19.09.2019, 18:10
Оқылды: 119

«Тасада жүрген таланттар» атты кеш өтті

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ерекше кеш өтті. Дарыны жұртқа жария болмай, ауыл арасында, ел ішінде еленбей жатқан жандардың өнерін насихаттау мақсатында өткен концерт көпшілік көңілінен шықты.

tasadagy talant (11)

Аталмыш орталық директорының орынбасары Мәди Сабырұлының айтуынша, белгілі бір себептермен өнерден алыстап кетсе де, жүрек түбінде үміт отын өшірмеген, таланты талайды таңдай қақтырар жандарды көпшілікке таныстыру үшін Қадыр орталығы бірнеше ай бұрын «Тасада жүрген таланттар» жобасын қолға алған екен.

tasadagy talant (2)

 «Күні бүгінге дейін өз өнерлері туралы мәлімет жолдап, көпшілік алдына шығуға ниет білдірген жандарды концерттік бағдарламамызға шақырдық. Біз әр қатысушыдан жұлдыз жасап шығаруды көздемедік. Бастысы, талантты жанның жүрегіндегі өнерге деген махаббатты өшірмей, қасиетті өнердің кеудеде тұншығуына жол бермеу. Жастардың ортасына танылуы, өзін-өзі көрсетуі қиындық тудырмайтындықтан, бүгінгі кешке, негізінен, орта жастағы өнерлі жандарды жинадық», - дейді Мәди Сабырұлы.

tasadagy talant (13)

Кеш барысында Ақтоты Набиуллина, Ғадылгерей Жанаисов, Бауыржан Раянов, Орал қалалық көрме залының қызметкері Гүлнара Ахметова, Владимир Попов, Бауыржан Жұмалиев, Жанна Ұмтанова эстрадалық жанрда, Сырым ауданына қарасты Көздіғара ауылынан келген Мереке Сисенов және Теректі ауданы Талпын ауылының өнерпазы Ғали Қажығалиев баянмен тамылжытып ән шырқаса, Диана Асқарова есімді жас өнерпаз мың бұрала биледі. Исқазиев Ғибатолла ақсақал жүрекжарды жырларын тарту етіп, қылқалам шебері Ғиният Дауылбаев бірнеше картинасының тарихын тарқатып әңгімелеп берді. Негізгі мамандығы дәрігер болса да, қылқаламды жанына серік еткен Нұрлан Баировтың сахнада отырып салған графика жанрындағы суреті, шахмат үйірмесінің ұстазы Марат Махмұтовтың күмбірлетіп күй тартуы, Шыңғырлау ауданындағы спорт мектебінің самбодан жаттықтырушысы Қайсар Құсайыновтың Қадыр ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқуы мен қағытпа қалжыңы көрермендер тарапынан ерекше қошеметке ие болды.

Аяужан Кереева

zhaikpress.kz

tasadagy talant (1) tasadagy talant (3) tasadagy talant (5) tasadagy talant (6) tasadagy talant (7) tasadagy talant (10) tasadagy talant (12) tasadagy talant (14)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале