20.08.2019, 14:35
Оқылды: 201

Тамыз кеңесінде өткір мәселелер айтылды

2019-2020 жаңа оқу жылының қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен дәстүрлі тамыз кеңесінен ерекше әсермен оралдым. Осы сәттен алған сезімімді барлық ұстазбен бөліссем деймін.

tamyz kenesi (5)

Салтанатты жиыннан түйгенім: жаһанның ғарыштап дамуымен бірге білім саласына да жаңа өзгерістердің қажет екендігіне тағы көз жетті. Өйткені қоғамды тәрбиелейтін ұстаз туралы айтқанда, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет» деген тағылымды сөзі ойға оралады. Шынында, ұстаздың өнегесі шәкірттің санасында қалып, берген білімі өмір бойы жатталып қалатынын бәріміз жақсы түсінеміз. Айтпасқа болмайды. Біз жұртты ұйытып, шәкіртінің көңіліндегісін дөп басқан беделді де абыройлы ұстаздарымызды мақтан етеміз. Оның әр түрлі себебі де бар. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген Алаш көсемі Мағжан Жұмабаевтың жанға тигізе, жеріне жеткізе айтқан тағылымды сөзі қоғамның ұстазына деген көзқарасын көрсетпей ме? Бүгінгі таңда мұғалім мәртебесін көтеру біздің қоғамдағы басты проблемалардың біріне айналды.

         Бір қуантарлық жайт, тамыз кеңесінің басты мақсаттарының бірі – жоғарыда айтып өткен қоғам алдындағы ұстаз мәртебесін көтеру болды. Жиында білім мен ғылым саласында инновациялық жаңалықтарды енгізу мен басқару, 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіту, тағы басқа да өзекті мәселелер сөз болды.

tamyz kenesi (4)

         Ашық диалог алаңында айтылған идеялар өте қызық әрі маңызды. Жаһандану үрдісіне қарай жаңа формациядағы мұғалім, оның беделі, ғылым мен білімді ұштастыра жүргізудің тиімділігі, оны шешудің жолдары тереңдей айтылды. Тіпті осы уақытқа дейін қайта-қайта айтылып келген ата-ана мәдениеті мен олардың ұстазға деген қарым-қатынасы, отбасындағы бала тәрбиесі, ана тілінің тағдыры тағы басқа да пікірлер бізге таныс болса да, жиында басқа қырынан талданды. Жарыссөзге шыққан шешендер осы бағытта қордаланып қалған мәселелерді өткір көтерді.

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы да ерекше жаңалық. Ұстаздарға деген ерекше құрметті көрсетті. Бір қуантарлығы: ұстаздарды толғандырып жүрген көптеген мәселелерді мемлекет басшысы баяндамасында атап айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет.Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Мағжан Жұмабаев "Педагогика" еңбегінде: "Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті" дейді. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» дей келіп, ұстаздар қауымына зор міндеттер жүктеді. Адам капиталы мен білім беру саласына қойылатын талаптардың мүлдем өзгеше екендігіне басты назар аудартты. Әсіресе, білім беру ісін ұдайы дамытып отыруымен қоса, соңғы жылдарда қолға алынған әр түрлі реформалардың сын көтермейтін жақтарын да айтты. Президенті ең өзекті сегіз мәселеге тоқталды.

Гүлзихан Таскарина,

Ә.Молдағұлова атындағы№38 мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале