31.03.2020, 15:58
Оқылды: 108

Шаһарға кіріп-шығу шектелді

Батыс Қазақстан облысы және Орал қаласы бойынша 31 наурыздан 1-ші сәуірге қараған түннен бастап коронавирус пандемиясына сәйкес күшейтілген карантин жарияланды.

97BD47C8-739B-45DA-88F8-C0D41D74888A

Шаһарға кірме жолдар бойына қойылған сегіз блокпосттарда жергілікті полиция қызметкерлері, эпидемиялогиялық мамандар және жергілікті атқарушы органның жауапты қызметкерлері жұмыс жасауда.

Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді.

- Короновирус пандемиясына байланысты өңірде жарияланған карантинге орай облыс орталығы маңында сегіз блокпост орнатылған болатын. Қазіргі таңда Зашаған кенті Бор тау шағын ауданы бағынындағы жаңа көпір маңындағы бұрынғы жол полициясы бекетінен қосымша тоғызыншы блокпост ашу жұмыстары жүргізілуде. Ол жерлердегі қазіргі жағдай тұрақты. Тұрғындар белгіленген тәртіпті жіті түсіну үшін бір-екі тәулік түсіндірме шаралары жүргізіледі. Бұл шаралар аяқталған соң әр бағыттағы блокпосттар толықтай жабылады. Қалаға жақын маңнан қатынап еңбек ететіндер жұмыс орындарынан арнайы анықтама алулары қажет. Шаһарға жақын орналасқан Бәйтерек, Теректі секілді аудандардан келіп, жұмыс жасайтын тұрғындарының тізімін жасақталады. Сол тізімге енген адамдар ғана блокпосттардан өте алады. Сондай-ақ біздің тарапымыздан облыс орталығынан аудандарға шығып, жұмыс істейтін адамдардың тізімі жасақталатын болады. Ал қала маңындағы саяжайларға шаһар тұрғындары тек әр аптаның сәрсенбі және сенбі күндері бара алады. Бүгінде 200-ге жуық саяжай серіктестіктерімен келісім жасалып, олар да тізім ұсынатын болады. Басқа күндері шаһардан шығу шектеледі,– деді қала әкімінің орынбасары Бақытжан Қаберұлы.

Спикердің мәлімдеуінше, жоғарда аталған болк-посттар Самара-Шымкент тас жолы бойындағы қалаға кіреберіске, Желаев трассасында, Новенький ауылына барар жолда, Самара-Шымкент тас жолы бойындағы «Ақжол» кафесі тұсына, сондай-ақ Зашаған кентіндегі Жәңгір хан Айтқұлов көшелері, Айтқұлов Саратов тас жолы қиылыстарына, «Көкжиек» ықшамауданындағы  Белес, Ветелки ауылдарына барар жолға орнатылған.

- Облыс бойынша бүгінгі таңда екі науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда. Бүгінде олардың жағдайлары қалыпты. Эпидемиологиялық тексеру барысында екі науқаспен тікелей қарым-қатынаста болған азаматтар оқшауланып, коронавирус жұқпасына сынама алынды. Облыс бойынша Кумыска және Бәйтерек провизорлық стационарларында 53 адам оқшауланса, Ивушка карантиндік стационарында 38 адам жатыр. Оларға күнделікті медициналық бақылау жүргізілуде. Күні кеше БҚО бас санитарлық дәрігерінің өңіріміздегі коронавирус жұқпасының алдын алуға бағытталған қаулысы шыққан болатын. Осы қаулы негізінде көптеген шаралар күшейтілген. Тізімге сай келмейтін нысандар өз жұмысын тоқтатуда. Азық-түлік өнімдерін сататын дүкендердің жұмыс  уақыты таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін жалғасады. Сондай-ақ дәмхана, мейрамхана, кафелер үйге жеткізу қызметі болмаған жағдайда жұмысын тоқтатады.  Жалпы облыс бойынша жалпы санитарлық эпидемиологиялық жұмыстар жоспарға сай атқарылып, күшейтілген режимде жұмыстар жүргізілуде, - деді баспасөз мәслихатында сөз алған Нұрлыбек Мұстаев.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале