10.08.2020, 18:01
Оқылды: 151

«STEP» сабынына сұраныс жоғары

Аты жаман індет әлемді жаулағалы бері небір «білгіштер» одан қалай қорғану керектігін айтып әлек. Әркім өз алдына тон пішіп, вирусқа қарсы тапқан «тамаша» тәсілдерімен бөлісіп те жатыр. Ал әлемдік деңгейдегі вирусолог мамандар мен білікті дәрігерлер ә дегеннен бұл дерттен қорғанудың төте жолын көрсетіп берген болатын.

DF7DAC39-FA9F-4673-AD1A-84A102B327F8

Олар өз-өзін оқшаулаудың, жеке бастың гигиенасын сақтап, бетперде тағып, қолды жиі сабынмен жуып, антисептик қолданудың індет жұқтырмау жолында пайдасы зор екендігін бірден мәлімдеген еді. Мамандардың айтуынша, қолдың 1 шаршы сантиметрінде шамамен 1500 микроб өмір сүреді екен. Ал қолды барлық ережесін сақтап, сабындап жуған кезде сол бактериялардың  90%-ға жуығы жойылатын көрінеді. Сол кезден бастап киім жуатын көмекші құрал ретінде тұтынатын қарапайым заттың денсаулыққа тигізер пайдасы орасан екендігін көбіміз жаңа ұққандай болғанымыз да жасырын емес. Әншейінде дүкен сөрелерінда самсап тұратын, сыртқы қорабы мен атауы алыстан менмұндалап көз тартатын сабынға деген сұраныс күрт артты. Тіпті бізге бала кезден жақсы таныс, аналарымыздың күнделікті қолданған, соңғы кезде қадірі кете бастаған қарапайым кір сабынның да бәсі биіктегені шындық. Сабынның індеттен қорғануға септігін тигізетінін естіген жұрт дүкен сөрелерінен жапа-тармағай сабын сатып ала бастады. Дегенмен жергілікті жерде сабын өндіруші болғанының септігі тиген шығар, сауда орындарының сөрелері бұл тауар түрінен босай қоймады.

45A03D81-A1F3-4FBF-8842-B9F4A465B5A6

Өңіріміздегі «Step» сауда маркасымен тұрмыстық-химиялық және жуғыш заттарды өндіретін кәсіпорын 2016 жылы іске қосылған болатын. Өнім түрлерін сұранысқа орай жетілдіріп отыратын компания бүгінде тұрмыстық-химиялық тауардың 12 түрін өндіруде.

Айта кетейік, сонау 2000 жылдардың басында ел нарықтық экономикаға бет бұрып жатқанда, Шолпан Отарбаева есімді бизнес-леди «KazStepService» кәсіпорнын құрып, кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. Негізгі мамандығы заңгер, экономист болғанымен, іскер әйелдің бұл салада менеджерлік қызмет атқарғанына жиырма жылға жуық уақыт өткен. Ол сұйық сабын өндірісінен бұрын құтыға құйылған таза ауыз су шығаратын кәсіпорын құрған. Бүгінде бұл бағыттағы екі кәсіпорны да қалтқысыз жұмыс жасап тұр.

2DB70796-92AA-49A5-97B6-8FEF44693F34

– Біздің компания өз ісін жетік меңгерген, заман ағымына сай сапалы өнім өндіруге талпынған білікті мамандардан құралған. Ұжымда тек жеті адам ғана жұмыс жасасақ та, олардың – өз ісінің маманы. Бұл отбасылық кәсіп болғандықтан, оның әр мүшесі кәсіпорынның табысты жұмыс жасауына мүдделік танытуға талпынады. Компанияда кім-кімнің де алар өз орны, тікелей жауап беретін қызметі бар. Сондықтан өзімізге бекітілген бағыттағы жұмыстарды еш кемшіліксіз атқаруға тырысамыз. Әлемдік экономикадағы қазіргі жағдай біздерге отандық өнімнің үлесін едәуір арттыру керектігін дәлелдеп бергендей. Өз елінің тұрғындарын тауар жағынан еш мемлекетке тәуелді етпей, халықты жергілікті, сапалы өніммен қамту ел үкіметінің басты міндеттері саналуда. Бір жағынан, бұл тек мемлекеттің емес, бизнесін өркендетемін деген әр адамның міндеті деп білем. Соңғы жылдары төл теңгеміздің бағасы бірнеше рет құлдыраған соң еліміздің тұрғындары өз қаражаттарын үнемдеуге көшті. Мысалға, біздердің жүргізген сараптамамыз халық қымбат бағаға шағын ыдыстағы су сабынды алғаннан гөрі, үлкен, яғни бес литрлік құтыдағы сабынды алуға көшкендігін дәлелдеді. Себебі құтыдағы сабынның ыдысы өзіндік бағасының 30-40 пайызын құрайды. Сондықтан қымбат бағаға қайта-қайта шағын құтыдағы сабынды алғаннан, арзан бағамен сыйымдылығы үлкен ыдыстағы сабынды алған тиімдірек. Бір мәрте алынған шағын құтыны үлкен ыдыстағы сұйықтықпен толықтырып қойса болғаны, – дейді Шолпан Жамбайқызы.

Сабын өндірісінде жаңадан іске қосылған екі заманауи құрылғы айына 100 тонна өнім шығаруға қауқарлы екен. Жоғары технологиялық жабдықтар сабынды алғашқы дайындаудан бастап, құтыға құюға дейінгі циклді атқарады.

Кәсіп иесінің айтуынша, сабын өндірісінде жетекші еуропалық өндірушілердің шикізаты, тазартылған су, табиғи өсімдік сығындылары мен эфир майлары, жоғары сапалы хош иістендіргіштер және әр түрлі белсенді қоспалар қолданылады екен.

– Алғашында бұл кәсіпті өз қаражатымызға ашқан болатынбыз. Кейін өндірісті дамыту жолында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алдық. Ол қаржыға Орал қаласының ішіне, Ақсай, Ақтау, Жаңаөзен, Атырау, Ақтөбе қалаларына тауар тасымалдайтын үлкен жүк көлігін алдық. Әзірге өз өнімімізді шет мемлекеттерге шығармағанымызбен, алдағы уақытта Ресейдің шекаралас орналасқан облыстарына тауарларымызды экспорттау ойымызда бар, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде «KazStepService» компаниясы өндірген отандық өнімнің сапасы мен қаптамасы елімізге әкелінетін шетелдік өнімдерден артық болмаса, еш кем түспейді. Кәсіпорынның өнімдері соңғы үш жыл қатарынан еліміздегі «Халыққа арналған тауарлар» байқауында «Қазақстанның үздік тауары» аталымын жеңіп алған.

– Биыл республикалық «Алтын сапа» байқауына қатысқалы жатырмыз. Бұл байқауларға абыройымызды арттыру немесе мақтану үшін қатыспаймыз. Тек өз тауарымыздың басқа елдерде өндірілген өнімнен еш айырмашылығы жоқ екендігін дәлелдегіміз келеді. Сонымен қатар өткізілген байқауларда жаңа әріптестер табылып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға уағдаласу да ойда бар, – дейді кейіпкеріміз.

Елде жарияланған төтенше жағдай мен карантин кезінде де аталған кәсіпорын құзырлы құрылымнан қажетті рұқсатын алып, сақтық шараларын сақтап, жұмыс үдерісін тоқтатпаған. Ел игілігі үшін қызмет атқарған компания қысылтаяң сәтті пайдаланып, тауар бағасын өсіруден де аулақ болған.

Ендеше, ерекше бизнеспен айналысып, өңір тұрғындарын отандық өніммен қамтып, табыстың тайқазанын тасытып отырған компанияның ісіне сәттілік тілейміз!

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале