16.08.2017, 15:13
Оқылды: 71

«Шейх Халил» 8 жылға сотталды

Бүгін Орал қалалық соты экстремистік идеология фактісіне қатысты үкім шығарды.


«Шейх Халил» лақап атымен көпке та­ны­мал А.Абдужаббаров ҚР Қылмыстық кодексі­нің 164-бабы бойынша «діни өшпенділікті қоздырғаны үшін» 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің мәліметі бойынша, ол 2000 жылдары еліміздің батыс аймағында терроризм мен экстремизмге үгіт­тей­тін уахаббилік «тәк­пір» жа­ма­ға­ты­ның идеологиясын наси­хаттаған.

«Аманат-Жайық» қо­ғам­дық қорының төрағасы, теолог Ержан Жұмағожиевтің айтуынша, Абдухалил Абдужаббаров1993-1999 жылдары аралы­ғында Пәкістан Республикасының Исламабад қаласындағы Халық­аралық Ислам Универ­ситетін­де гу­манитарлық теология ғы­лым­да­рының саласы бойынша Ис­лам іліміне қатысты терең білім ал­­ған. Абдужаппаров аталған уни­вер­ситетте оқыған кезінде экстремис­тік идеологияны үгіттейтін «тәк­­пірлік» ағымның арбауына тү­­сіп, 1994 жылы заңсыз жолмен Ау­ғанс­тан Республикасының ау­ма­ғына өтеді. Кейін осы елдің ау­ма­ғындағы террористік іс-қимыл дағ­­дыларын, оның әдіс-тәсілдерін те­рең меңгерген «мұджаһид­тер­ді» (со­дырларды) даярлайтын ар­найы лагердің қарауында  жаттыққан.
1999 жылдың маусым айы мен 2003 жылдың ақпан айы аралы­ғын­да Абдужаббаров Оңтүстік Қа­­зақ­стан облысы, Шымкент қала­сын­да­ғы жеке «Даруль-Арқам» ме­дресе­сінде мектеп жасын­да­ғы ба­лалар­­ға құран оқуды үйре­те­тін мұғалім, Қазақ-Кувейт гумани­тар­лық акаде­миясының дінтану факульте­тінің кафедра лаборанты, аға оқыту­шы­сы лауазымдарында қызмет ат­қар­­ған. Осы мерзім ішінде ҚР Конс­ти­туциясын және өзге заң­на­ма­ла­рын мойында­май, «тәк­пірлік» көзқа­рас­тағы теріс ағым­­ды толықтай ке­ңінен насихат­тау­ға түбегейлі бекиді.

Батыс өңірінің мешіттерінде араб тілін білетін, діни білімі мол мамандар­дың тапшы екенін біл­ген «шейх» 2002-2006 жылдары Атырау, Ақтөбе және Батыс Қа­зақ­стан облыстарында тұратын мұ­сылмандар, соның ішінде, дінге енді бет бұрған, ислам дінінен хабары аз жастар арасында ислам­дағы фундаменталистік «тәкпір­лік» идеологияны тарату, олардың дәс­түрлі ислам дініне де­ген көз­қарасын экстремистік бағыт­қа бұ­ру бағытында жұмыстанады. 2003 жылы Атырау қаласындағы «Иман­­ғали» атындағы орталық ме­ші­тінің жанында ашылып жатқан медресеге араб тілін үйрететін мұ­ғалім қызметіне кіріседі. Кейін Абдужаббаровтың радикалдық көз­­қарасы әшкереленді. Мешіт жа­мағатының арасында алауыз­дық (фитна) тудырып, оның беделін имамнан жоғары қоятын, «шейх­тің» айтқанымен ғана жүретін топтар пайда болғаны анықталған соң, қызметінен қуылады. Дегенмен ол өзінің идеологиясынан бас тартпай, жақтастарын үгіттеп, Аты­рау қаласының Рембаза ау­да­нын­да ҚМДБ-ға бағынбайтын «Ат-Тахуа» мешітін салдырған. Құқық қорғау құрылымдарының назарына іліккенін сезген Абдужаббаров Аты­рау қаласындағы ушығып келе жатқан жағдай қалыпқа түскенше Орал қаласында уақытша тұруға ше­шім қабылдаған. Оралдағы жер­­гілік­ті мұсылмандардың діни сауаты төмен екендігін және өзінен білім алуға құлшыныс таныт­қан­дар саны көп екендігін байқаған Абдухалил «тәкпірлік» идеоло­гия­­сын таратуын жалғастырған. Өзі­нің үгіт-насихатына құлақ асқан­дар­дың саны көбейгенін ескере отырып, Абдужаббаров мешіт имамына бағынбай, өзімен келіспе­гендерді «мурджиит» (адасқандар) деп айыптауға шақырады. Діни келіспеушіліктер салдары­нан ме­шіт­ке келушілер арасын­да жік тү­седі. 2004-2005 жыл­да­ры  бір-екі мәр­те қысқа мер­зім­ге Ақтө­бе қаласында болған Абду­жабба­ров­­тың құлшы­лық орындарында осындай алауыздықтың орын алуына себепші болады. Ел аумағында «тәк­­­пірлік» идеологиясын тарату­ға тосқауыл қойылғанын түсінген Аб­дужаббаров жақтастары арасын­да ізбасарларын дайындап, ау­дио­жазбалардағы уағыздарын диск және кассеталар арқылы таратады.

Абдужаббаровтың экстремис­­тік ба­ғыттағы аудиодәрістері 2007-2011 жылдары интернеттегі көп­ші­лікке қолжетімді сайттар ар­қы­лы кеңінен таралып кеткен.

2006 жылдың мамыр айының орта тұсында Қазақстанның батыс өңіріндегі Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларының тұрғындары наразылық танытуына байланысты экстремистік іс-әрекеттері әш­кереленіп, құқық қорғау орган­дары тарапынан қылмыстық қу­далауға ұшырайтынын сезген Абдужаббаров отбасы мүшелерімен Қазақстан аумағынан шетелге жылыстайды. Түркия Республикасы арқылы, Сауд Арабия Король­ді­гі­не өтіп, аталған елде 2017 жылға дейін тұрақтайды.

Нұртай Алтайұлы

 zhaikpress.kz

Нұртай Алтайұлы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале