4.10.2019, 10:53
Оқылды: 621

«Спектакль ойын емес, өмір...»

36 жасында Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері атанып, байтақ елге танылған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сердеш Қажымұратовты білмейтін жан кемде-кем.

1C3A9267

Ағамыз біраз жылдан бері Оралда, өнердің қазаны қайнаған қара шаңырақ – Хадиша Бөкеева атындағы театр майталмандарының сапында. «Әке» дейді ол кісіні театр ұжымы. Әке десе, әке, шынымен де. Қарапайым. Табиғи. Қатал. Мейірімді. Ұрысқанының өзі «айналайын» сияқты естіледі. Харизма! Харизма деген, сірә, қазақшалағанда тартымдылыққа келе ме екен, әлде «пыс», «мыс» дегенге жақындау ма, қалай? Әйтеуір, жарқыраған бір ерекшелік қой. Сыртқы емес, ішкі жан-дүниенің жарқырауы. Сердеш ағамыз – сондай кісі. Үндемей-ақ, елеусіз жүрсе де, ерекшелігі көзге ұрып тұрады. Кішкентай ғана рөлді алса да, ол ойнаған бұрыштан көзіңді ала алмайсың. Шебер! Сезімтал да сұңғыла өнер майталманы ғой ортамызда жүрген. Қолда бар алтынның қадірін кім біліп жатыр? Бұл кісі «Мен мұндамын!» деп айқай салатындардан емес және. «Сөйлеңізші» дегенде ғана сөйлейді, «Айтыңызшы!» дегенде ғана салады Арқаның мың құбылған сұлу саздарын төгілтіп. Ерекше адам!

IMG_7463

Сонау жетпісінші жылдары ел бетіне қарап, әр нөмірін зарыға тосып алатын «Мәдениет және тұрмыс» журналының мұқабасына суреті шыққаны есімде. Ол кезде мұндай журналдың сыртқы тысына айқара басылмақ түгілі, соңғы бетінің бұрышына қыстырылып кетудің өзі – бақыт. Баспасөз деген құдіреттің күшінде тұрған кезі ғой. Содан кейін экраннан киноларын көре бастадық. «Күзет бастығындағы» Құрымбайын жүз рет көрген болармыз. Мақтаныш қой. Сол Сердеш ағамен бір ұжымда жүрмін мен қазір. Айттым ғой, көңілі келгенде болмаса, тарқатылып әңгіме айта бермейді. Сұраққа сараңдау ғана, нақты жауап қатады. Дегдар әңгімелерін аңдып жүріп қана тыңдап аласың. Сондағы бағатыным – шеберлігінің сыры. Әдемі естеліктер. Стандарт есеп, өмірбаяны интернетте де толып тұр ғой...

Сурет Максим Қодаровтың әлеуметтік ролигінен

Сурет Максим Қодаровтың әлеуметтік ролигінен

«Актер ойнайтын рөлінің сөзін ең әуелі дұрыстап шайнап жұтуы керек. Әр дыбыс, сөз, мағынасына мән беруі қажет. Сосын оны қорытып барып, көрерменге ұсынса, шынайы болады. Спектакль – ойын емес, өмір. Ұдайы өсіп отыру үшін ізденесің де жүресің», - дейді Сердеш аға. Үзік мысалдармен  келтіргенде күлкіден ішегің түйіледі. Таңғаласың сосын. Бітпейтін қазына. «Бұл әңгімені өнер студенттері тыңдаса, жас актерлерге тұрақты дәріс беріп тұрса ғой» деген ойлар маздайды сонда.

maxresdefault

«Актер мен көрерменнің арасында көзге көрінбес бір жіп (байланыс) болады. Ойын барысында соны қолға бір іліктірсең, аяғына дейін уысыңнан шығармай, ойнайсың да шығасың», - дейді хас шебер. Мықты серіктес те өсуге, ізденуге мұрындық болады. Жанып ойнайсың, ізденіп жүресің. Тосын жаңалықпен «талдырып түсуге» құмартып тұрасың». Сахна деген сол. Сәттілікті қолдайды, мәкілікті кешірмейді», - дейді Сердеш аға.

Ұстаз. Бір жанап кеткені – бір мектеп. Тума талант ортамызда, қарапайым ғана керемет өмір сүріп жүр. Сіңірген еңбегі, осы театрды қаз бастыруға қосқан үлесі – бөлек әңгіме. Тек ол бұлдамайды. Міндетсінбейді. Тектіліктің ізін түгелдеп, тура жолмен тартып қана келеді.
Аман жүріңіз, Сердеш аға! Сыйлаймыз сізді.

Дариға Мұштанова,

Х. Бөкеева атындағы қазақ

драма театры сын бөлімінің редакторы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале