12.12.2019, 10:10
Оқылды: 167

Тіл мәселесі айтылды

«Атамекен» ҚР ҰКП облыстық филиалында көрнекі ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту және өзара түсіністікке ықпал ету мақсатында «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

seminar (3)

Бұл облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде ұйымдастырылған төртінші басқосу болды. Ол «Табысқа ұмтыл» деген тренингпен басталды. Семинар жұмысына облыстық тілдерді дамыту басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, әділет департаменті, қалалық әкімдік, Орал қалалық прокуратурасы, мемлекеттік кірістер департаменті, «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының, мәдениет және тілдерді дамыту мен сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Шараны жүргізген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның сөзінше, жыл басында басқарма мен палатаның арасында өзара ынтымақтастық меморандумы жасалған. Осы аралықта  басқарма 2 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанға түрлі бағытта, яғни жедел желі, уатсап мессенжері және рейд жүргізу арқылы әдістемелік көмек берген. Соның ішінде 908 сыртқы жарнамадан кеткен қате жазуды жою үшін түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Айгүл Әділгерейқызы қай саланың болсын басшысы не қызметкері мемлекеттік тілде қызмет көрсетіп, оның мәртебесін арттыруға көңіл бөлу қажет екенін баса айтты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Мақсотовтың айтуынша, палата бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғаумен қатар, оларды мемлекеттік тілге оқыту курстарын ұйымдастыруды да жүзеге асырады. Онда кәсіпкерлерге көшелердегі жарнамалардың және  кәсіпкерлік нысандарындағы мемлекеттік тілде жазылған, көрсетілетін барлық жұмыстар мен ұсыныстардың тиісті талаптарға сәйкес, іс қағаздардың қатесіз, сауатты жазылуы бойынша кеңестер беріледі. Өткен 11 ай ішінде палатаға кәсіпкерлер тарапынан 175-тен астам өтініш түскен екен. Соның 1,3 пайызы ғана мемлекеттік тілді бизнес нысандарында қолдануға, үйренуге, сыртқы жарнамаларды дұрыс орналастыруға бағытталған.

Шарада сөз алған Орал қаласының прокуратурасы бөлімінің прокуроры Әсел Зайдуллина жарнама мәтіндерінің сауатты жазылуына аса жауапкершілікпен қарауды ұсынды. Ал облыстық әділет департаментінің ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімінің маманы Гауһар Жұмағалиева «ҚР тіл туралы» заңның орындалуы баршаға ортақ екенін атап өтті. Өз сөзінде аталмыш заңның 21-бабының талаптары мен ҚР ӘҚБтК-тің 75-бабының санкцияларына тоқталды. Көрнекі ақпараттарды жариялау кәсіпкерлік кодекспен де реттелетінін еске салды.

Шара барысында қала тұрғыны, ҚР Журналистер одағының мүшесі, тіл жанашыры Нұрлан Сәдір банктердегі мемлекеттік тілдің қолданылуын сын сүзгісіне алды. Әсіресе клиенттерге талондардың ресми тілде берілетінін, қазақша есімдерді қате, тіпті қазақша әріптердің белгілермен таңбаланатынын, несие рәсімдегенде беретін келісімшарттардың орысша рәсімделетінін атап өтті. Сондай-ақ банк қызметкерлері алдына келген клиенттен қай тілде қызмет көрсету керектігін сұрамайтынын да сынады. Жалпы басқосуда аймақта мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын сақтауда бірлесе жұмыстар жүргізу, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі мәселелер талқыланды. Шара соңында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы ұсыныс-пікірлер қабылданды. Әсіресе қазақ тіліне деген сұранысты арттыру қажеттігі айтылды. Ал бұл әр адамда мемлекеттік тілге деген азаматтық ұстанымы болуын талап етеді.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале