24.03.2017, 17:16
Оқылды: 64

Тазалық айлығы басталды

Қала әкімдігінің 2017 жылғы 17 наурыздағы №828 қаулысына сәйкес,  2017 жылдың  25 наурыз, 1, 8, 15, 29 сәуір күндері қаланы абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бойынша сенбілік күндері деп белгіленіп, алдағы тазалық айлығында атқарылатын жұмыс жоспарлары жасақталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының алаңында өткен баспасөз брифингінде айтылды.


Брифингке  Орал қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің абаттандыру секторының меңгерушісі Мирас Мүлқай, Орал қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы Данияр Рақышев,  Орал қаласының бас архитекторы Темірболат Шәкіржанов қатысып, алдағы атқарылатын жұмыстар турасында жоспарларымен бөлісті.

- Орал қаласының әкімдігі жыл сайын қала аумағының тазалығы мен абаттандырылуы  үшін тазалық айлықтарын жариялап, сенбіліктер өткізеді. Осындай мақсатта өткен жылы сәуір, мамыр, тамыз, қыркүйек және қазан айларында сегіз  рет сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына және қаланы көгалдандыруға 30 696 қала тұрғыны атсалысып, 618 мекеме жұмылдырылған болатын. Сондай-ақ  Оңтүстік, Алмазов, Некрасов, Мөңкеұлы көшелері мен Зашаған ауылында, Еуразия даңғылында 6746 түп,  ал Еуразия көшесі мен Тәуелсіздік көшесінен Жұлдыз шағынауданына дейін 500 түп түрлі  көшеттер отырғызылды.  Сенбілік уақыттарында 6022 ағаш әктелді.  Биыл да осы дәстүр жалғасын тауып, қаланы көгалдандыру жұмыстары атқарылатын болады. Тазалық айлығы кезінде қалалық және аулаішілік аумақтарда көшеттер отырғызу, балалар аулалары мен спорттық алаңдарды жөндеу, шағын архитектуралық мүсіндерді сырлау секілді бірнеше жұмыстар жоспарлануда.  Оның ішінде  биылғы жылы 17 ауланы абаттандыруға 500 млн. теңге, екі тынымбақты жөндеуге және абаттандыруға 160 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. Барлық қала тұрғындарын сенбілік жұмыстарына белсене араласып, қала тазалығын сақтауға шақырамыз, - деді Мирас Мүлқай.

Ал өз кезегінде Орал қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы Данияр Рақышев қала немесе елді мекен аумағында тазалық ережесін бұзғандар, инфрақұрылым объектілеріне, ағаш көшеттеріне зиян келтіргендер әкімшілік жауапқа тартылатындығын атап өтті. Заңбұзушылық жасаған жағдайда ҚР Әкімшілік кодексінің 505-бабына сәйкес  жеке тұлғалар 20 АЕК (45380 тг), шағын кәсіпкерлік субьектісі немесе коммерциялық емес ұйымдар 30 АЕК (68070 тг), орта кәсіпкерлік субъектісі 40 АЕК (90760 тг), ал ірі кәсіпкерлік субъектісі  100 АЕК (226 900 тг) көлемінде айыппұл төлейді. Айталық, өткен жылдың 12 айында Орал қалалық ЖПҚ қызметкерлерінің қатысуымен 1 114 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде  1075 адамға ескерту жасалған.  Осы уақытқа дейін 1 млн. 338 мың 351 теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдың  596001 теңгесі өндірілген.

Бұдан кейін Орал қаласының бас архитекторы Темірболат Шәкіржанов қала аумағындағы және автокөлік  жолдары бойындағы сыртқы жарнамалар, сондай-ақ заңсыз орнатылған жарнамалар турасында ақпараттармен бөлісіп, қала аумағын көркейту және ғимараттардың сыртқы пішіндерінің үлгілік жұмыстары тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесіп атқарылатынын жеткізді.

Жиын соңында спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Суретті түісрген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале