5.10.2020, 10:38
Оқылды: 434

Тау тұлғалы қайраткер

Соғыс! Бүкіл еліміздің әрбір адамының өмірін күрт өзгертті. Сол сұрапыл соғыста Отанымызды қасық қаны қалғанша қорғаған батырларымыз аз емес. Бүгінгі ұрпақ  солардың  есімдерін ұлықтап, ел алдындағы  өнегелі,  жарқын істеріне  ерекше мән беріп,  қадір тұтып өтуіміз керек.  Солардың бірі ерлігі ұрпақтарына өнеге бола білген, есімі тарихта қалған жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш  генерал-майор, ұлағатты ұстаз –Шәкір Жексенбаев.

OKHUezvdlUY

Шәкір Жексенбаев 1901 жылдың 28 ақпаныңда  Батыс Қазақстан  облысы, Орда ауданындағы  Шоңай ауылында дүниеге келген. Шәкір атасы Жексенбайдың қолында тәрбиеленген. Жастайынан зерек, алғыр болып өсуіне атасының  әңгімелері әсер еткен. Әкесі  Айтәлі  Жексенбаев -  шаруа бақташы, анасы Жәмиля Жексенбаева колхозда жұмысшы болған. 1908 жылы Шоңайда бастауыш мектепте сауат ашады. 1912-1917 жылдар аралығында Жәңгір хан атындағы мектепте жақсы оқығандығы жөнінде аттестаты сақталған. 1917-1919 жылдары педагогикалық курстың бірінші курсында тыңдаушы. Астрахан губерниясы, Орда қаласында 1918 жылы мамыр-қазан айларында Басқұншақ тұз өндірісі басқармасында жұмысшы одағының қызметкері болып, ал қазан айынан бастап жұмысшы, шаруа, Қызыл әскер Атқару комитетінің депутаты Бөкей облысы бойынша 1919  жылдың 20 маусымына дейін Атқару Комитетінде хатшы болған. 1919 жылы әскерге шақырылған. Бөкей облысында  құрылған қазақтың  1-ші атты  әскер эскадронына алынады. 1919  жылы эскадрон Орынбор қаласына көшіріліп, Шәкір Жексенбаев та  Орынборға келеді. Борисоглебскідегі Совет Кавалерия  курсына  коммисариат арқылы курска барып, оны 1920 жылы аяқтап, «Қызыл командир» атағы беріледі.  Кейіннен әскер дивизиясында эскадрон командирінің көмекшісі   қызметіне тағайындалады.

1920  жылдың 25 тамызында жұмысшы- шаруа  Қызыл армиясы  бас штабының  Академиясына  оқуға қабылданып,1924 жылға дейін осы аталған оқу орнында алғыр оқып, сол жылы М.В.Фрунзенің қолынан  жоғарғы білімді командир деген куәлік алған.   Академияны аяқтаған соң  Приволжьенің 34 атқыштар дивизиясы  құрамындағы  100-ші атқыштар полкінің рота командирі болып тағайындалады. Екі дүниежүзілік соғыс кезінде Батыс бағыт, ОрталықБрянскЛенинград майдандарында жоғары командалық қызметтерде болды. 1924 – 41 жылдары Қызыл Армия бөлімдерінде, Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясының әскери-химия басқармасында, Қиыр Шығыс ерекше армиясында жауапты қызметтер атқарды. 1945 – 49 жылдарда К.Е. Ворошилов атындағы химия шабуылдан қорғану әскери академиясының кафедра меңгерушісі, Кеңес Армиясы химия әскерлер басқармасы бастығының қару-жарақ жөніндегі орынбасары, Беломор әскери округінда химия қызметінің бастығы, 1949 – 58 жылында В.В. Куйбышев атындағы Әскери-инжинерлік академияның кафедра бастығы, аға оқытушысы қызметтерін атқарды. 1958 жылы еңбек   демалысына шығады.

Шәкір Жексенбаев өмірінің соңына дейін 1926 жылы отасқан жары- Нина Ивановнамен бірге Мәскеу қаласында  бала –келіні Олег пен Вера, немересі Маринамен бақытты ғұмыр кешкен.

Көзі тірісінде Шәкір аға Ленин, төрт мәрте Әскери Қызыл Ту,  екі рет бірінші дәрежелі Отан Соғысы, «Қызыл жұлдыз»  ордендерімен марапатталған.

Шәкір Жексенбаев 1988  жылы 23 ақпанда дүниеден озды. Қазақ генералы Мәскеудегі Кунцево зиратында жерленген.

Бүгінгі күні Орал қаласындағы Зачаганск ауылының бір  көшесіне  Шәкір ағамыздың есімі берілді. Орда ауданындағы бұрынғы Искра орта мектебі қазір Шәкір Жексенбаев атында.

Өмір заңы  жылжып жылдар өтпей ме?

Өткен  күндер  ұмытылып  кетпей ме?

Ескерткіштер,  естеліктер арқылы,

Ата даңқы  жеткіншекке жетпей ме?

Өз Отанын жан тәнімен  сүйген, адамшылдықтың асқар шыңына жеткен жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш  генерал-майор, ұлағатты ұстаз –Шәкір Жексенбаевтың жарқын бейнесі, салып кеткен сара жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болмақ.

Ж.Срымова

                                                                              Батыс Қазақстан облыстық тарихи - өлкетану музейінің экскурсоводы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале