5.03.2020, 16:59
Оқылды: 149

«Театрдың ғажайып әлемі»

  Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Театрдың ғажайып әлемі» атты театр өнерінің облыстық фестивалі өтті.

teatr 1

Шараның негізгі мақсаты – балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастырып, өскелең ұрпақты театр өнері мен сахна мәдениетіне баулу, актерлік қабілетін шыңдауға, өзін-өзі танытуға мүмкіндік беру.

Фестивальда Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Тасқала, Теректі, Казталов, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласының мектептерінен 112 оқушы бақ сынады. Олар «Драмалық спектакль», «Музыкалық спектакль» (опера, оперетта, мюзикл, данс-спектакль), «Әдеби-музыкалық композиция», «Қуыршақ театры» секілді бірнеше жанр бойынша өнер көрсетті.

teatr 3

Әділқазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені «Мәншүк. Песнь о Маншук» (авт. М. Бегалин, А. Кончаловский) деп аталатын драма жанрындағы қойылымды сахналаған Орал қаласындағы А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының оқушылары жеңіп алды. Д. Исабековтің «Құстар фестивалі» музыкалық қойылымын ұсынған Жәнібек ауданындағы №1 мектеп-лицейінің өнерпаздары бірінші  орынды иеленді. Екінші орын Сырым аудандық  балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы (М. Жұбанова, А. Сарғозиева, «Достармен мәңгі бірге» музыкалық қойылым) мен Орал қаласындағы Д. Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясына  (С. Досанов, «Тозақ шеңбері» драмасы) бұйырды. Ал Ақсай қаласының №1 мектеп-балабақшасы кешені  (М. Әуезов «Абай жолы» Абай мен Тоғжан драмасы) мен М. Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернаты (А. С. Пушкин, «Письмо Татьяны к Онегину»  драмасы), дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің балғын әртістері (Ә. Оразбеков, «Бір түп алма ағашы» драмасы) үшінші орынды өзара бөлісті.

teatr 4

Бұдан бөлек актерлік шеберлігімен көзге түскен оқушылар  «Үздік әртістік бейнені сомдау», «Үздік әйел адамның рөлі», «Үздік ер адамның рөлі», «Үздік сахналық костюм», «Үздік екінші пландағы рөл», «Үздік хореография», «Үздік орындаушылық шеберлік» аталымдарымен марапатталды.

Ләззат Шағатай

Суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале