15.01.2021, 10:45
Оқылды: 319

Сутаждан сәндік бұйым жасайтын сұлу

Кейінгі жылдары сән әлемінде сутаждан жасалған әшекей бұйымдар үлкен сұранысқа ие болуда. Бұл қолөнер туындысы өрілген әр тасы мен жібі, жасалу техникасы бірін-бірі қайталамайтын ерекшелігімен қымбат әрі бағалы. Заманауи түрге енген сутажды сәндік бұйымдарды жасаудың хас шеберлері біздің елімізде санаулы ғана. Солардың бірі де бірегейі, жерлесіміз – Рахима Сағиева. Бүгінде оның қолынан шыққан ғажап туындылар алыс-жақын шетелдерде жоғары бағаланып, кезек күттірмейтін тапсырысқа ие болған. Рахиманың әсем бұйымдарын көрмекке қала шетінде тұратын үйіне арнайы іздеп барған едік.

 Сутаждан сәндік бұйым жасайтын сұлу1

Алдымен “сутаж” сөзіне түсінік бере кетейік. Ол – іс жасауға арналған жалпақ және жіңішке түрлі-түсті жібек бау. Сутаж техникасы ХIV ғасырда Францияда бастау алып, әйел көйлектері мен аксессуарларын безендірген. Бұл қолөнер түрі Ресейде І Петрдің кезеңінде пайда болып, әйгілі ер адамдардың көйлектерін сутаж бауымен әшекейлеген. Ал 90жылдары дизайнер М.Каприн зергерлік бұйымдарына сутажды қолдана бастайды. Содан бастап зергерлік сутаждың дамуы кеңінен белең алды.

“Анамды жалғыз қалдырмау үшін бәрінен бас тарттым”

Бүгінде шебердің қоржынында сутажды сәндік бұйымдардың оннан астам түрі бар. Оның ішінде алқа, өңіржиек, сақина, сырға, білезік, белдемше, брошь, сәукеле, шашқа арналған бұйымдар жоғары сұранысқа ие. Өйткені аса ыждағаттылық пен біраз уақытты талап ететін қолөнер туындылары расымен де көздің жауын алатындай сұлулыққа ие. Он жылға жуық экономист, заңгерлік салада қызмет атқарып келген Рахима мансапты қызметімен біржола «қоштасып», соңғы төрт жылын сутажды бұйымдар жасауға арнап келеді. Оның бұл шешімі біраз адамды таңғалдырса да, бүгінгі жетістігі оңайлықпен, кездейсоқ келмегені анық. Тағдырдың талай соқтықпалы жолы, анасына деген шексіз құрмет, отбасына деген қамқорлығын көрсету үшін ол кей адамдарға қол жетпестей көрінетін үлкен армандарынан бас тартуға себеп болған. Бұл Рахиманың ішкі мықтылығын көрсетсе керек-ті.

– Иә, мен мектеп бітіргеннен кейін экономика, одан кейін заңгер мамандығы бойынша  білім алып, бірнеше жыл сол салада қызмет атқардым. Балалық шағымда біраз қиындық басымыздан өтті. Әкем ерте қайтыс болып, анам бес баламен жесір қалды. Бес бала – бес тағдыр, шешеме оңай болған жоқ. Әкем қайтыс болғаннан кейін Аңқаты ауылына көшіп бардық. Осы жерде мектеп табалдырығын аттап, 7-сыныпты сол мектепте аяқтадым. Кейін оқуымды «Үміт» гимназиясында жалғастырдым.

Оқушы кезімде қазақ тілі мен әдебиетіне жүйрік болдым. Бірнеше рет осы пәннен облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, талай мықтылар-дың көзіне түстім. Мектеп бітірер жылы еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарынан тегін жолдамамен оқуға шақырған ұсыныс көп болды. Тіпті, бірнеше іріктеуден өтіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп тұрып бармай қалдым. Араға бір жыл салып Астанаға шақырды, оған да бармадым. Бәрінің бір ғана себебі болатын.

Анамды қимадым. Жастайынан жесірліктің тауқыметін тартып, бізді ешкімге жаутаңдатпай, ешкімге алақан жайдырмай өсірген анамды жалғыз тастап кетуге батылым жетпеді. Бірақ анам «Менің қасымда қал, мені бағу керексің» деп ешқашан айтқан емес, керісінше «Құдайдың берген мүмкіндігінен айырылма, өз жолыңды тап» деп ақ батасын аямайтын.

Ақ сүтпен келген тәрбие шығар, анамнан алысқа ұзауға арым жібермей,

Оралда қалдым. Сөйтіп, қаламыздағы Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетінің экономика бөліміне оқуға түстім. Оқып жүріп жұмыс жасап, ақша таптым. Өйткені анамның мен үшін қиналғанын қаламадым. Кейін артымнан ерген егіз екі ініме қарайластым. Олар мектеп бітіріп, қалаға оқуға келетін жылы өзім секілді пәтер жағалап жүргенін қаламай, бар тапқанымды жинап, баспана алдым. Кейін өзім тұрмысқа шығып, ана атандым. Араға көп ұзамай екінші сәбиім өмірге келді. Сенсеңіз, екі ұлым өмірімді түбегейлі өзгертті десем де болады. Бұдан былай мен үшін қызметтен гөрі ұлдарымның болашағы көбірек ойландыра бастады.

Бала күтімімен үйде отырған уақытым осылайша біржола қолөнерге бет бұруыма түрткі болды, - дейді кейіпкеріміз.

5 мың теңгеден басталған бизнес

Сутаждан сәндік бұйым жасайтын сұлу3

Алайда Рахима бұған дейін де қолөнерден мүлдем алыс болмай шықты. Әкенің қанымен келген қасиет болса керек, бала кезінен ине-жіпке жақын өскен. Бастауыш сыныпта оқып жүріп-ақ қолғаптар мен шұлықтардың неше түрін тоқуды меңгеріп, құрақ құраудың шебері атанып үлгерген. Тіпті, ол мектеп кезінде оқушылармен бірігіп мектеп жанындағы қуыршақ театрына киімдер тіккенін  әлі күнге дейін мақтанышпен есіне алады. Сол кездің өзінде еңбек пәнінен беретін мұғалімі арнаулы оқу орындарында ғана үйрететін киім пішіп-тігудің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін үйретіп кеткені Рахимаға өмір бойы сабақ болған.

– Алла адамға әр нәрсенің қайырын сын етіп береді. Екінші ұлымның 4 айлығында жаңадан салынып жатқан үйіміз бітіп, қыс ортасында көшіп келдік. Ол кезде жолдасым вахтамен жұмыс жасайтын. Ал мен азын-аулақ баланың ақшасына ғана күн көріп жүрдім. Артық ақша ауыса бермейтін. Кейде 5 мың теңге таба алмай, қатты қиналатын кездер болған. Бір күні инстаграм әлеужелісін парақтап отырсам, қызықты парақшаға кезігіп қалдым. Қолөнер бұйымдарын жасап, одан пайда табуды насихаттап жүрген парақша екен. Қарап отырып қолдан жасалған көздің жауын алатындай керемет өнер туындысына көзім түсті. Сол сәтте қатты қызыққаным сонша, тапсырыс бергім келді де, «Жоқ, мұны мен өзім де жасай аламын» деп өзімді тоқтаттым. Содан не керек, 5 мың теңге артық ақша бұйырмай,  6 ай бойы осы сәндік бұйымдарды өзім ойша жасап, үйреніп алған екенмін. Тіпті, шеберлік сағаттарына да барып көргенім жоқ, өйткені балаларымды тастайтын жерім болмады. Бір күні сәті түсіп, жинап жүрген ақшама қала орталығындағы «Силуэт» деген дүкеннен әшекей бұйым жасауға қажетті заттарды артық-кемі жоқ тура 5 мың теңгеге сатып алдым. Бұйым жасауға кеткен алғашқы шығыным осы болды. Бір қызығы, еш қорықпастан алғашқы ісімді бірден тапсырыс алудан бастадым. Осылайша жасаған сәндік бұйымдарым дос-туыстың арасында қолдау тауып, тапсырыстар көбейе бастады. Ал қазір 5 мыңнан бастаған бизнесім айына 200-300 мың теңге табыс әкеліп отыр, - деген қолөнер шебері Рахима Бөкенбайқызы үй шаруасына алаңдамай, тек тапсырыс жасаумен айналысса, бұдан да көп табыс табуға болатынын айтады.

Шеберханаға айналған ас үй

Атқан таңын Жаратушыға шүкірлік айтудан бастайтын шебердің әр туындысы қайталанбас ерекше сұлулыққа ие. «Ешқашан зәулім үй мен қымбат көлік тілеген емеспін, керісінше, әр кезіккен қиындықтың бір қайыры болатынына, тосыннан келетін ғажайыптарға сенемін» дейтін оның ас үй бөлмесі бүгінде шағын шеберханаға айналып үлгеріпті. Сондықтан әңгіме арасында «Жауһар моншаққа толы ас үйімді еш нәрсеге айырбастамаймын» деп те келген қонақтарға қалжыңдайтын көрінеді. Расымен де ас үй жиһазының әр сөресі қарасаң, көз тоймайтын қорап-қорап моншақтар мен қымбат тастарға, сан алуан жіптерге толы. Әйел адам біткеннің негізгі күні ас бөлмесінде өтетінін білсек, Рахиманың алтын уақыты осы бір әмбебап «шеберханасында» өтетін көрінеді.

– Бұрын қызметте  жүргенімде «Айналайын, Рахима» деп жан-жақтан бәрі еркелетуші еді, ал келіндік өмірде бәрі басқаша, адамдардың назары мен жылы сөзі жетпеген кездер көп болды. Қазір денсаулығыма байланысты компьютермен жұмыс істеуге болмайды. Құдайдың  өзі жол көрсеткендей, екі ұлым себепші боп, қолөнерге түбегейлі бет бұрғаныма қуанамын. Шыны керек, сутаж бұйымдарына қалайша ғашық болғанымды білмей қалдым. Басында жай әуестік, ақша табудың бір жолы шығар деп ойладым. Бірақ күннен-күнге қызығушылығым артып, өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналып үлгерді. Қазір жатсам да, тұрсам да, түрлі идеялар мен жасалатын бұйымдарымның оюлары көз алдыма елестей береді. Соны қашан қолға алып, бітіргенше менде тыным болмайды, - деген кейіпкеріміз еліміздің әр түкпіріндегі сән әлемінің шебер бикештерімен бірге «Fashion week» сән апталығына арнайы шақырту да алған.

– Өткен жылы қаламызда өткен сән апталығы маған көп мүмкіндік берді. Іздегенім алдымнан шығып, біраз дүниелерімді жарыққа шығардым. Әлі де тоқтамай өзімді дамыту үстіндемін. Менің сутажға қолданып жүрген тастарым аса қымбат түрі емес. Табиғи, алғым келіп, армандап жүрген қымбат тастар да бар.

Алайда қаламызда қажетті тауарлар өте аз. Керек-жарақтарымды Нұр-Сұлтан қаласынан, Ресейден арнайы тапсырыспен сатып аламын, - деген ол болашаққа құрған бірнеше жоспарларымен де бөліскен еді.

«Арнайы тапсырыстар Еуропадан көп түседі»

Сутаждан сәндік бұйым жасайтын сұлу04

Осылайша қиындыққа берілмей, өз кәсібінен адал ақша тауып жүрген Рахиманың есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге де кеңінен танылуда. Соңғы кезде көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап сутаждан сәндік бұйым жасаудың тегін шеберлік сағаттарын ұйымдастырып жүр. Тек үйренуге ықылас танытатын, шын ниетті адам болса дейді.

– Шеберлік сағаттарымды пайда көрейін, көбірек ақша жасайын деген мақсатта ұйымдастырған емеспін. Керісінше өзіме ізбасар шәкірт тапсам деймін. Бүгінде қолымнан шыққан авторлық туындыларыма еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс беруші өте көп. Әсіресе, өнер адамдары жиі тапсырыс береді. Тіпті соңғы кезде Италия, Түркия, Германия сынды Еуропа елдерімен қоса Үнді құрлығынан да арнайы тапсырыс беретіндер бар. Олардың саны күн санап артып келе жатқаны маған ерекше дем береді. Мұның да бір себебі бар. Өйткені менің жасаған бұйымдарым өзге авторларға қарағанда  4-5 есеге арзан. Өйткені миға сыйымсыз, жөнсіз қымбатқа сатқанды жаным қаламайды. Дегенмен еңбек бағалануы керек. Өнерді түсінетін адамдар ешқашан саудаласпайды, олар адам еңбегін бағалауды, сыйлауды жақсы түсінеді. Болашақта зергерлік салаға да көңіл бөлсем деймін. Ең бастысы, жеке сән үйін ашу – арманым, - дейді сутаждан сәндік бұйым жасаудың хас шебері.

Иә, «Ананы сыйлаудың үлгісі қандай болады?» деп сұраса, ойланбастан Рахиманы айтар едім. Өйткені сол бір аяулы жан үшін талай «бақыттан» бас тартқан ол анадан адал сүт емгенін ісімен дәлелдеп келеді. Бүгінде өзі де ана, сыйлы жар, бір әулеттің ибалы келіні. Біз мақала жазуға барғанда «Анам үшін бәріне де дайынмын» деп, анаға деген шексіз махаббат пен құрметтің нағыз үлгісін көрсетіп еді. Өкінішке орай, мақала жарыққа шыққанша асыл жаннан қапыда көз жазып қалғанын естідік. Ананың берген ақ батасы армандарына жеткізіп, сән әлемінде қайталанбас қолтабасының қалуына шын тілектеспіз.

 

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале