6.04.2018, 16:13
Оқылды: 62

Студенттер ақын Бауыржан Халиолламен кездесті

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ақпараттық білім беру орталығында танымал айтыскер ақын, халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Ергенұлы Халиолламен кездесу өтті. 

 Кеш барысында Ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің доценті, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Болатқали Төлебаев Бауыржан Ергенұлының ақындық қырын таныстырып, «бағы мен бабы қатар шапсын» деген тілекпен өлең шумақтарын арнаса,   аталмыш факультеттің деканы, ақынның сыныптасы Біржан Нұрғалиев ақынның балалық шағында болған қызықтарымен бөлісті.

IMG_8792«Қандай да бір одақтың мүшесі болсам да, осы университеттің қабырғасына келгенде жай ғана Біржанның сыныптасымын» деп Бауыржан Ергенұлы әңгімесін әзілмен бастады. Өлеңдерінің қысқаша тарихына  тоқталып, өлеңдерінен үзінді келтірді. Сондай-ақ аудиторияның басым көпшілігі студент қауымы болғандықтан, студенттік шақтардың естеліктері де айтылды.

Шараға қатысқан студенттер де ақынның шығармашылығы мен өміріне қатысты сауалдарын қойып, кездесу екіжақты диалог ретінде өрбіді.

Кеш барысында ақынның «Сары өлеңім - сағынышым», «Мінез», «Ана қадірі»,«Жүрек жанры» атты өлеңдерін студенттер мәнерлеп айтса, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Ернар Өмірәлі әндерін шырқады. Ал Ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің магистранты Алшынбек Мұқанғалиев ақынға өзінің арнауын тарту етті.

Қаракөзайым Кенжина

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ медиа орталығының бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале