21.02.2018, 12:35
Оқылды: 94

Тілдік құзырет бәсекеге қабілеттілікті арттырады  

 

IMG_6774   Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді оқытудағы тілдің ролі» тақырыбында ІІ аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Оған облысымыздағы жалпы орта білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік колледждердің, жоғары оқу орындарының педагогтары қатысты. Қазіргі таңда білім беру саласында үш тілді оқыту процесі басталғандықтан, аталмыш конференция әдістемелік тұрғыдан педагогтардың сұранысына сәйкес болып отыр.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз алған мектеп басшысы Тимур Нұркешов конференцияның мақсаты - білім мазмұнын жаңарту шеңберінде тілдік саясатты қолдау үшін жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді екінші және үшінші тілде оқытудағы өзекті мәселелерді талдау, мұғалімдердің CLIL әдісін қолдану тәжірибесімен бөлісуге жағдай жасау және Назарбаев зияткерлік мектебін аймағымыздағы практик-мамандардың тілдік саясатты қолдауға қатысты ойлары мен тәжірибесін бөлісу алаңына айналдыру екенін айтып өтті. Сондай-ақ жаңартылған білім беру бағдарламасының өзекті мәселелерінің бірі оқытудың жаңа әдістерін пайдалана отырып, оқушының болашақ мамандығына байланысты терең пәндік білім беру және олардың сауатты тілдік құзіреттіліктерін арттыру екендігіне тоқталды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері ашылған 2008 жылдан бері 10 жылдың ішінде Пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісі (CLIL) еліміздің зияткерлік мектептерінде, одан әрі қарапайым мектептердің білім беру салаларында қолданысқа енгізілуде» деді мектеп директоры.

Одан әрі пленарлық мәжілісте Орал қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Л. Обыденкина «Мұғалімнің тілдік дайындығы оның функционалдық сауаттылығының құрмадас бөлігі ретінде», «Өрлеу» БАҰО облыстық филиалының аға оқытушысы А. Мұхашева «Үштілділік саясатының Қазақстан Республикасында енгізілуі», Атырау қаласындағы зияткерлік мектептің мұғалімі Г. Жанбулатова «Химия сабақтарында пән мен тілді кіріктіріп оқыту», Орал қаласындағы зияткерлік мектеп директорының ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары Г.Нагибова «CLIL мұғалімнің кәсіби біліктілігі», аталмыш мектептің тілдер координаторы Б. Сегізбаева «Пән мен тілді кіріктіру тәжірибесіндегі тілдің рөлі», осы мектеп педагогтары Г.Кариева мен Ә.Сахиева «Оқушылардың жоғары деңгейде ойлау дағдыларын CLIL сабақатарында дамыту» және ағылшын пәні мұғалімі Л.Гумарова «Үштілділік саясатын жүзеге асырудағы CLIL әдісінің рөлі» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Әрі қарай конференция секциялық отырыстарда жалғасты. Мұнда қатысушылар пәндерді кіріктіріп оқытудағы тілдік қолдау, академиялық тілді дамыту, CLIL әдістерін қолдану, скаффолдинг тәсілін пайдалану, терминдерді ағылшын тілінде оқыту секілді мәселелерді қарастырып, тәжірибе барысында  қандай нәтиже жетуге болатынына көз жеткізді.

Конференция соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, ұсыныстар қабылданды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта конференция материалдары жинақ болып басылып шықпақ.

Орал қ. НЗМ баспасөз хатшысы

Ақмоншақ Жұмаева

IMG_6880 IMG_6774 IMG_6813 IMG_6781

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале