22.09.2017, 16:37
Оқылды: 166

Тарихшылар Сырым батырға қатысты табылған тың дүниелерді  ұсынды

Азаттық туын алғаш көтерген айбынды қолбасшы, жаужүрек батыр, әйгілі шешен Сырым Датұлының 275 жылдығы облысымызда кең көлемде аталып өтуде. Батыр тойына еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушылар, ғалымдар мен өлкетанушылар арнайы келіп қатысуда.


Танымал сырымтанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың пікірінше, Сырым Датұлы хақында жарияланған деректер көп болғанымен, атқарылатын жұмыстар әлі ұшан-теңіз.

- Сырым Датұлы туралы зерттеулер халықтың жүрегіне толыққанды жетті деп айта алмаймын. Бүгінгі ғылыми айналымға Өзбекстан, Түркия елдерінің мұрағаттарындағы құжаттар әлі қосылған жоқ. Оларды іздеп табу – біздің тікелей парызымыз. Кейде біз Сырымды Нұралы ханға қарсы қоямыз. Нұралы хан арқылы қазақ мемлекеттілігінің негізі хандық басқаруға қарсы қыламыз. Ал шындығында ол хандық басқаруға қарсы болған жоқ. Олай болуы мүмкін де емес. Енді бір үлкен мәселе - Сырымды Есімнің өліміне байланысты кінәлау. Тағы бір қайта қарайтын мәселе бар, Есім өлгеннен кейін Сырымды біреулер Хиуа хандығына қарай қашып кетті дейді, болмаса біреулер өздігінен кетті дейді. Бұл да зерделенбеген мәселе. Бұдан басқа, сол кездегі елдегі азаматтардың қарым-қатынасы туралы мәселелерді де қайта қарауымыз қажет. Менің түсінігімде, сол замандағы би-батырлардың бәрі де Сырым көтерген тәуелсіздік туына адал болды, - дейді ғалым.

Облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сдықовтың айтуынша, Сырым Датұлының тұлғасына қызығушылық ешқашан бәсеңдеген емес, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейін еселене түсті:

-Сырым батырға қатысты тың деректерді жариялауда әлі де кеңестік тарихи мектептің әсері байқалады. Бұл қазіргі заманда қолдануға келіңкіремейтін терминологияны қолданудан немесе Сырымды Нұралы ханға, Қаратай сұлтанға қарсы қоюдан байқалады. Сондықтан Сырым батырдың тұлғасына қатысты әлі де зерттей-зерделей түсуді қажет ететін тұстар көп. Біздің алдымызда тұрған міндеттердің бірі – ҚР Сыртқы істер министрлігі және Үкімет арқылы Сырым батырдың жерленген жерінен алынған материалға ДНК зерттеу жүргізу, екіншісі – Сырым батырдың сүйегін өзінің туған жеріне әкеліп қайта жерлеу.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарихшылар Сырым Датұлына қатысты зерттеу жұмыстары барысында мұрағаттардан табылған тың дүниелерді де ұсынды. Олардың қатарында бабамыздың ұрпақтары Арынғазы хан мен Жүсіп Сырымұлы туралы деректер, Орынбор мұрағатынан табылған Сырым батырдың хаттары мен жеке мөрі бар.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале