19.04.2017, 17:12
Оқылды: 40

Шетелдегі соттылық көрсетілмейтін болды

Sottilik korsetilmeidi    Ағымдағы жылдың 18 сәуірінен бастап азаматтардың соттылығына қатысты берілетін  анықтама жаңа мазмұнда берілетін болды.

     Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма қызметкерлері аталған мекемеде өткен кезекті баспасөз мәслихатында мәлімдеді.


   Бұған Батыс Қазақстан облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма бастығы Жанат Нұрмағамбетова, басшының орынбасары Асқар Капулов, басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Гүлнара Ибрашева және БАҚ өкілдері қатысты.

    Жиынды жүргізген Жанат Нұрмағамбетова азаматтардың соттылығы жөніндегі анықтаманың жиі сұратылатынын айтты.

    -Бұрын азаматтардың соттылығы жөніндегі анықтама қағазды көбінесе, мемлекеттік органдарға қызметке кірерде сұрайтын еді. Бүгінде мұндай анықтаманы барлық жұмыс берушілер талап ететін болған. Мысалы, біздің басқарма азаматтарға биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 20 000 осындай анықтама берген. Нақтырақ айтар болсақ, бір айда 7740, бір күнде 387 осындай анықтама дайындайды екенбіз. Бұл құжатты алу үшін азаматтар ХҚКО-да кезекке тұрып, алтын уақыттарын жоғалтады. Және бұл ХҚКО-ның да жұмысын көбейтеді. Оның үстіне бұрынғы анықтамалардағы азаматтардың соттылығының көрсетілуі жұмыс берушілерге де, жұмысқа орналасушыларға да теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде талай азамат анықтамада көрсетілген соттылығы жөніндегі мәлімет үшін жұмыстан қағылды. Осы жағдайлардың барлығы азаматтардың соттылығы жөніндегі анықтаманың мазмұнын өзгертуге алып келді, - деген Жанат Нұрмағамбетованың  сөзін оның орынбасары Асқар Капулов жалғастырды.

  - Қазіргі жаңа мазмұндағы анықтамада азаматтардың сотталғандығы, яғни мерзімін өтеп жүргендігі және соттылығының толық өтелмегендігі жөніндегі ақпарат қана көрсетіледі. Мысалы, бір адам жақында ғана ұрлық жасады делік. Оған қатысты қылмыстық іс көтерілгенімен, ол жәбірленушімен татуласып, келтірген залалын толық өтеген жағдайда, сот істі қысқартып, тұлғаны қылмыстық жауаптан босатса, онда бұл жағдай анықтамада көрсетілмейді. Сондай-ақ қылмыстық істер әр түрлі себептермен сотқа дейін қысқартылған жағдайда да, бұл жағдай анықтамада көрсетілмейді. Ал егер тұлғаны қылмыстық жазаға тарту туралы сот үкімі шықса, соның ішінде жазаны шартты түрде деп есептесе де, анықтамада бұл жағдай көрсетіледі. Айтпақшы, жаңа тәртіп бойынша шетелде сотталған ҚР азаматтарының соттылығы туралы анықтамада көрсетілмейді.

    Тағы бір айта кететін жәйт, азаматтардың соттылығы жөніндегі мұндай анықтамалар біздің мекемеден тікелей берілмейді, анықтамаларды беру азаматтарға арналған Үкімет-мемлекеттік корпорациялар арқылы, яғни ХҚКО мен e.gov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады, - деді Асқар Капулов өз сөзінде.

    Бұдан кейін сөйлеген Гүлнара Ибрашева «Qamqor» мобильді қосымшасының маңызын түсіндірді. Оның сөзінше, «Qamqor» мобильді қосымшасы әр кәсіпкердің қалтасында жүруі керек. «Qamqor» мобильді қосымшасын тиімді пайдаланған жағдайда, бұл қосымша кәсіпкерлерді жалған тексерушілерден, бопсалаушылардан қорғайды. Ол үшін кәсіпкерлер оны өздерінің қалта телефондарына жүктеп алып, тіркелуі тиіс.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале