9.01.2017, 11:44
Оқылды: 91

Театр қайраткері Құжырғали Төлеуішевтің 70 жылдығы аталып өтілді

kyjirgali           Облыстық қазақ драма театрында елге танымал мәдениет саласының ардагері, осы театрды жиырма жылға жуық басқарған қайраткер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құжырғали Төлеуішевтің 70 жылдығы аталып өтілді.


         Көршілес Атырау облысы қазіргі Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылында (Сүйіндік, Балқұдық ауылдары 1952 жылы қазақ жері Капустин Яр мен Азғыр полигонына берілгенге дейін Орда ауданының қарамағында болды) 1947 жылы дүниеге келген Құжырғали Төлеуішев Орал педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын облыстық телеарнада диктор болып бастады. 1974 жылы Маңғыстау облысына қоныс аударып, облыстық атқару комитеті мен партия комитетінде лауазымды қызметтер атқарды. 1984 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды. Кейін Атырау мен Маңғыстау облысы біріктірілген кезде де осы қызметті абыроймен атқара білді. 1993 жылы Орал қаласында ұзақ уақыт үзілістен кейін облыстық қазақ драма театры қайта ашылғаны белгілі.

Міне, осы қара шаңыраққа жетекшілік ету жөнінде ұсыныс түскен кезде Құжырғали Төлеуішев елге оралуды жөн көрді. Сөйтіп 1996 жылдан жиырма жылға жуық уақыт бойы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрын басқарып, оны биік белестерге көтере білді. Қазақ театрының ғимараты Оралдың қақ ортасынан салынған кезде оның басы-қасында болды. Театр республика қалаларында өнер көрсетіп қана қоймай, шетелдерге де гастрольдік сапарға шығып, режиссерлер мен әртістердің шеберлігін шыңдауға жағдай жасалды. Әсіресе, театр репертуарының жаңаруына барынша мән берілді.

Бұл ретте директордың өзі де көптеген пьесаны қазақ тіліне аударып, сәтті спектакльдер қойылды. Мысалы, «Калигула» спектаклі үшін театр режиссері Мұқанғали Томанов Ақтау қаласында 2008 жылы өткен ХVІ республикалық театрлар фестивалінде «Ең үздік дебют» аталымына ие болды. Ал Григорий Гориннің «Атың өшкір Геростратын» қойған (режиссері М.Томанов) театр 2012 жылы Қостанай қаласында өткен Ілияс Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалінде айды аспанға шығарып, сегіз аталымның жетеуін иеленіп қайтты. Салтанатты шара барысында Құжырғали Төлеуішевтің Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының мәдениет саласына сіңірген еңбегі ерекше екендігі айтылды. Кеш иесінің тағы бір қыры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде көкейкесті мәселелерді көтеріп, мерзімді басылымдарға мақала жазуға да уақыт табады.

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов Қ.Төлеуішевтің Оралдағы қазақ театрының аяғынан тік тұруына қосқан үлесі мол екендігін атап өтіп, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхатын табыс етті. Сондай-ақ Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанов, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрынан арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков, астаналық режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрының директоры Берік Жәменов шынайы тілектерін жеткізді. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, театрдың көркемдік жетекшісі Бибігүл Исалиева, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Әсел Мәмбетова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Марат Сарбөпеев, мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев әуелете ән шырқады. Оған қоса Қ.Төлеуішев тәржімалаған туындылар бойынша қойылған спектакльдерден үзінділер көрсетілді. «Өзім театрмен біте қайнасып кеткендіктен, зейнетке шықсам да, онымен жаным бірге деп айта аламын. Жылдар бойы аударған дүниелерім екі томға жетіп қалады. Сонымен қатар өзекті тақырыпқа пьеса жазып жүрмін. Осының бәрі кітап болып, баспа жүзін көрсе деймін», деді Қ.Төлеуішев.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале