18.09.2020, 10:25
Оқылды: 288

Сырымбектің сырлы әлемі

Қазіргі кезде бір-бірінен қашықта жүрген көңілі жақын, сыйлас, сырлас адамдардың бір сәтте сөйлесіп,тілқатысуына көп уақыттың қажеті болмай қалды. Қолыңыздағы WhatsUpp-ты бір сылап-сипап өтсеңіз болды, ар жағынан қажет деп тапқан адамыңыз дереу үн қатады. Тіпті сол сәтте оның дидары мен қимыл-қозғалысын да көре аласыз. Ал өткен жиырмасыншы ғасырдың дағдысы бөлек еді. Ұялы байланыс түгілі, әр үйде кәдімгі қалалық үй телефонының өзі бола бермейтін. Сондықтан да сол дәуірде адамдардың бір-бірімен хат жазысу үрдісі белең алған еді.

Сыреке

Міне, сонау жетпісінші жылдардың аяқ кезінде хат арқылы танысып, табысқан әріптес, дос, жолдастарымның бірі, өңір журналистикасының бүгінгі белді өкілі, қаламы жүрдек журналист, «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары, жарқын да жайдары жүзді азамат Сырымбек Тұяқов. Осы Сырекеңнің алпысқа келіп қалғанын білгенде, ең алдымен, оған сене қоюдың өзі қиынға түсті. Өйткені бір кездегі бөкендей жеп-жеңіл желіп жүретін сыптығыр сары жігіт сол баяғы қалпынан көп өзгере қоймаған. Әйтсе де, арада өткен жылдар оның белгілі азамат болып қалыптасуына, қиындығы мен күрмеуі мол газет қызметінде мол тәжірибе жинақтауына тәп-тәуір әсер еткені бірден байқалады.

Сырымбектің журналист мамандығын қалап, оның иесі атануына, ең алдымен, ықпал жасаған әкесі, марқұм Жәрдем Тұяқов ағамыз еді десек, қателесе қоймаспыз. Жәкең баспасөз саласындағы қызметін есімдері Ақ Жайық аймағына кеңінен танымал болған Ғарифолла Көшенов, Бақтыбай Далабаев, Мәжит Қайырғалиев және Құбаш Қажымов секілді журналистиканың аға буын өкілдерімен облыстық «Орал өңірі» газетінде қанаттас, қатарлас қызмет жасаған қалам иесі екенін айта кеткеннің де артықшылығы жоқ.

Журналистика, соның ішінде газет шығару мен оны безендіру ісі өнердің бір түрі, шығармашылық жұмыс деп тұжырымдасақ, бұған негізінен синтездің тұтастық тән екенін тани аламыз. Бұл не деген сөз? Яғни тек бір ғана ақ қағазды шимайлай бергеннен, жан-жақты әрі толыққанды қалам иесі болып қалыптасу қиын-ақ. Қазіргісін қайдам, кешегі кеңестік кезеңде мақала жазуға қоса секретариат қызметінен түсінігі мол, макет жасаудың қыры мен сырын жетік меңгерген газет қызметкерлері өзге әріптестерінен бір саты биік тұратын.

Бұл жөнінде бір ғана мысал айта кетудің де реті келіп тұрғандай. Яғни Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде газетті безендіру пәнінен дәріс оқыған қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеп шығаруға мол үлесін қосқан ұлағатты ұстаз Әбілфайыз Ыдырысов: «Тіпті редактор болмай қалған жағдайда да жауапты хатшы газетті қиналмай шығара алады. Секретариат – редакцияның штабы» дегенді жиі қайталаушы еді. Сондай-ақ жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басында «Орал өңірінің» бас редакторы қызметін атқарған Бақтыбай Далабаевтың газеттің қатардағы тілшілерін секретариаттың қазанында қайнатып алатын әдеті болушы еді. Солардың бірі, біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – Сырымбек Тұяқов болатын.

Синтездік тұтастық дегеннен шығады. Болашақ жарияланатын мақаласына материалдар мен деректер жинақтаған кезде журналистік зерттеу нысанын фотоаппарат дүрбісіне іліп, тартып жүрген журналистің бәсі де өзгелерден биік тұрады. Фототілшіге осы бір көріністі суретке түсіру керек еді деп жалынып, жалпайып жүрмейді ол. Бұл мәселе жөнінен де бүгінгі жас буын қалам иелері Сырымбек Жәрдемұлынынан көп нәрсе үйрене алатыны анық. Оның жас кезінен фотоға түсірумен айналысып, сол замандағы «ФЭД» және «Зенит» секілді фотоаппараттардың тетігін таба білгені кейінгі журналистік қызметіне әжептәуір көмегін тигізгені дәлелдеуді қажет етпейді. Біраз жыл  бойы облыстық «Орал өңірі» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарған кезінде әріптестің жинақтаған дағдысы мен тәжірибесі ортақ іске өз үлесін тигізіп жүргені бөлек бір әңгіменің еншісі.

Ал бүгінгі күні шыға бастағанына бір ғасырдан асқан байырғы басылымда редактордың орынбасары ретінде газет материалдарының сапалық тұрғыдан биік деңгейде әзірленуіне қоса, газеттің дизайны тартымды, ажары айшықты, бояуы қанық болуына атсалысып жүрген әріптестің еңбегі ерекше деуге әбден болады. Әрбір жаратылыс, әрбір адам өзінше бір әлем десек, бұл тұрғыда сегіз қырлы бір сырлы азамат Сырымбек Тұяқовтың сырлы әлемі де тек өзіне тән ерекшелігімен көз тарта алады.

 

Темір Құсайын,

журналист

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале