24.02.2020, 14:45
Оқылды: 304

Тимур Ажығалиев: «Президенттік жастар кадр резервіне өткен соң жоғары лауазым ұсынылды, бірақ әбден шыңдалғасын жауапты қызметке барғым келеді»

WhatsApp Image 2020-02-24 at 11.39.13

Орал қалалық №5 емханасының директоры Тимур Ажығалиев президенттік жастар кадрлық резервіне талапты жастар қол жеткізуіне кедергі жоқтығын айтты. «Көпшілік кадр резервіне іріктеудің әділ өтетініне күмән келтірді. Мұндай талап үдесінен шығу «лауазымдылардың ықпал етуімен ғана болады» деген қасаң қағида қалыптастырып алған. Резервтен өтуге құжат тапсыру prezerv.kz сайты арқылы жүзеге асты. Мен үйде отырып, іріктеуге өтініш қабылдау басталғанда, автоматтандырылған онлайн-платформа көмегімен қажетті құжаттарды жолдадым. Тестілеуден өткен соң, іріктеудің соңғы екі кезеңінде ғана Нұрсұлтан қаласына бардым», – дейді Тимур Әжіғалиев.

Дәрігер маман М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған. Ол шетелдегі жоғары оқу орындарында білім сапасы жақсы екенін көбі айтатынын, бірақ еліміздегі университеттерде қанаттанған түлектердің біліктілігі де мығым болатынын тілге тиек етті. Ең бастысы, маман бастапқы деңгейінде тоқтап қалмай, қарым-қабілетін ұштай білуі тиіс. Президенттік жастар кадр резервінен өткендерге шетелден тегін білім алуына мүмкіндік туатынын естіген Тимур Рапхатұлы құжат тапсыруға белін бекем буған.

– Алғашқы еңбек жолымды Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы ауруханада хирург ретінде бастадым. Алғашында шалғай ауылға жолдама берілгеніне көңлім толмады. Жоғары оқу орнын үздік бағамен тәмамдадым. Кейін Бәйтерек аудандық ауруханасында қызмет еттім. Мұндай қызмет сатысынан өту – еңбек тәжірибесін жинауыма, маман болып ысылуыма негіз болғанын түсініп отырмын. Президенттік жастар кадр резервіне өтсем деген мақсатыма қол жеткіздім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев резервте тұрғандарға зор міндет жүктеп, әсіресе, медицинада мамандардың тұрақтап қалуына назар аудару керектігін айтты. Енді маған артылған сенім үдесінен шыға білуім – міндет. Президенттік жастар кадр резервіне өткен соң лауазымы жоғары қызметтер ұсынылды. Бірақ дәрігерлік мамандыққа әбден төселіп, шыңдалып, біліктілік талаптарын орындап барып, жауапты қызметке кірісуді ойлап, төменгі лауазымнан бастауды жөн көрдім», – деді Тимур Ажығалиев. Кадр резервіне өтердің алдында білікті маман бір жылдан астам облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары қызметін атқарған. Таяуда Орал қалалық №5 емхана директоры қызметіне ауысты. Тимур денсаулық саласындағы олқылықтармен, күрмеулі мәселелермен таныс екенін айтты.

– Мен қалада өстім. Бұған дейін аудандарда аялдаған емеспін. Бөкей ордасында еңбек еткен кезімде тұрмыстық мәселелер алдымнан шықты. Сайқын ауылы ол кезде газдандырылмаған еді. Үйді пешке отын салып, жылытатынбыз. Автожол мәселесі өзекті екені белгілі. Орал қаласынан қатынағанда, көктемгі лайсаңда 28 сағат жол жүргеніміз есімде. Медициналық көмекке мұқтаж адамдарға қалаға барып емделу қиын болатынын түсініп, алдыма келген науқастарға қолымнан келгенше жәрдем беретінмін. Басқа да мамандарға осындай жерде шыңдалып шығуға кеңес беремін. Тұрмыстық түйткілді өз көзімен көргені абзал. Аудандық ауруханаға жаңа жабықтар жеткізілген. Бірақ білікті дәрігерлер тұрақтамай жатыр. Сондықтан жас мамандарды баспанамен қамту өте өзекті. Сайқында екі жыл еңбек еттім, – деді Тимур Ажығалиев. Ол денсаулық саласында мамандардың тұрақтамауына қатысты мәселені министрлік назарда ұстап отырғанын айтты. «Медициналық қызметкерлердің 85 пайызы әйел адамдар. Олардың көбі бала күтіміне байланысты ұзақ мерзімді демалысқа шығады. Соған байланысты жұмыс орындары босап, мамандар жетіспеушілігі анық байқалып отыр. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде міндетті әлеуметтік медциналық сақтандыру жүйесін дамыту міндеті алға қойылды. Қымбат саналатын медициналық қызметтер халыққа қолжетімді болуда. Осы бағыттағы жұмысты ширату керек», – деді Тимур Рапхатұлы.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Суреттің авторы әрі өңдеуші Эльвира Меңдіғали

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале