29.05.2019, 10:44
Оқылды: 373

«Шыңғыс ханның ұрпағы тұрғанын таңба арқылы білуге болады»

Биыл мамыр айының 10-22 күндері аралығында «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала мұрагерлері» атты экспедиция ұйымдастырылды. Сапар барысында зерттеушілер Ресей Федерациясының Астрахань, Пятигорск, Ялта, Бахчисарай қалаларына барып, Қазақстан тарихында орын алған Бөкей (Ішкі) Орда тарихына қатысты деректерді түгендеп, тарихи маңызы бар көптеген материал жинап қайтты. Бұл туралы БҚО-ның өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте айтылды.

 ekspedicia (2)

Экспедиция басшысы тарих магистрі, өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың айтуынша, Жәңгір ханның балалық шағы өткен губернатор Степан Андреевскийдің үйін Астрахань қаласынан іздеп тауып, үйді суретке түсіріп алған. Бұл үйде Жәңгір хан тәрбиеленді деген дерек алғаш рет жарияланып отыр. Астархань қаласының ғалымдары мен тарихшылары осы үйде Жәңгір хан еуропаша тәрбиеленіп, білім алды, бірнеше тілді меңгерді деген болжамды жоққа шығармайды. Сондықтан нақ осы мәселе алдағы уақытта архив құжаттарымен дәлелденбек.

-Бөкей сұлтаны өзінің дипломатиялық шеберлігімен Еділ мен Жайық арасындағы жерді алып, кең жайлады. Сол өңірде алғашқы қазақ мектептері, ауруханалары, баспаханасы және өзге де алғашқы нысандар ашылды. Бөкей қайтыс болғаннан кейін таққа Жәңгір отырады. Жәңгір мен Фатима ханша балаларымен Кавказдағы демалыс-сауықтыру орындарымен танылған Пятигорск қаласында жиі болғанға ұқсайды. Ел аузындағы әңгіме бойынша 1840 жылы Фатима ханша ауырып, оны емдету үшін Пятигорск қаласына барады. Сонда Пятигорсктағы генералдың жесірі Екатерина Мерлинидің үйіне тоқтаған. Сол үйді таптық, ол үй жөнінде мәлімет Қазақстан тарихында бұған шейін жарияланбаған. Қазір ол үй тарихи ғимарат санатында, өйткені онда тарихта ізі қалған тұлғалар А.Пушкин, М.Лермонтов болған. Фатима мен Е.Мерлинидің жазысқан хаттары архивте сақтаулы. Біз сол хаттарды Пятигорск музейіне табыс етіп, музейден өзімізге қажетті тың мәліметтер алдық. Екатерина Мерлини өзінің қарауындағы Семен есімді орыс баласын Жәңгір ханның отбасына берген екен. Ол баланың одан кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл үйге тоқтаған адамдардың тізімі тіркеліп отырған, бірақ ондай құжатты таба алмадық. Ол құжат Ставрополь қаласындағы немесе Грузиядағы мемлекеттік архивте болуы мүмкін. Енді сол жақтардан іздейміз деген жоспарымыз бар, - деді Айболат Құрымбаев.

Оның айтуынша, Жәңгір хан о дүниелік болған соң оның ұлдарын Бөкей ордасы аумағына кіргізбеген. Халық арасында бүлік жасайды немесе таққа таласады деп қорыққан болуы керек. Сондықтан Ялта қаласында князь Шынғысханың үйінде Жәңгірханның екі ұлы полковник Ахметкерей мен генерал Ғұбайдолла өмірінің соңғы жылдары тұрған.

-Сарғайған ескі суретте княгиня Чингис деп жазылған. Ол - Зүгра Батыргерейқызы Шыңғыс (Зюрга Батыргереевна Чингис), Тевкелевтердің ұрпағы, Ахметкерейдің зайыбы. Олардан Исмайылбек есімді ұл туған. Исмайылбектің құжаттары 1914 жылға дейін сақталған, одан кейінгісі құмға сіңген судай жоқ. Жәңгір ханның тікелей ұрпағының тағдыры белгісіз. 1909 жылы Ғұбайдолла, 1914 жылы Ахметкерей дүниеден озады. екеуі де Ялтаның қасындағы ауылдағы мұсылмандар бейітіне жерленген. Алайда ол жерге қазір үй салынып кеткен. 1919 жылы Зугра қайтыс болады. Сол Ялтадағы готика стилінде салынған үйдің жоғары тұсында бөкейліктердің, екі терезе арасында төре таңбасының сақталғаны анық көрінеді. Кеңес одағы тұсында оны білсе, кетіріп тастайтын еді, шамасы оны декордың бір түрі деп қабылдаса керек. Тарихи құжат болмаған жағдайда бұл үйде Шыңғыс ханның ұрпағы тұрғанын осы таңба арқылы білуге болады. Осы үйдің алдында тақия киген Ахметкерейдің бір кісілермен шай ішіп отырған суретін Қазаннан алдырдық. Үйдің ағаш есік-терезесі сол уақыттардағыдай сақталған. Бұл фото алғаш рет жарияланып отыр, - деді А.Құрымбаев.

Сондай-ақ зерттеушілер Бақшасарай қаласындағы (Бахчисарай) орналасқан музейден Бөкей хан мен Жәңгір ханның таққа отырғанда сыйға тартылған қылыштарын (Орал қаласының Хан тоғайында табыс етілген болу керек) тапқан. Осымен қатар тарихи құжаттар, фотосуреттер, кітаптар елге әкелген. Бүгінде экспедиция нәтижесі бойынша кітапша әзірленуде. Экспедиция құрамында өлкетанушылар, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бекжан Жұмабаев, қазақ ұлттық музыкалық аспаптарын жасау шебері Жанпейіл Сейтақов, Саратов қаласының тұрғыны, «Легкий казахский» кітабының авторы Артур Нұрмұхамбет болды.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале