24.04.2019, 21:09
Оқылды: 22

Студенттер арасында  «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік чемпионаты өтуде

Облысымыздағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен түлектері арасында өткен «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік чемпионатының ашылу салтанаты өтіп, шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты.

proftehobrazovanie (1)

– Қазіргі нарықтың сұранысына сәйкес кәсіптік-техникалық мамандық иелеріне сұраныс артып отыр, осы салада еңбек етіп жүрген жандардың ел экономикасының дамуына қосып жатқан үлесі зор. Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әр өңірден кем дегенде 10 колледжді жоғары деңгейге шығарып, әлемдік озық тәжірибелерді енгізу негізінде дамыту міндеті жүктелген болатын.

Қазіргі таңда облысымыздағы бес колледжде осы бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Кәсіптік-техникалық бағытта тәлім алып жүрген жастар мен түлектер арасында жыл сайын өткізіліп келе жатқан бүгінгі чемпионаттың ауқымы кеңейіп келеді. Былтыр 13 құзыреттілік бойынша мықтылар анықталса, биыл құзыреттілік саны 23-ке жетті.

Жалпы жарыс бар жерде бәсекеге қабілеттілік шыңдалады. Жұмысшы және техникалық мамандықтардың мәртебесін арттыру, кәсіптік білім беру саласына айрықша көңіл бөліп, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды мақсат еткен маңызды шараға атсалысқан, дуальды оқыту жүйесіне қолдау танытып жүрген әлеуметтік серіктестерге алғысымызды білдіреміз, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Бір кездегі №2 жоғары кәсіби училищенің түлегі, бүгінде табысты кәсіпкер, «Айна Халық» ателье-студиясының директоры Айнагүл Қалықова, «WorldSkills Oral» өңірлік чемпионатының бас сарапшысы, Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің директоры Әли Масалимов, 2018 жылғы «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатының жеңімпазы Темірлан Орынов чемпионат қатысушылары мен сарапшылардың жұмысына сәттілік тіледі. Айта кетейік, WorldSkills International (WSI) – дүние жүзі бойынша кәсіби даярлау стандарттарын арттыру, жұмысшы және техникалық кәсіптерді дәріптеу мақсатында құрылған халықаралық қауымдастық. Қазіргі таңда оның құрамында 77 мемлекет бар. Ал Қазақстан бұл қауымдастық құрамына 2014 жылы енген болатын. Әр мемлекеттің ұлттық құрамасы сапына кәсіптік мамандық бойынша білім алатын немесе жұмысшы мамандар санатындағы 18-22 жас аралығындағы жастар қабылданады. Біздің облысымызда «WorldSkills» өңірлік чемпионаты бесінші жыл қатарынан өткізілуде. Былтыр республикалық деңгейде облыс намысын қорғап, «Сандық бағдарламамен басқару станогіндегі токарьлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті Темірлан Орынов ең үздік деп танылған.

Жуырда Темірлан Татарстан Республикасының Қазан қаласында өтетін «WorldSkills – 2019» халықаралық чемпионатында тұтас елдің намысын қорғайтын болады.

Нұрлан Габдушев, БҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 23 құзыреттілік бойынша 155 қатысушы және 148 сарапшының қатысуымен өтетін чемпионат әр сала бойынша қаламыздағы 12 колледждің, «Орал трансформатор зауыты», «Казахавтодор» РМК БҚОФ ЖПУ-38, «Балзия» ЖШС, «Авдеева Т. М.» ЖК және Зашаған кентіндегі №50 «Заңғар» бөбекжайының базасында жалғасын табады. Түрлі мамандықты игерген талапты жастардың білім-білігі екі күн қатарынан сарапшылардың көмегімен сараланып, сәуірдің 26-сы күні чемпионат жеңімпаздары анықталатын болады. Өңірлік кезеңнен оза шапқандар республикалық деңгейде бақ сынауға, ол кезеңнен озық шыққандары халықаралық чемпионатты Қазақстанның намысын қорғайтын ұлттық құрама сапына қабылданады деп жоспарлануда.

Аяужан Кереева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале