9.12.2016, 17:25
Оқылды: 49

Тасқаладағы театрлар фестивалі мәресіне жетті  

 

theater_festЕл Тәуелсіздігіне 25 жыл, Тасқала аудандық халық театрына 10 жыл толуына арналған «Азаттықтың ақ таңы» халық театрларының аймақтық фестивалі өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған фестивальдің жабылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева қатысты.


 

Шара қорытындысы бойынша марапаттау рәсімін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықов, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы, «Шабыт» фестивалінің лауреаты Нұргүл Жұбатова және Ә.Қастеев атындағы алтын медаль иегері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев сынды қазылар алқасы жүргізді.

Марапау алдында сөз алған қазылар алқасының төрағасы М.Ахманов: «Бұл өткізіліп жатқан үлкен фестивальді байқаулармен шатыстыруға болмайды. Сондықтан бұл жерде жеңімпаз да, жеңілген де жоқ. Әр театр қойылымы мен сомдаған рөлдері және сахна безендірулеріне байланысты бағалап, әр түрлі номенациялар ұсынатын боламыз. Барлық театр ұжымдарының көрсеткен белсенділіктері үшін үлкен рахмет. Театр актері үшін қоғамдағы өзекті мәселелерді сахнада сомдап, халық қошеметіне бөленудің өзі үлкен баға. Осы орайда барлық театрлар да өз деңгейінде үздік өнер көрсетті», - деді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша, «Көрермен көзайымы» номинациясымен Жәнібек халық театрының «Жалған түс» драмасы, «Үздік режиссура» номинациясымен Жалпақтал халық театрының «Қара көзілдірікті келіншек» драмасы марапатталса, Сырым ауданының Бұлан халық театры «Нашақор» драмасымен «Үміт» аталымын иеленді.

Ақжайық аудандық халық театры сахналаған «Адасқандар» драмасы «Үздік қойылым» атауына ие болса, Сырым халық театрының «Шырмауық» қойылымы Тасқала аудандық халық театрының арнайы жүлдесін жеңіп алды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов атындағы сыйлыққа Қазталов халық театрының «Қызыл орамалды шынарым» драмасы лайық деп танылса, Атырау облысы Индер ауданының Ақжайық халық театры «Тірі жан»  драмасымен Қазақ ССР-нің мәдениет қайраткері Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы жүлденің иегері атанды.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» номинациясымен Қызылорда облысы Арал ауданының Аманөткел Мәдениет үйі жанындағы халық театры марапатталды. Аталмыш театр «Шын дос» әлеуметтік драмасымен көрермен қошеметіне бөленген болатын.

Жергілікті Тасқала аудандық халық театры «Хан Кененің арманы» тарихи драмасымен «Тарлан театр» номинациясының жеңімпазы атанды.

Марапаттан жекелеген актерлер де құр қалмады. Атап айтсақ, казталовтық Қайрат Абдулов «Үздік актер» атанды. Ал жалпақталдық қос актер Нұрбек Мұхамбетқалиев пен Шайзада Елжанова «Ең үздік ер адам рөлі» және «Ең үздік әйел адам рөлі» аталымдарына ие болды.

Театр ұжымдарына алғыс хаттарға қоса ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Рауан Сатыбалдиев

Тасқала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале