм орталығына айналады

Бұл туралы БҚО-ның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

 Zhantas

Бас қосуда облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин Сегізсай қорғандар кешенінің зерттелу тарихына, маңыздылығына тоқталды.

 - Сегізсай қорғандар кешені Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылы және Қаратөбе ауданының Егіндікөл елді мекеніне жақын орналасқан. Сегізсайдың алғашқы зерттелуін 1966 жылы өлкетанушы Г.Багриковтың жетекшілігімен А.С.Пушкин атындағы Орал педгогикалық институты ұйымдастырған. Багриков Сегізсай ауылы маңын қазған кезде ол жерден үстінде көп алтын бұйымы бар адам қаңқасын тапқан. Одан кейін қорғанға ғалымдардың қызығушылығы артып, Мәскеуден Ғылым академиясындағы археология институтының ғалымдары келіп, қазба жұмыстарын жүргізген. Олардың мақсаты бұл кешенді толықтай ашып тастау еді. Бірақ ол жұмыс орта жолда тоқтап қалады. Сондықтан симпозиум өткізу арқылы қайта жүйелі зерттеу жүргізу үшін ғалымдардың назарын осы кешенге аударғымыз келеді. Екінші мәселе, ол жерде қазба жұмыстарын жүргізген кезде қорғандарды жартылай ашып тастаған, қайта қалпына келтірмеген. Бір сөзбен айтқанда, тарихи ескерткіштердің барлығы бұзылған, рекультивация жүргізілмеген. Рухани жаңғыру кезеңінде тарихи ескерткіштеріміздің бұлай ашылып-шашылып жатуы – бізге сын. Сондықтан биліктің, қоғамның назарын аудара отырып, осы мәселені шешуді мақсат тұттық, - деді Жантас Сафуллин.

88

Оның айтуынша, Егіндікөл мен Сегізсай ауылдарының арасы шамамен 12 шақырым. Сол аралықта сегіз шағын зираттық кешен бар. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған алтын бұйымдар №1 және №2 қорғаннан табылған. №2 қорғаннан сарматтар дәуірінің соңғы кезеңіне жататын дәулетті әйел жерленген екен, ол жерлеу бөлігінің құрылысымен де, шеттен әкелінген, жергілікті емес заттардың көптігімен де ерекшеленеді. Жауынгер жерленген №1 қорған да дәл осындай боп шыққан.

-Сегізсай кешеніне заманауи технологиямен зерттеулер жүргізілмеген. Обалардың ара қашықтығы шамамен жазылған. Сондықтан нақты координаттарын, топографикалық және фото суреттерін, сызбаларын жасап, қайтадан ғылыми айналымға келтіру – мақсатымыз. Сегізсай қорымы өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бастап зерттелсе де, археологиялық қазба жұмыстарының есебі, нәтижесі, әлі күнге көпшілікке белгісіз. Сондықтан сол зерттеулердің нәтижелерін жинақ қылып шығармақпыз,- деді Ж. Сафулиин.

Жақында Сегізсай кешені Қазақстанның қасиетті нысандарының қатарына енді. Болашақта ол ғалымдардың зерттеу нысанына айналып, инфрақұрылымдар тартылып, келешекте туризм орталықтарының біріне айналмақ.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале