20.08.2018, 18:27
Оқылды: 42

Тамыз  кеңесінде  үздіктер  анықталды

 Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында облыс ұстаздарының тамыз кеңесі өтті. Тамыз педагогикалық кеңесінің биылғы ерекшелігі конференция TEDх форматында ұйымдастырылды.

Салтанатты шараны облыс әкімі Алтай Көлгінов ашып, жаңа оқу жылының алдында ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.

– Биыл еліміз үшін мерейлі жыл. Осыдан бір ай бұрын Астананың 20 жылдығын атап өттік. Сондай-ақ қосымша білім беру саласына 100 жыл толып отыр. Яғни, осыдан бір ғасыр бұрын мектеп оқушысына білім берумен қатар музыкаға, спортқа, туризмге баулу мақсатында қосымша сабақтар оқытыла бастады. 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын енгізген болатын. 25 жыл аралығында 12 мыңнан астам студент әлемнің үздік университеттерінен білім алып, қазір еліміздің әр саласында қызмет етіп жүр. Дарынды балаларға арналған мектептердің ашылғанына 20 жыл және Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылғанына 10 жыл толып отыр. Елбасының білім мен ғылымды жүйелі қолдауы өз нәтижесін көрсете бастады. Бүгінгі тамыз конференциясын пайдалана отырып, білім беру саласындағы үш мәселені алға тартқым келеді. Біріншіден, кәсіби мамандарды даярлау мәселесі.  Шетелдің үздік оқу орындарында студент  соңғы курсқа көшкенде әр түрлі компаниялардан  жұмысқа шақыру ұсынысы түсіп жатады.  Болашақта қаладағы  екі-үш колледжге инвесторлар тартып, ондағы мамандарды сұранысқа ие еткіміз келеді. Сәйкесінше, кәсіптік колледждердегі ұстаздардың білімі мен білігін шетелде арттырғымыз келеді. Күзде кәсіптік лицейлердің 10 мұғалімі Финляндияға  барып, БИМ  (Building Information Modeling)  технология бойынша білімін жетілдірмек.   Яғни,  біз құрылыс нысанын салатын болсақ, ғимараттың биіктігін, ұзындығын, құрылғылардың тұратын орнын 3D форматта көрсететін бағдарламаны, жобаны үйреніп келеді. Қазіргі уақытта бұл жұмыс бізде қағаз жүзінде ғана жүзеге асуда. Біз ұстаздардың біліктілігін заманауи талаптарға сай жетілдіруге жағдай жасасақ, олар болашақ ұрпақты  жаңа технологияны игеріп кете алатындай тәрбиелейді. Екінші мәселе, цифрландыру. Цифрландыру – білім беру саласындағы сапа мен ашықтықты қамтамасыз етеді. Ата-ана балабақшаға баласын онлайн режімде-ақ  орналастыра алады. Білім беру қызметкерлеріне деген күмән сейілді. Облыста 226 шағын жинақты мектеп бар. Оларға  «Білім book» электронды жобасы енгізілмек. Онда компьютер жадына қажетті білім ресурсы салынған. Интернеттің қажеті жоқ. Бір сыныпта 15 баладан білім алатын болса, мұғалім олардың әрқайсысына әр түрлі электрондық тапсырма бере алады. Қазір жастар ғаламтормен жақсы жұмыс жасайды. Бірақ  ғаламтордан көргеннің дені ақпарат күйінде ғана қалып, санаға білім болып сіңбеуі мүмкін. Осыны да саралауымыз керек. Үшінші мәселе, жас ұрпақтың бойына рухани адамгершілік тәрбиені сіңіру. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, біз рухани бай тұлға екенімізді  ұмытпағанымыз жөн. Жас ұрпақ үшін үлкенге ізет, кішіге құрмет, бір-біріне жанашырлық секілді отбасылық құндылықтар бәрінен биік болуы керек. Ол үшін ата-ана мен ұстаз арасында тығыз қарым-қатынас орнап, жеткіншектерді теріс бағыттан ада болуына тәрбиелеу маңызды, – деді облыс әкімі алғысөзінде.

Ал «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының  басқарма басшысы Күләш Шамшидинова жаңартылған білім беру мазмұнының тиімділігін түсіндірді.

– Жаңа технологиялардың қарыштап дамуына орай қазір еңбек нарығындағы мамандықтарға деген сұраныс та өзгерді. Соған сәйкес ЖОО-ларда жаңа мамандықтар ашылып, кейбіреуі жойылып кетіп жатыр. Еліміз бойынша  30 мектеп жаңартылған білім бағдарламасы бойынша  үш жылға арналған қанатқақты режімге қосылды. Бүгінде нәтижелері жаман емес. Жаңартылған білім беруде оқытудың әдістемесі мен технологиясы өзгерді. Біз оқушыларға білім бергенде ертеңгі күні кәдеге жаратуына негіздеуіміз керек. Бұрын оқушыға оқытылатын  тақырып туралы барлық мәліметті айтып, келесі сабақта қайталап келуін сұрайтын еді. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша әр  оқушының ортақ тақырыпқа айтар ойы мен қорытынды сөзі болуы керек. Оқушы өзіне керекті мәліметті өз бетімен еңбектеніп іздеп табуы маңызды, – деді Күләш Ноғатайқызы.

Сондай-ақ жиын барысында «Knouledg Engineering» ЖШС директоры Нартай Әшім оқытудағы сандық технологияларды қолдану туралы, «Astana Garden Schools» басшысы, білім беру технологиялары бойынша тренер  Нұрмұхаммед Досыбаев «Білім беру: бүгін және ертең» тақырыбында тәжірибелерімен бөлісті. Ал «Editech» халықаралық білім орталығының бас директоры,  психолог Ғани Бейсенбаев «Білім беру триумфі» тақырыбында тренинг-диалог өткізді.

Ұстаздар қауымы бас қосқан жиында жыл бойы білім саласындағы жетістіктерімен биіктен көрінген білім ошағы мен жас ұрпақты тәрбиелеуде еңбегі сіңген мәртебелі мұғалімдер назардан тыс қалмады. Облыстық байқаулардың қорытындысы бойынша "Орта білім беретін үздік ұйым" атанған Орал қалалық  №44 мектеп гимназиясы 22 миллион 627 мың 200 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Республикалық "Үздік педагог" байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы  Орал қалалық №35 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Ташаеваға, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында «Үздік педагог» атағына ие болған Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Әсел Ғалиасқароваға алғысхат пен «Lenova» ноутбугі табысталды. Орта білім беретін ұйымдар арасында «Оқу-тәрбие үрдісінде көшбасшылық танытқан мектеп» аталымы Орал қалалық №41 жаратылыстану- математика бағытындағы  мектеп-лицейіне берілді. Кәсіптік техникалық ұйымдар арасында «Инновациялық колледж» аталымын Орал политехникалық колледжі жеңіп алса, «Мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Үздік шығармашыл ұжым» аталымы Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы №5 «Ертегі» бөбекжайына бұйырды. Сонымен қоса білім тақырыбын БАҚ-та үздік насихаттағаны үшін  «Қазақстан» РТРК» БҚОФ редактор-тележүргізушісі Алмагүл Жанпейісова мен «Орал өңірі» газетінің тілшісі  Гүлжамал Кенжеғалиева  марапатталды.

                                               Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале