1.03.2017, 16:36
Оқылды: 20

«Табиғи монополиялар туралы» Заңына өзгерістер енгізілді

Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты жиналыс өтті.


Жиынға Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті облыстық департаментінің заңнаманың сақталуын бақылау және талап қою жұмысы бөлімінің басшысы Оралбек Құлмырзин және аталмыш сала мамандары қатысып, заңға енгізілген өзгерістер туралы баяндама жасады.

– Аталмыш заңға қаңтар айындағы енгізілген толықтыруларға сәйкес, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіндегі әкімшілік тосқауылдарды азайту мақсатында өзге қызметпен айналысуға шектеулер қойылмайтын болды. Алайда реттелетін қызмет түрлеріне жатпайтын өзге қызметті жүзеге асыру барысында табиғи монополия субъектісі бірнеше шарттарды орындауы тиіс. Біріншіден, аталмыш қызметтен түскен кірістер қажетті шығындарды жабатындай деңгейде болуы шарт. Екіншіден ол тиісті көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) нарығындағы бәсекелестікті шектемеуі тиіс. Үшіншіден, аталмыш қызметті жүзеге асыру барысында реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемі мен сапасының төмендеуіне әсер етпеуі керек. Табиғи монополия субъектісі осы талаптарды бұзған жағдайда реттелетін қызмет түрлеріне жатпайтын қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады,- деді Оралбек Уахитұлы.

Сонымен қатар мамандар табиғи монополия субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтерге қатысты тарифтер мен тарифтік сметалар туралы ақпаратты олардың бекітілген күнінен бастап бес күнтізбелік күннен кешіктірмей уәкілетті орган белгілеген тәртіппен интернет ресурсында орналастырулары міндетті екенін жеткізіп, жиынға қатысушылардың өзге де сауалдарына жауап берді.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале