22.09.2017, 17:56
Оқылды: 23

Сотталғандарға жәрдемақы беру ұсынылды

Бүгін Орал қалалық қалалық қоғамдық кеңесінің төрағалығына «Стройкомбинат» ЖШС-ның директоры Бақытжан Нұрбаев сайланды. Оны қоғамдық кеңес отырысына қатысқан қала әкімі Мұрат Мұқаев құттықтап, кеңес мүшелерімен бірлесе қызмет етуге дайын екенін айтты.

 – Соңғы 10 жылда қала тұрғындарының саны 25 пайызға артып, 300 мыңға жетті. Соған байланысты әлеуметтік мәселелер де жиі көтеріледі. Биыл тұңғыш рет бір жылдың ішінде 4 мектеп құрылысы жүргізілуде. Мектеп жасындағы бала саны 43 мың болды. Шаһардағы 67 көше бойынша 73 шақырым автожол жөнделуде. Жолаушы тасымалдайтын компанияларға қоғамдық көліктерді ауыстыруды  талап етудеміз, – деді тағы басқа бірқатар мәселелерді атап өткен қала басшысы

Қоғамдық кеңесте Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Шоланбаева мен қалалық білім беру бөлімінің басшысының орынбасары Жәния Сақыпкереева қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 20 қарашадағы №18-4 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді және қала әкімдігінің 2016 жылғы 3 маусымдағы қаулысының күшін жоюды сұрады. Сәуле Шоланбаева елімізде әлеуметтік көмек алатын топтар қатарына басқа да санаттар енгізілгендіктен, шешім жобасындағы тармақша мазмұнында Семей ядролық полигонында (мерзімді) әскери қызмет атқарған кезінде зардап шеккен сарбаздарға қоғамдық көліктер жолақысы шығынын өтеу үшін ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 2269 теңге беру қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ түзету мекемелерінен босатылған немесе пробация қызметі есебінде тұрған, нақтырақ айтқанда, солардың арасында тұрмыстық жағдайы өте төмен жандарға 10 АЕК мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы тағайындауды ұсынды. Бұл – олардың жұмысқа орналасуына немесе уақытша болса да баспана табуына жәрдемдеспек. Кейін Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысының орынбасары Жәния Сақыпкереева биылғы сәуір айынан бастап заңнама аясында мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет ететін жеке балабақша иелеріне әр балаға ай сайын 12 мың теңге алуды міндеттеуге болатынын жеткізді. Бірақ қаладағы мектепке дейінгі жеке ұйымдар бұл талапты орындаудан бас тартқан. Себебі әкімдік қаулысының заңдық күшіне негіз болатын жергілікті мәслихат шешімі әлі күнге қабылданбаған. Жания Сақыпкерееваның сөзінше, қалада 50 мемлекеттік, 28 жеке балабақша бар. Барлық жеке балабақша мемлекеттік тапсырысты орындауда. Қоғамдық тыңдау барысында айтылған жобалар қолданысқа енгізілуі үшін кеңес мүшелерінің мақұлдауымен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар тақылауына ұсынылатын болды. 

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале