26.04.2017, 18:59
Оқылды: 56

Стандарттауға салақ қарауға болмайды

Steksov     Бүгін техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аймақтық штаб отырысы өтті.

    Бұған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин,   «Қазақстан стандарттау және  сертификаттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Айман Удишева және басқа да штаб мүшелері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.


     Жиынды Игорь Стексов жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған департамент басшысының міндетін атқарушы Жанақын Тығынбаев жиналғандарға техникалық реттеу, метрология және стандарттау мәселелерінің маңызы жөнінде айтып, мекеме, кәсіпорындардың келбеті мен жұмысы, шығарып жатқан өнімдері бүгінгі күннің заманауи талабына сай болуы керектігін жеткізді.

   -  Өнеркәсіп саласының қажеттілігін ескере отырып, техникалық реттеу және метрология комитеті 2016 жылдың 26 желтоқсанында стандарттарды жасақтау және қабылдау бойынша жоспар құрып, оны бекітті. 2015-2017 жылдарға арналған мемлекеттік стандарттау жоспарына сәйкес, машина құрылысы, жеңіл өнеркәсіп, газ-мұнай өнімдері, энергетика, құрылыс, қоршаған ортаны қорғау, металлургия, ауыл шаруашылығы саласы, көмір өнеркәсібі және басқа да бөлімдер бойынша стандарттар енгізілді. Осыған орай өнеркәсіптің басым секторының мамандарын Кедендік Одақтың нормативтік-құқықтық базасы мен стандарттар және басқа да маңызды мәселелерді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

       Мысалға айтар болсақ, сәуір айының 17-19 аралығында Орал қаласында мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйесі бойынша кең көлемді семинар өткізілді. Нәтижесінде мұнай химиясы, машина жасау ісі, мұнай өндіруші және қайта өңдеуші өнеркәсіп орындарының 92 маманы кәсіби біліктілігін көтерді. Семинарда қатысушыларға техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйесіне енгізілген өзгерістер жөнінде айтылды.

   Сондай-ақ халықаралық, мемлекетаралық, ұлттық стандарттау, сәйкестік бағасы мен аккредитация, америкалық, қытай және немістердің стандарттартау жүйесі түсіндірілді. Оқыту кезінде мамандар шетелдік нарықтарда қазақстандық тауарларды өткізу үшін қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық стандарттарды жасақтауға қатысу мүмкіндігі бар екендігі жөнінде хабардар болды. Оларға бұдан басқа «ҚР стандарттау туралы» заңы, артық қысыммен жұмыс істейтін құрылғылар мен құрылыс материалдарының қауіпсіздігі жөнінде  түсіндірілді. Бұл осы салада жұмыс істейтін мамандардың деңгейінің көтеріліп, өнім сапасының жақсаруына ықпал етпек. Облыс бойынша 2015-2017 жылдар аралығында барлығы 240 техникалық маман біліктіліктерін көтерді, - деген  Жанақын Тығынбаев бұдан әрі ҚР ұлттық стандарттарының қалай жасақталатыны жөнінде баяндады. Оның сөзінше, стандарттар жобасының келісім мерзімі 60 күннен аспауы керек. Стандарттар жобасының сараптамасын құзырлы органдардың ведомстволық ұйымы 30 күн ішінде қарап болуы тиіс. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық стандарттарының саны 6842 бірлікті құрайды.

    Жиын барысында сөйлеген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Аға сеньорлар» және «Іскерлік байланыс» компоненттері туралы баяндады. Оның сөзінше, былтыр он шақты мекеме мамандары «Іскерлік байланыс» бойынша Алматы, Астана қалаларында оқып, білім алған. Тағы бір кәсіпкер Германияға барып біліктілігін көтеріп қайтқан. «Аға сеньор» компоненті бойынша шетелден келген тәжірибелі маман Бөкей ордасы ауданына барып, сүт өнімдерін өндіруші компания қызметкерлеріне өзінің ақыл-кеңесін беріп, еңбек өнімділігіне қалай қол жеткізуге болатынын үйреткен. «Аға сеньорлар» және «Іскерлік байланыс» компоненттерінің кәсіпкерлер үшін өте тиімді екенін жеткізген Нұрлан Қайыршин оларды осындай тамаша мүмкіндікті ұтымды пайдалануға шақырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале