21.01.2021, 16:35
Оқылды: 327

«Серпіннің» серпіні

2014 жылы елімізде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы шеңберінде  «Серпін» бағдарламасы іске  қосылды. Бағдарлама бойынша  Алматы, Түркістан  (Оңтүстік  Қазақстан), Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау өңірінен келген жастар  Қостанай, Қарағанды, Шығыс,  Солтүстік және Батыс Қазақстан  облыстарындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында  білім алуда. Батыс Қазақстан облысы бойынша алты жылдан  бері 545 жас жеті колледжге оқуға  түскен.

7D31D5F6-561A-4B4C-A019-6B434BAB47B9

Орал қаласындағы жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің түлегі Майра Алпамысова былтыр БҚИТУ-ға қызметке тұрған. Қазіргі уақытта университеттің «Platonus» аутоматтандырылған ақпараттық жүйесі бойынша білім беру бағдарламасының сапалы жұмыс істеуін қадағалайтын маман. Маңғыстау өңірінен келген бойжеткен аталған колледжге 2016 жылы қабылданған.

– Алғашында «Серпін» бағдарламасы бар екенін  білмедім. Колледжден тегін білім алуға болатынын естігенде оқуға түсуге шешім қабылдадым. Оралға келген соң, колледж ұжымы мен студенттер жылы қабақпен қарады. Бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша тегін кәсіптік білім алдым. Жатақханада тегін тұрдым. Орал табиғатының қыста суық болатыны ескеріліп, бірінші курста жылы киім-кешек алу үшін арнайы шотқа ақша аударылды. Алғашқы кезде шәкіртақымыз 19 мың теңге көлемінде болды. Кейін 21 мың теңгеге дейін көбейді,    дейді Майра.

Жоғары  инженерлік-технологиялық колледжі 2000 жылы құрылды. Колледж техникалық, мұнай-газ ісі, экология, ауыл шаруашылығы және экономика салалары бойынша 25 мамандыққа оқытады. Колледж директоры Серік Әлімбековтің айтуынша, «Серпін» бойынша оқуға қабылданған студенттерді теміржол бекетінен қарсы алу, қаланың көрікті көшелері мен тарихи орындарын таныстыру үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Орал қаласынан білім аламын деп, көңілі алабұртып келгендер үшін мұндай дәстүр шарапаты  зор  демеу  болатыны  анық.

– Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» бағдарламалық мақаласы негізінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Сол кезде жобаға жетекшілік еткен Мұрат Әбенов Орал қаласына да келіп, үгіт жұмысын жүргізді. Бағдарлама мақсаты – еңбек қолы жетіспей жатқан өңірлерде мамандар даярлау. Алғашында студенттер ветеринария және балық шаруашылығы мамандықтары бойынша оқыды. 2019 жылы «Серпін» бойынша соңғы лек келді. Оған дейін 290 жасты қабылдадық. «Серпін» жобасын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына енгізілуіне байланысты жоғары оқу орындарында ғана оқыту жалғасын тапты, – дейді Серік Әлімбеков.

Мектеп бітірген талапкерлер «Серпін» бойынша үш жыл оқиды. 2017 жылдан бастап облыстық білім басқармасы «серпіндіктердің» көбін жоғары инженерліктехнологиялық колледжге бағыттаған. Жоба іске қосылған жылдары азық-түлікке дейін қаражат бөлінген.

2017 жылға дейін бағдарлама есебінен киім-кешек сатып алынып берілген. Соңғы жылдары мұндай жеңілдіктер көрсетілмейді. Жоғары инженерлік-технологиялық колледжге Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан келген студенттер қабылданған. Өмір жолындағы түрлі себептерге байланысты оқуын аяқтамай кететіндері де болады. Оған қоса, колледждің барлық студентіне оқу тәртібі бірдей талап етілетіні де түсінікті.

Колледж білім алушыларын дуальды оқыту жүйесімен қамту үшін көптеген кәсіпорынмен келісімшартқа отырған. «Техникалық және кәсіптік мамандықтардың қыр-сырын таныстыру үшін келісімшарт жасасқан кәсіпорындар колледж түлектерін өндірістік іс-тәжірибеден өткізіп, үздіктерін жұмысқа алып та жатады. Біздің ұжым заман талабына сай кадр даярлайды. Бірақ жұмысқа орналастырғанымен, басқа өңірден келген жас мамандарды ұстап қалу қиын. Себебі баспана табу мәселесі өте өзекті. Пәтер жалдап тұруға еңбек жолын енді бастаған маманның жалақысы жете бермейді. Сондықтан колледжді тәмамдаған маманға аяқтан тұрып кеткенше 1-2 жыл әлеуметтік қолдау көрсеткен дұрыс. Орта кәсіптік білім алған соң, алғашында аз жалақыны қанағат тұтуына тура келеді», – деді Серік Ахметұлы.

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Серпін» жобасы бойынша оқып жүргендердің басын қосып, кәсіби шеберлік байқауы мен қоғамдық және спорттық іс-шараларды тұрақты өткізеді. Оған колледж студенттері белсенді қатысып тұрады. «Серпін» бойынша қазіргі уақытта колледжде 32 студент оқиды. Олар ақпараттық жүйелер (техник-бағдарламашы – 22 адам), электрмен жабдықтау (электрик – 10 адам) мамандығы бойынша білім алуда. Облыстағы кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында 2014 жылдан 2020 жылға дейін барлығы 417 студент оқуын аяқтады. 2017 жылы облыста 13 түлек (бұл бітірушілердің жалпы санының 6%-ы), 2018 жылы 7 түлек (6%), 2019 жылы 26 түлек (6,4%) өңірде қалды. 2020-2021 оқу жылы  бағдарлама аясында студенттер қабылданбады.

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» («Серпін») әлеуметтік жобасына өңірдегі жоғары оқу орындары да қатысуда. 2014 жылдан бастап М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде 400-ден астам түлек бағдарлама аясында білім алды. Биыл 60-тан астам түлек оқу орнын аяқтағалы отыр. Бұл бағдарламаның бірінші жылында педагогикалық мамандықтар қамтылған. Кейін оның аясы кеңейіп, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беріледі. «Серпін» бағдарламасы  негізінде оқуға түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі және оқу бітірген соң, университет олардың жұмысқа тұруына  ықпал жасайды. Жыл сайын бір студенттің оқуына 443 300 теңге бөлінеді. «Білім» дайындық тобының мамандықтары бойынша білім алып жатқан түлектер үшін негізгі жұмыс берушілер – Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен қалалық және аудандық білім беру бөлімдері. Қазіргі таңда бос жұмыс орындары туралы олар ақпарат берді. Сәуір-мамыр айларында білім саласы құрылымдарымен бірлесіп, түлектерді жұмысқа орналастыру іс-шарасы өткізіледі. Соның нәтижесі бойынша түлектер  жұмысқа  жолданатын  болады.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Элизабетти Тоғызбай,

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың 4-курс студенті:

– Маңғыстау облысынан «Серпін» бағдарламасы арқылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне оқуға түстім. Аталған жоғары оқу орнында химия-биология және химия-физика бейіндік пәнін таңдаған түлектерге бес мамандық түрі бар. Химия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы заман талабына сай білікті де білгір мамандарды даярлайды. Оқу барысында университетімізде студенттің қоғамдық жұмысқа араласуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Университетімізді бітірген түлектер өздері аяқтаған мамандықтары бойынша  жоғары  сұранысқа  ие.

Теміржан Оразов,

Орал қалалық ақпараттық талдау  және жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталығының  қызметкері:

– «Мәңгілік ел жастары – индустрияға»  «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы сыйлаған төрт жылғы студенттік өмірімнің қызығы мен шыжығы толы болды. Менің туып-өскен жерім – Түркістан облысындағы Жетісай қаласы. 2015 жылы арман қуып, Алматыға барам деген жігіт Ақ Жайыққа қоныс аударды. Батыс Қазақстан дегенде «не зат, нән, қасқа, керім» деген диалектілер тілге оралады. Орал қаласына жүрдек пойыздан түскен кезден адамдарының көңілі ақ жарқын, ниеті таза екенін жүздерінен байқап, қалаға деген махаббатым алғашқы аяқ басқан жерден басталды. Мен таңдаған оқу орны тамыры терең, тарихы бай М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті болатын. Алғашқы күннен бастап студенттік өзін-өзі басқару ұйымының белсенділері қарсылап алып, қала іші мен универдегі оқу тәртібі туралы түсіндіріп, алдағы уақытта қатарларына қосылуға шақырды. Білімге, жарқын болашаққа деген үмітімді одан әрі еселей түсті. Білімге деген бәсекенің екпіні күшті заманда көп арасынан суырылып алға шығу – кім-кімге де үлкен сын. Жастардың алдыңғы қатарынан көрінуге мүмкіндік берген, оза шапқандарды жастар қозғалысына тартқан, жастарға ұйытқы бола білген университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамының еңбегі ерен. Міне, оқу ордасы оятқан шаһарға деген махаббат мені Орал қаласында  қызмет етуіме әкелді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале