22.05.2019, 19:04
Оқылды: 46

Сенат депутаттары Оралдағы білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін аралады

Ақ Жайық өңіріне іс сапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Серік Бектұрғанов, Нариман Төреғалиев, Сергей Ершов Орал шаһарындағы бірқатар мекемені аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.

Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжге бас сұққан халық қалаулыларын аталмыш колледждің директоры Светлана Бахишева қарсылап, оқу орнының кадрлық әлеуеті, материалдық-техникалық базасы және цифрландыру аясында енгізілген «Platonus» автоматтандырылған басқару жүйесі туралы әңгімеледі.

IMG_3015

 Бұл жоғары педагогикалық колледж 1913 жылдан бері мұғалімдерді даярлап келеді. Колледжде «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру», «Тәрбие жұмысын ұйымдастыру», «Дене тәрбиесі және спорт», «Кәсіптік білім беру», «Бастауыш білім беру», «Музыкалық білім беру» «Туризм», «Ақпараттық жүйелер» секілді он педагогикалық мамандық бойынша кадрлар даярлануда. Сондай-ақ «Бастауыш білім беру», «Негізгі орта білім беру» мамандықтары бойынша эксперименттік режимде қолданбалы бакалавриат даярлау бағдарламасы енгізілген. Колледжде 110 оқытушы еңбек етеді. Оның ішінде бір ғылым докторы, екі ғылым кандидаты, 12 магистр, 52 жоғары санатты, 24 бірінші санатты, 21 екінші санатты, 27 санатсыз оқытушылар бар. Жалпы 1978 студент білім алса, оның 796-сы мемлекеттік сұраныс бойынша, 1182-сі ақылы бөлімде оқиды.

Колледждің кредитті және қашықтықтан оқыту жүйесін автоматтандыруға арналған «Platonus» ақпараттық жүйесі де нәтижесін бере бастаған. Бағдарламаның хабарлама қызметі университеттің ағымдағы мәселелері жайлы ақпарат алуға мүмкіндік беріп, оқытушылардың хабарландырулары, тест тапсырмаларын тағайындау, оқытылатын пән бойынша жаңа әдебиеттің түсуі туралы ақпарат беруде.

Бас қосу барысында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Бектұрғанов шағын мектеп мұғалімдерін даярлауда арнайы бағдарлама енгізу қажеттігін жеткізді.

Халық қалаулылары Орал қалалық №1 емханаға бас сұғып, ақ халаттылардың жұмысын сырттай бақылады.

IMG_3021

Емхана директоры Светлана Ермекқалиеваның айтуынша, бұл емхана 70 256 тұрғынға дәрігерлік қызмет көрсетеді. Оның ішінде Деркөл ауылынан 15 115, Маштаков ауылынан 1 534 , Ветелки ауылынан 384 тұрғын тіркелген. Сондай-ақ 12 мектептің оқушылары және алты жоғарғы оқу орны мен арнаулы орта оқу ордасының студенттері де бар. 4 280 емделуші медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы бойынша тіркелген. Емхананың Орал қаласы М.Ықсанов көшесі, 44/2 және Еуразия даңғылы, 35 мекенжайында орналасқан екі филиалы, үш отбасылық денсаулық орталығы және «Деркөл» дәрігерлік амбулаториясы, Ветелки және Маштаков ауылдарындағы медициналық пунктері бар. Дәрігердің қабылдауына жазылуға арналған k-vrachu.kz веб-порталы, кезекті электронды басқаруға арналған табло нәтиже беруде. Сондай-ақ қант диабеті диагнозымен есепте тұрған науқастарды мобильді қосымша арқылы бақылау және жағдайын жақсарту мақсатында емханаға «Peek Retina» медициналық құрылғысын сатып алынған. Бұл құрылғы қант диабеті диагнозын дер кезінде анықтап, дерттің асқынуының алдын алады екен.

Халық қалаулылары емханадан соң Орал қалалық №33 мектепті көрді.

IMG_3157

-Бұл мектеп 1935 жылы салынған. Екі қабатты ғимарат 280 орынға арналған. Ашылған жылдан бастап мектеп ғимаратына ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мектепте 11 оқу кабинеті ғана бар. 1953 жылы салынған спорт залы күрделі жөндеу көрмегендіктен, терезелері қақырап тұр. Оқушыларға арналған шеберхана жоқ. Мәжіліс залы 20 орынға ғана арналған. Асхана 16 орындық. Осы кезге дейін бастауыш сыныптың 177 және көп балалы отбасында тәрбиеленген 40 оқушы кезектесіп тамақтанып келді. Бұл мектепте негізі екі ауысым бойынша 316 оқушы білім алды. Олардың 111-і саяжайдан келіп оқитын оқушылар.

 Қыс, көктем мезгілдерінде төбеден су ағып, оқушылардың өміріне қауіп төнгендіктен, 30 сәуірден бастап жақын маңда орналасқан №2 мектепке көштік. Электр желілері, жарық жүйелері әбден тозып, апатты жағдайда деп танылды. Жаңа мектептің құрылысын салу үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді бұл мектеп сүріліп, 300 балаға арналған жаңа мектеп бой көтермек,- деді қалалық №33 мектептің директоры Үміт Ерғалиева.

Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаттары бұл аудандағы халықтың өсу динамикасына орай мектеп ғимаратының сыйымдылығын  600 немесе 900 орынға шақтап салу қажеттігі туралы ұсыныстарын айтты.

                                                                 Гүлсезім Бияшева,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

         zhaikpress.kz

IMG_3119

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале