7.08.2020, 18:12
Оқылды: 137

Шағын индустриалды аймақтар құрылуда

Өңірдегі экономикалық ахуалды жақсарту, шағын және орта кәсіпкерлікке оңтайлы жағдай жасап, қолдау көрсету мақсатында бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Аталған бағыттағы жұмыстарды ширату үшін облыстағы «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ шағын индустриалды аймақтар құру жұмыстарын жүргізуде.

BA9D3023-D918-4034-BFD9-14C44BA7CDFC

-Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шағын индустриалды аймақтар жасақтау жұмыстары атқарылуда. Бұл бағытта Деркөл кенті маңынан әрқайсысы үш гектарды құрайтын екі жер телімі белгіленді. Ол маңға ифрақұрылымдық желілер де көп қашықта емес. Қазір осы жерлерге шағын индустриалды аймақ салуға ниетті инвесторлар іздестірудеміз. Бұл жерлер инвесторға нарықтық бағамен емес, кадастрлық бағамен беріледі. Аталған аумаққа өз қаржысын құйып, кәсібін дамытамын деген адамға екі нұсқа ұсынылады. Біріншісі кәсіпкер өз қаражаты есебінен сол жерге толығымен сауда, қойма немесе басқа да нысандар салып, келушілерге жалға берулеріне болады. Екінші нұсқада инвестор жердің жартысына өз кәсібін дамыту үшін өндіріс орнын салуға, ал қалған бөлігіне нысандар салуы, төмен бағамен жалға беруі тиіс. Сонымен қатар Орал қаласындағы және шаһарға жақын аймақтағы бос тұрған ғимараттардың иелерін анықтап, олармен екі жақты келісімдер жасау арқылы да шағын индустралды аймақтар құру жайы қарастырылуда. Яғни бір кәсіпкердің меншігінде қаңырап бос тұрған ғимарат бар делік. Нысанды жөндеп, кәдеге жаратуға ол кәсіп иесінің қаржысы немесе уақыты жоқ. Ал басқа кәсіпкер өз жобасын жүзеге асыратын ыңғайлы жер таба алмай әлек. Біздің басты мақсатымыз - осы екі тарапты тауып, өзара келісім жасатып, шағын индустриалды аймақтар құру. Сондай-ақ өңір кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты түсінік беріп, сол жеңілдіктер арқылы бір орында тұралап қалмай өз бизнесін дамытуға болатыны туралы ақпарат беру, жәрдемдесу де біздің басты міндетіміз,-дейді «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Надир Құрымбаев.

EDE43DD5-8F53-45FC-84C0-A9F8099D6683

Жақында Желаев кентіде орналасқан өндіріс аумағындағы бос тұрған ғимараттар шағын индустриалды аймақ құру мақсатында жалға берілді. Көп жылдардан бері ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу, қалпына келтірумен айналысатын «МастерСпорта» ЖШС бүгінде нысандарды жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

-Аумағы кең бұрынғы «Коммунтехсервис» кәсіпорнының ғимараттарын ұзақ мерзімге жалға алдық. Уақыт өте өз меншігімізге сатып аламыз деген жоспарымыз да бар. Ғимараттар Кеңес үкіметі кезінен бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен. Бүгінде техника жөндеуге арналған нысандардың 300 шаршы метр аумағы жаңғыртылды. Бұл нысанның керекті аумағын өз керегімізге жаратсақ, қалғанын жалға беруге ниеттіміз. Бізге келіп, жеңілдетілген бағамен жалға аламын деушілерге көлік жөндеуге арналған төрт нысан дайын тұр,- дейді серіктестік директоры Николай Каськевич.

Айта кетейік, бүгінде Орал қаласында ғимаратты жалға алудың орташа құны әр шаршы метріне 1,5 теңгені құрайды. Ал жасақталып жатқан шағын индустриалды аймақтардағы баға 900-1000теңге шамасында.

-Бүгінде шағын және орта бизнес үшін ғимаратты жалға беру құнын 700-800 теңгеге дейін төмендету мақсатында жұмыстар жүргізудеміз. Ол үшін бос тұрған ғимараттарға сараптама жасалып, иелерімен келіссөздер жүргізілуде. Біздермен жұмыс жасауға дайын кәсіпкерлер де бар. Біз өз тарапымыздан оларға қолдау көрсетіп, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде пайызы төмен несие алуға жәрдемдесеміз,-дейді Надир Құрымбаев.

Басқарма төрағасының айтуынша, шағын индустриалды аймақтың ауқымын кеңейту мақсатында Тасқала ауданының Бірлік ауылы маңынан 70 гектар жер телімі бөлінген. Сондай-ақ облыс орталығына жақын орналасқан Зашаған, Подстепный, Желаев секілді кенттік округтер маңынан да шағын индустриалды аймақ ашу жұмыстары жүргізілуде.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале