12.12.2019, 21:09
Оқылды: 215

Серік Сүйінбаев, БҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы: «Жеке құраммен жұмыстың ақсап кеткенін мойындаймыз»

Қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында облыста полиция қызметкерлерінің қатысуымен үш бірдей жол-көлік оқиғасы орын алғаны белгілі. Тәртіп сақшылары басқарған автокөліктен қатты жарақат алған екі науқастың жағдайы әлі күрделі болса, апат салдарынан төрт баланың анасы есін жимастан ауруханада көз жұмды. Біріне-бірі жалғасқан бұл оқиғалар әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамдық резонанс туғызды. Пікір білдіргендердің қатарында облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимовтың өз еркімен отставкаға кетуін талап еткендер де табылып жатты.

dp (1)

Бүгін облыстық полиция департаментінде БАҚ өкілдерінің, департамент офицерлерінің, облыстық полиция департаменті жанындағы үйлестіру кеңесі мен ардагерлер кеңесі мүшелерінің қатысуымен брифинг өтті. Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев аталмыш брифингтің өзгешелеу форматта ұйымдастырылып отырғанын айтты.

-Соңғы айда біздің қызметкерлердің қатысуымен үш жол-көлік оқиғасы орын алды. Өкінішке орай, бір адам мерт болды. Бұл үлкен қайғы. Балалар анасыз қалды, ата-ана қызынан, жұбайы зайыбынан айырылды. Қызметкеріміздің жүгенсіз әрекеті үшін марқұмның туған-туысынан кешірім сұрай отырып, қайғыларына ортақ екенімізді айтқым келеді. Өз тарапымыздан осы үш жол апатында зардап шеккен жандарға және оларлың отбасыларына барлық көмекті көрсетеміз.

Біз ешкімді ақтап, қорғаштап отырғанымыз жоқ. Жол-көлік оқиғасын жасаған үш қызметкер құқық қорғау органынан шығарылып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүруде. Қылмыстық істер сотқа жолданады. Төрт баланың анасының өліміне кінәлі полиция қызметкерінің тәртіптік ісі осы залда қаралып, қолына кісен салынып, уақытша қамау изоляторына қамалды,-деді Серік Сүйінбаев.

dp (2)

Облыстық полиция департаменті жанындағы үйлестіру кеңесінің төрағасы Қазыбай Бозымов құқық қорғау қызметкерлерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларын халықтың қызу талқыға салуын дұрыс деп санайды.

-Мұндай жағдай кез келген адамның басында болуы мүмкін. Бірақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен өмірін қорғап, қылмыспен күресте алдыңғы шепте жүруі тиіс полиция қызметкерінің өзі қылмысқа жол беріп отыр. Біздің сержанттар мен офицерлерімізге ішкі мәдениет, ішкі жауапкершілік жетіспейді. Таңертең ұйқысынан тұрғанда полиция қызметкері ел аман, жұрт тыныш болсын деп ойласа, ол күні бойы жан-жағына қарап жүрер еді. Ол өзінің әке-шешесі мен ұл-қызына қандай мейірімді болса, әр азаматқа сондай мейірімді болар еді. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің жалақысын көтерген, баспана мәселесін шешкен бір мәселе. Алайда біз органға кімдерді жұмысқа қабылдап жатырмыз деген сұрақ бәрінен маңыздырақ болуы тиіс. Үш дипломы бола тұра, ішкі мәдениеті мен адамгершілігі болмаса, тәртіп сақшысы деген құрметті атқа лайық па?! Осы келеңсіз жайттардың барлығы да жеке құраммен жұмыстың тиісті дәрежеде жүргізілмеуі себебінен орын алып отыр,-деді Қазыбай Қараұлы.

Облыстық полиция департаменті республика бойынша көптеген көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда екенін, жыл басынан бері 19 мыңнан астам қылмыстық іс тергеліп, оның 11 мыңы сотқа жеткізілгенін мәлімдеген департамент бастығының міндетін атқарушы Серік Сүйінбаев көрсеткіштің артынан қуып жүргенде, жеке құраммен жұмыстың ақсап кеткенін мойындайтынын айтты. Жауапсыз қызметкерлердің кесірінен құқық бұзушылықтың алдын алуда және қылмыспен күресте уақытпен санаспай өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, еңбек жүрген облыс тәртіп сақшыларының ауқымды жұмысына сын тағылып жатқаны қынжылтатынын жеткізді.

Жиында ішкі істер органдарының ардагерлері Жайлыбай Адаев, Сайын Антазиев, Константин Кабанкиндер үш полиция қызметкерінің қателігіне бола, облыстағы бүкіл полицияның жұмысын жоққа шығаруға болмайды деген пікір білдірді. Жеке құраммен тәрбие жұмыстарын жетілдіруге қатысты ұсыныстарымен де бөлісті. Сөз алғандардың барлығы да облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Аблазимовтың отставкасын талап еткен тұрғындардың пікірімен келіспейтінін, жеме-жемге келгенде бұл ішкі істер министрлігінің құзырындағы мәселе екенін айтып, халықты сабырға шақырды.

 Динара Жұмабекқызы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале