21.02.2020, 12:04
Оқылды: 259

Субсидиялау талаптары көңілге неге қонбайды?

Өңірдегі мал баққан ағайын асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне жиі енгізілетін өзгерістерге наразы. Олар асыл тұқымдық бұқаларды сатып алуға жұмсалатын шығын субсидияланбаса, малды асылдандыру үрдісі тоқырайды деп есептейді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында айтылды.

mal 3

«Қазақстанның фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы Серік Жарылғаповтың айтуынша, қаңтар айында 2017-2021 жылдарға арналған субсидиялау бағдарламасына енгізілетін өзгерістерге қатысты бірнеше талқылау жиыны өткізіліп, облыстағы шаруа қожалықтарының жетекшілері ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың және «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-ның президенті Жигули Дайрабаевтың атына хат жолдаған. Сол құжатта айтылған түйткілді мәселелерді кеңес отырысында ортаға салған фермерлер одағының филиалы кәсіпкерлер палатасынан қолдау сұрады.

mal

Мал шаруашылығы саласы мемлекеттік реттеу жұмыстары барысында ешкім шаруалардың ой-пікірімен санаспайды, соның кесірінен мал өсірушілер қаржылық шығынға батады. Соңғы жылдың өзінде бірнеше сағатқа қана онлайн режімінде ашылатын «Қолдау» ақпараттық-есеп орталығы порталы арқылы субсидиялауға тапсырыс қабылданбай, тапсырыс беру уақыты өткізіп алған шаруа қожалықтары сан соқты. Елімізде тері-терсек экспортына тыйым салынғанда, бірқатар шаруашылық пайдадан қағылып, 8-9 млрд. теңге қаржыны жоғалтты. Қазақстанда жыл сайын 2 миллионға дейін ірі қара сойылады. Тері экспортына шектеу шараларын тері сатып алушылар шебер пайдаланған. Олар оның келісінің бағасын 240-тан 20 теңгеге дейін (тері бағасы 5 мың теңге болса, оны 500-ге түсірді) төмендетті. Теріге салынған тыйым шаралары алынғаннан кейін тері келісінің бағасы 1 мың теңгеге дейін ғана көтерілді. Соңғы 6 айдың ішінде тері экспортына салынған тыйым шаралар ауыл-аймақ ішіндегі онсыз да түйткілді мәселені шиеленістіріп, қалыптасқан тері-терсек жинау инфрақұрылымын бұзып, өнім өткізу нарығындағы байланыстарды үзген және тері өткізу бағасын қалпына келтірмеді.

– Ал «Сыбаға» бағдарламасының талаптарының қатаңдануы кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін несиеге қол жеткізуді қиындатты. Енді «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруа адамын несиелеуге облыс орталығынан қосымша жылжымайтын мүлік сұрайды. Ауылдағы шаруаларда ондай мүлік қайдан болсын? Мұндай жағдайда жастарға шаруашылық ашу қиындайды. Қазіргі уақытта ауылдарда мал өсіруге құлшыныс бар, жаңа бастамалар көтерілуде. Соның ішінде мал шаруашылығына берілетін субсидия шамасын төмендету (жайылымды суландыруға, мал бордақылауға, малды етке тапсыруға берілетін субсидия), малды тірілей салмақта экспортқа шығаруға тыйым салынды. Біз мұндай бастамаларға қарсы емеспіз, тек елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бөлінетін субсидияның шамасын төмендетпей, қайта көтерген жөн. Белоруссия мен Ресейде шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау біздегіден 3-5 есе артық, сондықтан нарықта олармен бәсекелесу оңайға түспейді, – деді Серік Жарылғапов. Оның пікірінше, тері экспортына тыйым салу тәжірибесінен кейін малды тірілей сыртқа шығаруға тыйым салу мүлде ақылға сыймайды. Бұл жағдай бәсекелестікті жояды, мал бордақылаумен тек ірі шаруашылықтар ғана айналысатын болады.

– Біз ет комбинаттарына қарсы емеспіз, бірақ оларға арналған басқа бағдарлама болуы керек. Тері-терсек шығаруға салынған тыйымнан фермерлерге 8-9 млрд. теңге бұйырмаса, сыртқа мал шығаруға салынған тыйымнан бұдан 10 есе артық шамадағы қаржы жоғалтамыз. Шаруалардың табысы азайса, несиелерді өтей алмайды. Бұл жайттардан кейін нарықтағы ет бағасы арзандамайды, мал өсіруші жоғалтқан қаржы делдалдардың қалтасына құйылады, –  дейді Серік Жарылғапов.

Сондай-ақ шаруалар асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне енгізілетін өзгерістерге наразы. Өңірде екі мыңнан астам асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар бар. Бұл –  солардың баршасының жанайқайы. Асыл тұқымды бұқаларды сатып алуға кететін шығын субсидияланбаса, онда малды асылдандыру үрдісі тоқырайды. Асыл тұқымды бұқаларды жалға беруге берілетін субсидияны мүлдем алып тастау тек шаруа қожалықтарының ғана емес, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің де жұмысына кедергі болады. Кооперативтерге мал басын асылдандыру қиынға соғады, сөйтіп үш жыл бұрынғы жаппай құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысының қиюы қашады. Сондай-ақ бұдан 7-8 жыл бойына жүргізілген малды асылдандыру жұмыстары құрдымға кетпек. Мал бордақылау шығындарын арзандату субсидиясы алынып тасталғанмен, шаруаларға басқа субсидия берілген жоқ. Асылдандыру жұмыстары үшін субсидия (әр басқа 20 мың теңге) алу үшін 85 % бұзау ілесу керек. Бұл, әрине, өте жоғары көрсеткіш. Ет комбинатына мал өткізуге, яғни тірілей салмақтағы малдың келісі үшін 200 теңге субсидия беру тәртібі енгізілген. Мал өсіруші бұқашықты 400 келіге жеткізу үшін 15 ай өсіріп, небары 80 мың теңге табады. Малды мұндай жағдайға тек ірі шаруашылықтардың ішінен әлеуеті мықтылары ғана жеткізе алмақ. Сондықтан батысқазақстандық фермерлер асыл тұқымды бұқаларды сатып алу шығынын субсидиялауды мал басына 150 мың теңге, асыл аталық малды жалға беру субсидиясын 100 мың теңге, асыл тұқымды аналық ірі қараны сатып алу субсидиясын 225 мың теңге шамасында қалдыруды ұсынады. Өйткені мал шаруашылығы тек 5-6 жылы ғана табыс әкеледі, тек 7-8 –жылда ғана пайда келтіреді.

Бұдан басқа жиында субсидия ережелерінің жиі өзгеретіні айтылды. Өткен жылдың өзінде ережелерге екі мәрте өзгеріс енгізілген. Сондықтан шаруалар субсидия ережелерінің ұзақ мерзімге жасалғанын қалайды. Жалпы ауыл шаруашылығына берілетін несие жайы да сөз болды. Шаруа адамдары субсидия берілмейтін болған жағдайда ұзақ мерзімге, мысалы, он жылға кепілзатпен 2%-бен, бес жылға 4%-пен несие берілгенін қалайды. Олардың айтуынша, 14%-бен берілген несиенің 10%-ы субсидияланады. Бірақ субсидияалуға қажетті құжат жинап жүргенде, уақыт өтіп кетеді де, несиені өтеу мерзімі келіп қалады. Одан кейін субсидия да айлап емес, бір жыл бойы күттіріп, қолға тимей діңкені құртады. Жалпы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламалары күллі елімізге ортақ жасалады, оларда әр өңірдің табиғи ерекшеліктері, табиғи ресурстары ескерілмейді. Осы жағы ескеріліп, әр өңірге лайықтап жасалса құба-құп. Қазірдің өзінде облыс аумағындағы өзен-көлдер құрғап, жерасты су қоры азайғаны, қазған құдықтардың суының төмендегені аз айтылып жүрген жоқ. Алдағы уақытта су тапшылығы белең алуы ықтимал. Сондықтан мал шаруашлығына қажетті құдық қазу жұмыстарының шығындарын жабуға берілетін субсидияны 80%-дан 25%-ға түсіру де көңілге қонымсыз.

Жиында айтылғандай, соңғы кездері жастар жағы қаладан жұмыс таппай, ауыл-аудандарға қайтып, мал өсіруге ден қоя бастаған. Бірақ ауылдарда мал өсіруге жер тапшы. Теректілік Е. Жұмағалиев өзінің шаруа қожалығына қора-қопсы тұрғызуға қажетті 14 гектар жерді кадастрлық құны бойынша 15,5 млн. теңге төлеп, шаруашылық меншігіне алуы тиіс. Жер кодексіне 2021 жылға дейін мораторий жарияланғандықтан, келешекте оған да тиісті өзгерістер енгізу жайы сөз болды. Фермерлер одағы «Жас фермердің қалыптасуы, дамуы» атты бағдарламаның жобасын жасақтауда, соған өңірлерден ұсыныс, ой-пікірлер жинақталуда. «Отбасылық шаруашылық» жобасы Жамбыл облысында қанат қаққан. Оған республикалық бюджеттен 2,2 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге бөлініп, отбасылық және жастардың фермерлік шаруашылықтары дами түскен. Шаруалар біздің өңірде де осы бағыттағы нақты шаруалардың қолға алынғанын жөн санайды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале