30.07.2020, 10:20
Оқылды: 598

Stopcovid.kz сайты мен «109» нөмірі арқылы ескерткендерді түнде тоқтатпайды

Батыс Қазақстан облысына 29 сәуір мен 22 шілде аралығында жеті лек гуманитарлық көмек жеткен. Эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға Қытай, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Жапония, Біріккен Араб әмірлігі қол ұшын созса, 3 халықаралық компания, 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2 жеке қор демеу көрсеткен.

D4A1C319-B227-45D0-B19A-D364898F503C

Бас-аяғы 26 демеуші тараптан 7434 медициналық қорғаныс костюмы, 85 042 маска, 70 ультрақызыл термометр, 160 оттегі концентраторы, 400 пульсоксиметр, 200 респиратор, 78 395 бума 35 түрлі дәрі-дәрмек және санитайзер мен дезинфекциялық заттар облысқа жеткізілген. Медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектің медициналық мекемелерге таралу есебін өңірлік жедел штаб отырысында Төтенше жағдай кезінде келген гуманитарлық көмекті қабылдау және бөлу жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлжайна Бисенғалиева хабарлады.

7B82C4E2-0F11-462A-B948-93BD40523DEE

22 шілде күні облысқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 25 мың қорғаныс бетпердесі, 3600  қорғаныс көзілдірігі, 6 700 медициналық халат, 18 мың медициналық, 51 мың респираторлық бетперде жолдаған. Жақында «BI Grup» компаниясы мен «Шұғыла» қоғамдық қоры 200 дана оттегі концентраторын сатып алып берді. Алдағы күндері бірқатар мемлекеттен гуманитарлық көмек келмек.

Бейнебайланыс арқылы өткен өңірлік жедел штаб отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиевқа денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов стационарларға ауадай қажет болып отырған медициналық мамандар ЖОО мен колледждер түлектері есебінен толығып жатқанын айтты. Коронавирус індеті салдарынан 774 медицина қызметкері ауырған. Бүгінге дейін 477 ақ желеңді емделіп шыққан. Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевтың айтуынша, олардың денсаулығына күтім жасалуын қадағалайтын арнайы жұмыс тобы бар. Қазіргі уақытта медицина қызметкерлеріне дәрі-дәрмекпен қатар, басқа да қажет заттарды волонтерлар жеткізіп жүр. Еріктілер тұрғындарға тегін маска үлестіріп, еңбек ардагерлері мен көмек сұраған қарияларға қамқорлық жасауда. Бұл бағытта Бөрлі, Тасқала, Теректі, Бәйтерек аудандарының волонтерлары белсенді қимылдауда. Үйде жатқан дімкәс адамдар және күтімге мұқтаж қариялар облыс бойынша 109 call-орталыққа көмек сұрап, қоңырау шалуына болады. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков облыс басшысының тапсырмасына сәйкес 20 мониторинг тобы карантин режиміндегі тәртіптің сақталуын бақылауды күшейткенін баяндады. Мониторинг жұмысы нәтижесінде 8 заңды тұлғаға, 74 тұрғынға байланысты әкімшілік іс материалдары сотқа жолданды. Халық көп шоғырланатын орындар мен саябақтарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп, көпшілігі маска тағуға бет бұра бастаған. Орталық «Мирлан» базарында таңмен көтерме сауда жасайтындар 25 шілдеден бастап «Ел ырысы» аумағына көшірілген. Қала әкімі тамыз айының алғашқы онкүндігінде Зашаған кентіндегі мамандандырылған ХҚКО қасынан тағы бір көтерме сауда орнын ашуға дайындық жүргізілетінін айтты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл ұсынысты құптап, Теректі ауданы әкіміне қалаға жақын орналасқан Подстепный ауылынан санитарлық талапқа сай көтерме сауда орнын ашуды тапсырды. Бұл амал қала базарларына келетіндер қарасын азайтып, тәртіпті нығайтуға көмектесуі тиіс.

9A9B39D6-CFED-4912-B265-320EB879A0FE

Карантин шектеуіне байланысты сағат 23:00-ден кейін көшедегі автокөліктер қозғалысына тыйым салынғаны белгілі. Бірақ кейбір тұрғын шұғыл шаруа туындауына байланысты көшеге шығуға мәжбүр болатынын, өз көлігімен еркін жүре алмайтынын айтып облыс әкіміне шағымданған. Бұл сауалға жауап берген БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының  басшысы Сәкен Нұртазаевтың сөзінше, көктемгі ТЖ кезіндегідей тұрғындар енді stopcovid.kz сайтына тіркеліп, ЖСН арқылы көшеге шығу себебін, баратын мекенжайын көрсетуіне болады. Патрульдік полиция қызметкерлері сайттағы мәліметті қызметтік базадан қарай алады. Сайтты пайдалана алмайтындар «109» нөмірімен операторға байланысқа шығып, түнде көлікпен жүруге не себеп болғанын ерте ескерте алады. Өңірлік штаб отырысында облыстағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Мұхамғали Арыспаев карантин режимін бұзғандарға 171 әкімшілік хаттама толтырылып, 11 миллион теңге айыппұл салынғанын айтты. Шаштараз, сауна, мейрамхана секілді кәсіпкерлік нысандарына қатысты 17 заңбұзушылық анықталып, жеке кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеден астап айыппұл төлеу міндеттелді. Түнде бейсауат жүрген 131 адам жазаға тартылды. Қазіргі уақытта отбасылық және көпшілік жиналатын шаралар өткізу, жасырын той жасау, жаназа мен садақаға бару тыйылмай тұр. Шілденің 5-інен бері 12 үйлену тойы өткізілгені анықталды.

– Мониторинг тобының жұмысын күшейтетін боламыз. Тойды кейін де өткізіп үлгеруге болады. Бәріміз карантин талабын мұқият сақтауымыз керек. Көп адам қатысып жатқан іс-шараларға куә болғандар «109» нөміріне заңбұзушылық туралы шұғыл хабарлауға болады. Коронавирус – қатерлі індет. Көпшілік жиналған жерде вирус адамдарға тез жұғады,  – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.  

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале