15.08.2018, 17:34
Оқылды: 28

Тауар белгісін заңсыз пайдаланған 9 кәсіпкер әкімшілік айыппұл төледі

Биылғы бірінші жартыжылдықта облыста интеллектуалдық меншік құқығын бұзып, халықаралық компаниялардың фирмалық атаулары мен тауар таңбаларын заңсыз пайдаланған 11 кәсіпкер анықталды. Олардың тоғызына облыстық әділет департаменті әкімшілік айыппұл салған. Бұл жайында облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында өткен жиында аталған департамент басшысының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов айтты.

– Әлемдік тәжірибеде интеллектуалдық меншік мұқият қорғалады. Жергілікті кәсіпкерлер бұған салғырт қарайды. Мәселен, кейбір алыпсатарлар шетелдік компаниялар өкілдерінің келісімінсіз авто бөлшектерді саттыққа шығарады. Құқық иегерлері заңсыз саудаға тыйым салуды өкілетті құрылымдардан міндетті түрде талап етеді. Былтыр «UEFA» футбол клубының жейдесі, «Маша мен аю» мультфильмі, «Lipton» шәйін шығаратын компаниялардың өкілдері арыз түсірді.  Сауда нүктелерінде бренд болып қалыптасқан тауар таңбаларын заңсыз пайдаланып, кәсібін дөңгелетем деу дұрыс емес. Интеллектуалдық меншік құқығын қорғау бағытында еліміздегі өкілетті құрылымдар қолға алынатын шараларды күшейтуде. Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумының жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде кейбір индикаторлар бойынша позициясын жақсартқанымен, әлі күнге жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе қоймады, – деді Хамидолла Құсдәулетов.

Айта кетейік, облыстық әділет департаментінің өкілдері облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өзге өкілетті құрылымдармен дөңгелек үстелде бас қосып, кәсіпкерлерге зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесіне қатысты заң талаптарын түсіндірді. Жиынға қатысқан облыстық ішкі істер департаменті криминальді полиция басқармасының жедел уәкілі О.Шүйіншәлиевтің мәліметінше, биылғы ақпан және мамыр айларында «Контрафактпен күрес» жедел профилактикалық іс-шаралары өткен. Нәтижесінде ақпарат және байланыс саласы мен авторлық және сабақтас құқықбұзушылыққа қатысты 18 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 15-і ҚР Қылмыстық кодексінің 198-бабы 2-бөлігіне (автордың немесе өзге құқық иеленушiнің құқықтарына немесе заңды мүдделерiне елеулі зиян келтiру не осы әрекетті бірнеше рет жасау), үшеуі аталған кодекстің 399-бабына (ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, иемдену, өткізу, пайдалану) қатысты. Аталған құқықбұзушылық деректері сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне енгізіліп, заңсыз айналымдағы DVD диск, бейнекамералар және арнайы техникалық құрылғылар тәркіленді. Жергілікті полиция қызметкерлері белгінбеген орындарда сауда жасағандарға қатысты 18 әкімшілік хаттама толтырған. Контрафактінің алдын алуға қатысты жедел алдын алу шаралары тоқсан сайын өтеді.

Басқосуда Хамидолла Құсдәулетов қазіргі уақытта авторлық және сабақтас құқықты қорғау құзіретін әділет құрылымдарына қайтару мәселесі құзырлы органдар тарапынан талқыланып жатқанын, сондықтан зияткерлік меншік құқығын заңсыз иемденуді қадағалау күшейе түсетінін хабарлады.

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале