14.08.2020, 11:09
Оқылды: 109

Шабындығы шұрайсыз шаруа қайтіп күн көрмек?

Қазақта «Жаз – жарыс, күз – күрес» деген жақсы сөз бар. Соңғы күндері шілденің шіліңгір, аптап ыстығы басылып, таңғы салқын күздің де келіп жеткенінен хабар бергендей.

B616FCDE-0F4D-484B-A540-149BF3A1A7A4

Одан соң қылышын сүйретiп, қаһарына мiнiп қыс та есiк қағатыны бесенеден белiгiлi. Иә, қыс – қатал сыншы десек, одан қысылмай, қымтырылмай шығынсыз шығуға осы бастан тыңғылықты дайындық жасау қажет-ақ. Ауылдағы ағайын үйдегі отын-суын қамдап, қолдағы тұяғының жем-шөбiн әзiрлеп әлек.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп санайтын кей ауылдағы ағайын үшін биыл мал азыған дайындау оңайға түспейін деп тұр. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл облыста шөптің шығымы тым төмен. Биылғы қуаңшылықтың салдарынан онсыз да селдір шыққан өсімдік атаулыны шілденің ыстығы күйдіріп жіберді. Шарасыз шаруалар өнімділігі жүрген еңбекті ақтамаса да, жерден көрінген қылтанақ шөпті тірнектеп жинауға мәжбүр болуда. Бұл жағдай барлық ауданға бірдей деуден аулақпыз. Кей аймаққа табиғат ана мейірімін төгіп, риыздығын молынан ұсынуда. Тіпті бір ауданның аумағындағы округтердегі жағдай әр қилы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының берген мәліметтеріне сүйеніп, әр аудандағы мал азығының бүгінгі бағасын сараптап көрелік. Шөптің бағасы шарықтап тұрған аудандардың қатарында Ақжайық, Жаңақала, Казталов аудандары мен Орал қаласы бар. Бұл жерлерде салмағы 250-300 келі болатын бір бума (рулон) шөптің орташа құны 6000-8000 теңге шамасында сатылуда. Ал Бөкей ордасы, Бөрлі, Бәйтерек, Сырым, Теректі аудандарындағы бір буманың бағасы 4000-6000 теңгені құрайды. Тиісінше Жәнібек, Қаратөбе, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында әр бума 2500-4500 теңге аралығында сатылуда.

Енді қара есепке салып көрелік. Ауыл шаруашылығы мамандары ұсынған есепке сүйенсек, бір бас ірі қараны үш ай қыстан алып шығуға орташа есеппен 20 центнер құрғақ шөп қажет екен (әр малдың қоңын жоғалтпай, қыстан «сүйкімді» шығуы үшін керекті 250-270 келі жем туралы тіпті сөз қозғамай-ақ қояйық). Құп делік. Жоғарыда айтқанымыздай, салмағы 250 келі болатын бір бума шөптің бағасын орташа есеппен 8000 теңге деп алайық. Қыс қалыпты өтеді деп, «соқыр» болжам жасағанның өзінде бір бас малға екі тоннаға жуық, яғни 8-10 бума шөп қажет. Оның құны теңгеге шаққанда 80 мыңнан бір-ақ шығады. Сонда алдында үш сиыры бар шаруаға қажетті шөп алып, малын қыстан аман алып шығуы үшін 250 мың теңгедей қаражат керек екен. Биылғыдай аты жаман індет жағадан алып, жайсыздау кезге тап болған уақытта мұндай қаржы  табудың өзі өте қиын. Шаруаға бір-екі бас малын сатып, сол ақшаға жем-шөп алудан басқа амал қалмайды-ау. Ал қолындағы бірер қарасының сүтін сауып, май-қаймағын, айран-көжесін қамдамауға ерінетін ағайын малына азық ала алмай, басын азайтуы немесе мүлдем жойып жіберуі әбден мүмкін.

EED9F165-5481-4904-8338-D12C27C7FD19

Ойды ой қозғайды. Бір бас малдың төлін өсіріп, етке өткізіп, ақшасын кәдеге жарату үшін кем дегенде үш жыл уақыт керек делік. Шаруаның қысы-жазғы бейнеті немесе бақташының еңбегі үшін төлейтін ақшаны есепке алмағанның өзінде жылма-жыл шөптің бағасы биылғыдай деңгейде болса, ол малдың қыстық азығы 80-90 мыңды болып тұрса, үш жылда малдың өзіндік құны неше теңгені құрамақ?! Ал ол малдың етінің бағасы дүкен сөрелеріне түскенде қанша болатынын есептей беріңіздер.

Ендігі міндет – «жауын-шашын болмады, шөп бітік шықпады» деп қарап отырмай, амалын тауып, өңірдегі төрт түлікті қыстан алып шығу болып отыр. Жақында оңтүстік аудандарға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғали Есқалиев те ауыл-аймақтағы шөп тапшылығын көріп, түйткілді бірлесе шешіп, қиындықты ұйымшылдықпен еңсеру керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ өңір басшысы шөбі шүйгін шыққан аудандардағы қожалық иелерін өздерінен артылған мал азығын мұқтаж аудандар мен ауылдарға жеткізіп, көмек қолдарын созу керектігін, әр бума шөптің бағасын шама келгенше 4-4,5 мың теңгеден асырмау қажеттігін айтқан еді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есполовтың айтуынша, биыл мал қыстағына облыс бойынша 809,1 мың шартты ауыл шаруашылығы малдары кіреді деп жоспарлануда. Мал азығына деген қажеттілік 1616 мың тонна болса, керекті жем мөлшері 180 мың тоннаны құрап отыр.

- Бүгінгі күні 1747,2 мың га шабындық шабылды. Облыстағы шөп шабудың орташа өнімділігі 3,3 ц/га құрап отыр. Қазіргі таңда аудандарда 579,6 мың тонна шөп әзірленді. Өткен жылдан қалған шөпті қоса есептегенде барлығы 1075,7 мың тонна шөп даярланды. Бұл жоспардың 66,6 %-ын құрайды. Жалпы, шөп шабу науқанына 2,9 мың дана орақ қатысуда. Сонымен қатар облыста 60,0 мың тоннадай жем өндіріледі деп күтілуде. Қалған қажеттілік еліміздің астықты өңірлерінен және Ресейдің шекаралас облыстарынан сатып алу жоспарланып отыр. Биыл облысымыздың Казталов, Ақжайық, Жаңақала аудандарында шөп шығымдылығы өте төмен. Қажетті мал азығын толықтай  дайындауға мүмкіндік болмауына байланысты аталған аудан шаруашылықтары Бәйтерек, Тасқала, Сырым, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарынан шөп сатып алуда. Сондай-ақ келісім негізінде, шабындық жерлерден және пайдаланылмай жатқан алқаптардан мал азығын дайындау жұмыстары ұйымдастырылуда. Мал азығын тасымалдау шілде айынан бері жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 9 тамызындағы мәлімет бойынша өзге аудандар аумағынан Казталовқа 6,5 мың тонна (21,7 мың бума) шөп,  Ақжайық ауданына 2,9 мың тонна (9,5 мың бума) шөп және Жаңақала ауданына 0,84 мың тонна (2,8 мың бума) шөп, барлығы 10,2 мың тонна немесе 34 мың бума шөп тасымалданды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда, - дейді Алмат Есполұлы.

Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановтың айтуынша, күні бүгінге, Шыңғырлау ауданының «Темірлан» шаруа қожалығымен келіссөздер жүргізіліп, екі жүк көлігімен 280 бума шөп тасымалданған. Оған қоса Сырым, Жәнібек, Тасқала, Бәйтерек аудандарынан және Болашақ ауылдық округінен де мал азығы тасымалы жүргізілуде.

- Мал азығының бағасы жолдың ұзақтығына, жанар-жағармайдың шығынына, шөптің құнарлылығына байланысты әркелкі болып отыр. Қазіргі уақытта 14 бірлік ауыр жүк аутокөліктері тасымал жұмыстарына қатысуда. Болашақ ауылдық округінен тасымалданған бір бума шөп бағасы 7 мың, Тасқала, Бәйтерек ауданынан әкелінген буманың құны 8 мың, Шыңғырлау, Сырым, Жәнібек аудандарынан 9 мың теңгеден, ал Жәнібек ауданынан жеткізілген бір тайланған шөптің (тюк) бағасы - 700 теңгеден (бумаға айналдырғанда бағасы - 8500 теңге) болып отыр, - дейді С.Тоқпанов.

Бөлім басшысы аудан көлемінде киіктің саны әлдеқайда артып, біраз елді мекендердегі шөпті отап кеткені туралы да мәлімдеді. Облыс әкімі бұл түйткілді шешу үшін үш ауданның аумағында Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес үш жерден резерват ашу мәселесін Үкіметтің қарастырып жатқандығын айтқан болатын.

Қалай болғанда да, «Жығылғанға жұдырық» демекші, елді жаулаған індет, өңір экономикасының құлдырауы, жауын-шашын мөлшерінің аздығы, өзен-көлдердегі судың тапшылығы, шабындықтарға судың шықпауы шаруаларға әжептәуір қиынға соғуда. Дегенмен әр нәрсеге сабырлық танытып, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын халықпыз ғой. Қиындықтың да, қуаңшылықтың да артта қалып, келер жылдың жайлы болуынан үміттенейік, ағайын!

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале