1.03.2018, 15:25
Оқылды: 233

Шынайы алғыс пен ыстық ықылас мерекесі

1 1 наурыз «Алғыс айту күні» мерекесіне орай өңірдегі баталы ақсақалдардың облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездесуі өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы үйіндегі басқосуға аудандардағы ардагерлер кеңестерінің төрағалары, түрлі ұлт өкілдерінің ақсақалдары қатысты.

Салтанатты жағдайда бас қосқан өңір ардагерлерін облыс әкімі айтулы мерекелерімен құттықтады.

-Осыдан тура үш жыл бұрын мемлекет басшысының Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Көктемнің алғашқы күні аталып өтетін айтулы күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейтіні анық. Алғыс айту күні – бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ еліне ризалығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа паш ететін күн. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, ел халқын бірлікке, татулыққа шақыруды мақсат еткен болатын. Біздер осы достық пен бірлікті қадірлей білуіміз керек. Алғыс айту күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Әрбір ел азаматына және батысқазақстандық ағайынға шексіз алғысымды білдіремін,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

4Сондай-ақ басқосуда корей ұлтының өкілі Григорий Тё, татар ұлты атынан Закир Хузасаитов, белорусь ұлтының өкілі Анастасия Сафина, шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Данильбек Саратов, белсенді жастар атынан Нұрзада Сақтағанов және бірқатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары сөз алып, жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, ақ баталарын берді.

-Мен осы Орал қаласында дүниеге келіп, бар саналы ғұмырымды осы әсем шаһарда өткізіп келем. Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында барымша еңбек еттім. Қазақстан - бұл менің Отаным. Қазақстандық болғанымды мақтан тұтамын. Дүние жүзіндегі елдерде түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алып жатқандығын көріп жүрміз. Ал біздің еліміз Елбасының салиқалы саясатының арқасында күн санап өсіп, өркендеп келеді. Мен соған қуанамын. Біздер бүгінде ұлттар мен ұлысқа бөлінбей, түр-келбетіміз түрлі болса да тілеуі бір халық болып, бір отбасындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Осы достығымыз бен сыйластығымыз ұзағынан болғай. Баршаңызды осындай жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын,-деді Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, орыс ұлтының өкілі Василий Баев.

Мерекелік шара соңында жиналғандарға облыс әкімі атынан алғыс хаттар табысталып, гүл шоқтары ұсынылды.

Бұдан соң жаңа алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Сурет: Темірболат Тоқмамбетов

2 3 5 6 7

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале