29.03.2019, 9:37
Оқылды: 31

Апатқа ұшыраған тікұшақта болған батысқазақстандық капитан Сырым Мәсәлім бала кезден ұшқыш болуды армандаған

27 наурыз күні Қызылорда облысында апатқа ұшыраған МИ-8 тікұшағының экипаж құрамында  батысқазақстандық капитан Сырым Мәсәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырым Мәсәлім

Сырым ауданы Аралтөбе орта мектебінің директоры Бекет Қабасовтың айтуынша, Сырым Мәлкейұлы 1989 жылы 11 желтоқсанда Аралтөбе ауылында дүниеге келген.

Бала кезден ұшқыш болуды армандаған ол 2007 жылы мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына оқуға түсті. Институтты 2011 жылы тәмамдағаннан кейін Ақтау қаласындағы әскери бөлімде қызмет атқарды. Марқұмның артында жары мен үш жасар ұлы қалды. Ата-анасы Орал қаласында тұрады.

«Сырым байсалды еді. Кішкентайынан спортқа бейім болды. Күрес, волейболмен шұғылданатын. Біз оны ұмытпаймыз. Мектепте де еске алу шараларын ұйымдастыратын боламыз», деді Б.Қабасов. Марқұмның Оралда тұрып жатқан ата-анасына қала әкімі Мұрат Мұқаев барып, облыс басшысы атынан көңіл айтты.

Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, капитан Сырым Мәсәлімнің жерлеу шараларын әкімдік өз мойнына алатын болады. Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады.Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болған. Барлық экипаж мүшесі -  13 адам қаза тапты.   Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдері мен фотосуреттерін жариялады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале