6.04.2018, 16:16
Оқылды: 164

Шалқыма Құрманалинамен «Ұлағатты ұстаз» атты кездесу кеші өтті

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор  Шалқыма Құрманалинамен  «Ұлағатты ұстаз» атты  кездесу кеші өтті. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ұйымдастырылған басқосуға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен студенттері  қатысты.

ҚР Білім беру ісінің озаты, ҚР педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Ы.Алтынсарин атындағы  төсбелгісінің иегері Шалқыма Хайроллақызы  40 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарған жан. Ақтөбе облысына қарасты Октябрь ауданының Жұрын ауылында дүниеге келген ол бала күнінен мұғалім болуды армандапты.

-Өмірде ұстаздың алдынан өтпеген жан жоқ. Мен еңбек жолымды 1970 жылы қазіргі Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде бастадым. Кішкентай кезімнен ата-әжемнің ерке  қызы болып өстім. Атам Нұртай Құрманәлин мешіт ұстаған молда, әрі сол кездегі ауқатты  адам болған. 1937 жылы атамды бай деп ұстап алып кеткен. Кейіннен ақталып шықты. Ол кісінің артында әжеммен бірге  Хайролла деген ұлы мен Шалқия деген қызы қалған. Мен сол атамның жалғыз тұяғы Хайролланың үлкен қызымын.  Жанұяда төрт қыз, үш ұл өстік. Әжем Ажар «майор кемпір» атанған ақылды, қайратты адам болды. Ауылдағы ұрыс-керіс, дау-дамайларды шешіп, бүгінгінің медиаторлары секілді  болатын. Ауылдың адамдары әжемізді төбесіне көтеріп, сыйлайтын еді. Осы күнгі «қайырымдылық акциясы» дегенді мен ең алғаш әжемнен көрген екенмін. Ауыл адамдарының мұң-мұқтажын, жоғын түгелдеп, бәріне көмектескенше тыным таппайтын. Әкемнің  қарындасы Шалқия апам мен Тұран ағамның перзенттері болмағандықтан, солардың қолында тәрбиелендім. Тұран ағам физика-математика пәнінің, Шалқия апам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Ұстаздар отбасында өскендіктен бе, әйтеуір, арманым – мұғалім болу еді. Қазір ойлап қарасам, мен бала болып ойнап көрмеппін. Ылғи ақ қағазды шимайлап жаза беретінмін.  Әкем үйге көп газет алып келетін. Сол газеттің алғашқы бетіндегі «Правда», «Гудок» деген сөздерді ақ қағазға өзім жазып үйрендім. Сонда өзімнің не жазып жатқанымды да білмеймін. Әріптерді үйреніп жүрген түрім ғой. Әжем мені «Осы қызым оқымысты болады» дейтін.   Тағы бір есімнен кетпейтіні, мектепке баратын жасқа жетпесем де оқығым келетін.  Содан жылап қоймағасын, әжем мені бес жасқа толар-толмастан мектепке алып келді. Сол жылы қабылдамай қойды. Еңіреп жылап, үйге қайттым.  Алақандай ауылдағы шағын мектепке келесі жылы бүкіл  әріптерді танып, 100-ге дейін санауды біліп, әжеммен тағы бардым. Оқуға қабылдандым. Кейін Ақтөбе қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алдым. Жұбайым Жетібай Жолдасұлы сол мектептің «алғашқы қарлығаштарының» бірі. Мектеп бітірген соң екінші әке-шешемнің қалауымен Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институттың  автоматика-телемеханика факультетіне оқуға түстім. Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылына, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жерге келін болдым. Алғаш келін болып түскен жылдары басымызға орамалымызды салып, жез самаурынмен отыз-қырық кесеге шай құйып жүрдік. Ауыл адамдары жүріс-тұрысымызға, іс-қимылымызға сын көзбен қарайтын. Осындай қазақы жердің сынынан өтуіме маған әжемнің берген тәлім-тәрбиесі көмектесті. Кейін жұбайымды жолдамамен Орал қаласына жіберді. Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетінде білімімді жалғастырдым. Алланың берген төрт қызын өсірдік.  Әйелдің қолында үлкен құдірет бар. Аталарымыз  «Ер адам — бас, әйел — мойын» деп бекер айтпаған.  Мойын қайда бұрылса, бас сонда жүреді. Сондықтан отбасындағы жарасым, ырыс-несібе, береке-бірлік – бәрі әйелдің қолында. Ер адамның тапқан табысын келістіріп, пайдалы жұмсау, жанұядағы  сыйластық пен шуақты сақтай білу — бәрі  әйелге байланысты. Әйелдердің тыныс-тіршілігі туралы көп мақала жаздым. Осы бағытта әжемнің атымен «Ажар» қоғамдық бірлестігін аштым.  Ақылды әйел ұяның бұзылуына жол бермеуге тырысады. Отбасында әкенің беделін биік ұстап, абыройын жоғары көтеру әйелдің қолында. Ол ең алдымен «Әкеңе айтамын, әкеңмен ақылдас, әкеңнің рұқсатынсыз ештеңе айта алмаймын» деген сөздерді балаға жиі айтудан басталады,- деді кеш иесі емен-жарқын әңгіме барысында.

Басқосуда  Шалқыма Хайроллақызының  Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждегі  әріптестері мен  шәкірттері ақ жарма тілектерін арнады.

                                                                                      Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале