30.03.2017, 22:22
Оқылды: 82

Тікелей эфирде - "Әкім сағаты"

IMG-20170330-WA0041"Қазақстан-Орал" телеарнасының тікелей эфирі арқылы облыс әкімі Алтай Көлгінов жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. "Әкім сағаты" деп аталған бұл хабар сондай-ақ телеарнаның сайты мен facebook желісінде де көрсетілді.


Хабар басында өңір басшысы кеше облысымызға келген ҚР Премьер-Министрі бастаған үкіметтік делегацияның сапары, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында баяндап өтті.

Әкімге сұрақты бірінші болып Қазталов ауданындағы 'Мүсілім' шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Тайғарин жолдады. Оның сауалына қарағанда, ол және өзге де шаруашылық өкілдері 'БатысМарқаЛамб' ЖШС-ға қозыларын етке тапсырған. Алайда әлі күнге дейін кәсіпорын басшылығы малдың ақысын төлемеген. Соған шаруалардың атынан жәрдемдесуін сұрады.
-Әрбір кәсіпкер өз жауапкершілігін түсінуі керек. Серіктестік басшылығының бұл әрекеті дұрыс емес. Мен осы мәселені өзіме жазып алдым. Міндетті түрде айналысатын боламыз,-деді Алтай Сейдірұлы.

Ал телефон арқылы облыс басшысына тікелей сауалын қойған Ақжайық ауданының шаруасы Марлен Досқалиев шауруашылығының меншігіндегі жерді кеңейтуге көмек сұрады. Әкім бұл мәселені де өзіне жазып алып, аудан басшылығына тапсыратынын, мәселе шешілетінін айтты.

Орал қаласының тұрғыны Асылбек Махатов Орал-Атырау темір жолын тарту, жылу тарифін төмендету жайттарына орай тиісті жауабын алды.

Тікелей эфир барысында негізінен аудан-ауылдарға су, газ тарту, жол салу бағытында сауалдар жолданды. Сондай-ақ тұрғын үй, жер кезегі, қоғамдық көлік жайлары да назардан тыс қалған жоқ. Әкім қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.

Жалпы 1,5 сағатқа жоспарланған хабар 1 сағат 50 минут болды. Осы уақыт аралығында Call-орталыққа 150-дей сұрақ келіп түсті. Оның бәріне жауап беруге уақыт мөлшері көтермесі анық. Сол себепті облыс басшысы жауап беріп үлгермеген сауалдар облыс әкімі аппаратына жолданып, әр сұрақ иесіне тиісті жауаптар берілетіні айтылды.

Сəкен Əбілхалықов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале