12.06.2017, 11:17
Оқылды: 75

Театр ЭКСПО-2017 көрмесіне қос спектакль апарады

Kazak drama teatri 01   Облыстық қазақ драма театры Астанада ашылған халықаралық EXPO-2017 мамандандырылған көрмесінде көрермендер назарына екі спектакль ұсынбақшы.


   Театр ұжымы 31 маусым және 1, 2, 3 тамыз күндері  Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында көне грек драматургі Еврипидтің «Троя аруларын» (аударған ақын Қайрат Жұмағалиев) және жақында ғана премьерасы өтіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген белгілі башқұрт қаламгері Флорид Буляковтың шығармасы бойынша қойылған «Қысқа ғұмыр» (аударған театр актрисасы Эльмира Мақашева) атты мұңды комедиясын сахналамақ.

   Күллі әлемнің назарын аударып отырған шара кезінде өнер сүйер қауым тамашалай алатын қос қойылым да - театр репертуарынан тұрақты орын алған, тәрбиелік мәні бар спектакльдер. «Троя арулары» спектаклі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Атап айтқанда, осы қойылым үшін театр алдымен 2015 жылы Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты ХVІІ халықаралық антикалық өнер фестивалінде  бас жүлдені жеңіп алған болатын. Оған қоса Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева «Ең үздік әйел бейнесі үшін» аталымын иеленген еді. Содан кейін Македонияның Велес қаласында өткен «Стоби - 2016» антикалық драма театрларының ХV халықаралық фестивалінде де театр бас жүлдені, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов «Ең үздік режиссура», Гекуба бейнесін сомдаған Бибігүл Исалиева «Ең үздік әйел образы» аталымдарын еншіледі. Бұл қойылымды көрермендер әдеттегідей залда емес, сахнада отырып тамашалайды.  Сондықтан трагедияның жан түршігерлік оқиғалары олардың дәл көз алдында өтіп, ой салады.  Қойылымның режиссері Қуандық Қасымов болса, қоюшы суретшісі - ҚР Суретшілер одағының мүшесі, БҚО Суретшілер одағы филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев.

         «Флорид Буляковтың «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясы  -  философиясының тереңдігімен, адам баласына берілетін ғұмырдың әр күні мен сағатын соңғы деп қабылдап, соған сәйкес қимылдап, сауап жинап қалуға баулитындығымен құнды. Режиссер мен суретшінің қолданған әдістері, әсем әуенмен көркемделуі, актерлардың кейіпкерді шынайы бейнелеуі көрерменді толғантып, ой салары анық.  Қойылымның режиссері   Самал Әбуов, қоюшы суретшісі Мұрат Мәмбетов.   Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бұл қойылымдары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленеді деген ойдамыз», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне театрдың көркемдік жетекшісі Бибігүл Мақсотқызы.

Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале