19.04.2017, 16:13
Оқылды: 567

Су тасқынында не істеу керек?

Тілсіз жаудың салдарынан елімізде қалыптасып отырған төтенше жағдайдан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардармыз. Отандастарымыздың қайғысына әр қазақстандықтың қабырғасы қайысып, ішінен тілеулерін тілеп отыр. Алайда бұл  - айтып келмейтін апат. Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Астана қаласы су астында қалды. Қанаттас көршіміз Ақтөбе облысына да су мол келіп, саяжайларды мекендеген жергілікті халық жылы ұясын тастап, пана іздеуде. Судың мұншалықты мол келуі бұл өңірде соңғы рет 1993 жылы тіркелген екен.


Арнасы  кең, суы мол Жайық өзенінің жағасын жайлаған Батыс Қазақстан облысында да су басу қаупі бар дейді мамандар.

Төтеншеліктердің мәліметінше, биыл су деңгейі 6-7 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Егер солай бола қалса, 1 мен 2-інші және Бортау ауданындағы саяжайларды су басуы ықтимал. Айта кетейік, облыста жалпы 90 қауіпті аймақ бар екен.

Осыдан 6 жыл бұрынғы топан су басқан оқиға батысқазақстандықтардың әлі есінде. Шаған мен Деркөл өзендері арнасынан асып, облыстағы 38 елді мекен су астында қалған еді.

«Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы ұстан өңір басшылары су тасқынына қарсы алдын алу шараларын жүзеге асыруда.

Қалыптасқан жағдайды саралау үшін қала әкімі Нариман Төреғалиев өзен бойындағы саяжайларды аралады. Шаһар басшысы қала бойынша 22 эвакуациялық пункт әзір, техникамыз сақадай сай дейді. Облыс аумағындағы  өзендер бастауын көршілес Ресейден алғандықтан, судың көп мөлшерде келуі көп жағдайда көршілерімізге байланысты. Мамандар ресейлік әріптестерімен күнделікті байланысып, су деңгейінің ақпаратын алып отырғандарын айтады.

Айтып келмес апат кім-кімге де оңай емес. Бір ескере кететін жайт бұндай жағдайға әр адам тап болуы мүмкін. Сондықтан қандай жағдайда да сабыр сақтап, мамандардың бұйрығын бұлжытпай орындау – басты қажеттілік. Осы орайда назарларыңызға су басу кезіндегі сақталуға тиісті қауіпсіздік шараларының ең маңыздыларына тоқталғымыз келеді.

Мамандардың айтуынша, су тасқыны бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін. Оның жылдамдығы соншалық, жолындағы ауыр тас пен үйлерді қиратып кете алады. Бастысы, қауіпті сезген жағдайда үй ішіндегі ток көзіне қосылған барлық құрылғыны қуат көзінен ажыратып, су өтпейтін жерге қою қажет.

Су басудың алдында не істемек керек?

-  канализациялық құбырларды тазартыңыздар;

-  алғашқы көмек құралдарын, су, азық-түлік қорын дайындау;

- қауіпсіз жерге көшу;

- өзен тармақтарына, арықтарға, сайларға жақындамай, тұрғылықты жерден жоғарғы жерлерге шығу;
- мүлікті жоғарғы қабаттарға, шатыр астына орналастыру.

Сіз тұрған жерді су басты!

- жоғары қабатта қала беріңіз немесе ғимараттың шатырына шығыңыз;

- су басқан жерлерде көлік айдамаңыз. Өйткені шұңқырлар болуы ықтимал;

-  егер де көмек керсе болса, дабыл қағыңыз.

 Сіз су ішінде қалып қойдыңыз:

- Суда жүзуге тура келсе, барынша сақтық шараларын сақтаңыз. Өйткені суық суда 3 минут қана тұруға болады екен. Ал арада 5 минут өткен соң, ұстама басталуы мүмкін. Егер сіз су басу аймағында қалып қойсаңыз, ауыр киім мен аяқ киіміңізді шешіп тастап, жақын жердегі су баспаған учаскеге қарай жүзуіңіз керек. Бірақ ағынға қарсы жүзуге болмайды. Судың астында қалған немесе судың үстінде қалқып жүрген заттардан жарақат алып қалмау үшін қорғану қажет.

Көктемгі су басудан кейін мына нәрселерге көз жеткізіңіз:

- тұрғын үйіңізде су тасқынынан кейін қирау қаупінің, айналасында қауіпті заттардың, қоқыстардың  жоқтығына көз жеткізіңіз;

- үйді толық кептіріп алмай, электр желісін қолданбаңыз;

- суды міндетті түрде қайнату.

Айдана Хамидуллина,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале